Жарнама
ЖаңалықтарШаһар шырайы

Артық төленген ақша бұл үшін қатаң жауапкершілік сұралады

Жазда болған нөсер жауын салдарынан үйлері суға кеткен кейбір тұрғындардан Атырау қалалық мәслихатына шағымдар көптеп түсуде. Осыған орай, мәслихат арыздарды тұрақты комиссиясында қарау үшін жұмыспен қамту және әлеуметтік мәселелер бөлімінен кімге, қанша қаражат берілгені туралы мәліметті сұратқан. Алайда, аталмыш мекеме тарапынан қажетті ақпарат берілмеген. Бұл туралы тұрақты комиссияларының біріккен отырысында белгілі болды.

%d0%ba%d1%83%d0%b4%d0%b0-%d1%83%d0%bf%d0%bb%d1%8b%d0%bb%d0%b0-%d0%bc%d0%b0%d1%82%d0%bf%d0%be%d0%bc%d0%be%d1%89%d1%8c-840x420

Алайда, Атырау қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік мәселелер бөлімі басшысының орынбасары Рая Оралова бұл жолы да мәслихат сұратқан ақпаратты бере алмауының себебін түсіндіре алмады. Мәслихат хатшысы Қанат Әзмұхановтың айтуынша, заңдылық бойынша, жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдардың лауазымды адамдары тұрақты комиссияларға олардың құзыретіндегі мәселелер бойынша қажетті мәлімет беруге міндетті. «Бүгінгі орын алған жағдай аталмыш мекеменің бұқара алдындағы жабықтығын көрсетеді.  Бұл тізімді сайтқа салып, ғаламторда жариялап, халық алдында ашық көрсетуге болатын еді. Мемлекеттік қызметшілердің бақылауда болуы, есептілігі және ашықтығы заңмен белгіленген. Бұл – Елбасының қойып отырған басты  талабы», — дейді ол.

Халық қалаулысы Мұса Хайруллиевтің сайлаушылармен кездесуінде қала тұрғыны Шоқан Хамзиннің атынан арыз түскен. Оған жауын салдарынан үйінің суға кетуіне байланысты материалдық көмек ретінде бес миллион теңге бөлінген. Яғни, заңмен белгіленген мөлшерден тұрғынға екі миллион теңге артық төленіп, жергілікті бюджетке залал келтірілді. «Арызданушы – зейнет жасындағы адам. Ол берілген қаражатқа үйін салып алған. Артық берілген соманы қайтаратын жағдайы  жоқ. Қаражатты бөлген басшының қолы да қойылған. Ал, сіздер артық берген қаражатты қайтаруды талап етіп отырсыздар. Ескерту хатын да жіберіпсіздер, соның салдарынан  ол жүрек ауруына шалдығып отырғанын айтты. Ол кісінің қандай жазығы бар, қателік – сіздерден» дейді депутат. Жауапты орган өкілдері сол уақытта арыз-шағымның көптеп түскенін айтып, мұны мәліметтер базасының  қателігімен түсіндірді.

Алайда, жиынға қатысып отырған Атырау қаласы прокурорының орынбасары Айбек Қанатбеков мұның шындыққа сәйкес келмейтінін айтады. «Мүгедек жандардың көмекшілеріне берілетін аз ғана ақшаны тиынымен санап бересіздер, ал, мынадай көп мөлшердегі қаражаттан шатасу  мүмкін емес» деді ол.

Мәслихат хатшысы Қанат Әзмұхановтың айтуынша, өңір басшысының бастауымен, облыс, қала мәслихат депутаттарының қолдауымен шаһар тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында, қиын жағдай туындаған кезде көмек көрсету үшін жергілікті қазынадан  1 миллиард 543 миллион 746 мың теңге қаражат бөлінген. Бұл – бұрын-соңды  болмаған жағдай. Осы орайда мәслихат хатшысы: «Облыс басшысы Нұрлан Ноғаев әр мемлекеттік қызметші өздерінің лауазымдық және қызметтік міндеттерін тиісінше орындау қажеттігін, артық ештеңе талап етпейтінін және орындамаған жағдайда жауап беретінін айтқан болатын. Ол туралы өздеріңіз де білесіздер. Сол екі миллион теңге қаншама адамға көмек болар еді. Қателестік  дейсіздер. Қаражаттың игерілуі сіздерге сеніп тапсырылды емес пе? Мемлекеттік қызметкердің де, депутаттың да халық алдында жауапкершілігі бірдей. Бюджет қаражатының жұмсалу жолдарында қателесуге құқымыз жоқ. Облыс әкімі барлық жағдайды жасап отыр. Бүгінгідей қателіктердің, немқұрайлылықтың кесірінен тұрғындардың билікке деген сенімі жоғалады» деді.

«Өз округіме қарасты сайлаушылармен кездесу барысында олардың тарапынан үйі бірнеше жыл бұрын құлаған тұрғынға биылғы жауын-шашын нәтижесінде баспанасыз қалған жан ретінде материалдық көмек көрсетілгені жөнінде шағым түсті» деген қалалық мәслихат депутаты Салтанат Рахимова бұл наразылықты да тексеру қажеттігін ұсынды. Оның айтуынша, әлеуметтік көмек алып отырған жанның басқа бір мекен-жай бойынша да тұрғынжайы бары белгілі болып отыр. Қала прокурорының орынбасары Айбек Қанатбеков  Атырау қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік мәселелер бөліміне қатысты арыз-шағымның көптігіне байланысты тексеру жұмыстары жүргізілгелі отырғанын жеткізді. Өйткені, бюджет қаражаты салғырттықты көтермейді.

Қалалық мәслихаттың депутаттары тұрақты комиссиялардың біріккен отырысына аталмыш бөлім басшысының қатыспағанын да сынға алды.

VІ шақырылған қалалық мәслихаттың тұрақты комиссияларының біріккен отырысы қаулы қабылдап, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті мен Атырау қалалық прокуратурасына ұсыныс жолдады.

Рита  ӨТЕУҒАЛИ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button