ҚАРТТАРЫМЫЗ – ҚАЗЫНАМЫЗ

1 қазан – Халықаралық қарттар күні болып белгіленгеніне де биыл 13 жыл толып отыр. Содан бері бұл күн мерекеленіп келеді. 
1990 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының қаулысымен белгіленген қарттар күні өңіріміздің барлық жерінде өмірден көргені мен түйгені мол қазыналы қарттардың төл мерекесі болып отыр.

Қашанда қариясын құрметтеуді азаматтық парызы санаған қазақ халқында үлкенді сыйлау – тәрбиенің өзегі десек, «Нұр Отан» ХДП саяси кеңесінің мүшесі Болат Қонарбай «Харизма» мейрамханасында алдыңғы толқын ата-әжелерге арнап ас берді. 
– Сіздер өн бойында ақылы мен парасаты тұнған асыл қазынамызсыздар. Қарттық – кәрілік емес. Өмірден көргені көп, түйгені мол жансыздар. Елбасының салиқалы да кемел саясаты – сол, қарияларға құрмет көрсетіп, жағдай жасау.
Қарттық – құрмет көрсетілер кемел шақ десек, сіздерге ілтипат білдіру – біздің перзенттік парызымыз, – деген Болат Қайроллаұлы үлкендерге мәнді де мағыналы ғұмыр тіледі.
Дастархан басында елдің саяси жағдайы, өңірдің әлеуметтік-тұрмыстық ахуалы әңгімеге арқау болды.
– Еліміз аз ғана тарихи кезең ішінде бұрын-соңды болып көрмеген деңгейге көтеріліп, барша әлем елдері таныған, экономикасы жан-жақты дамыған, халқымыздың әлеуметтік жағдайы жақсарған, өнегелі ұрпақтары бар, көш бастаушы ардагерлері бар алдыңғы қатарлы Қазақстан елі атанды. Бұл, әрине, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың болашақты болжағаны, «тар жол, тайғақ кешуде» – сара жол тапқаны, өнегелі ісі мен берік ұстанымдары біте қайнасқан, халықтың жүрегіне үнемі қолдау таба білген саясатының арқасы. Сондықтан да, елдегі 1,7 млн. зейнеткердің барлығы зейнетақы, жәрдемақы және басқа да заңды төлемдерін ай сайын уақтылы алып отыр.
Облысымыздағы жүздеген аға ұрпақ жыл сайын денсаулықтарын шипажайларда шыңдауда. Ал, ардагер ата-әжелерін ардақтап, кұрмет көрсетуі – үлкен өнегелі іс, – деген Әліпқали Бекеш мерекенің маңызына тоқталды.
Өзге де ақсақал қариялар, ақжаулықты әжелер сөз алып, бүгінгі мерекенің маңызына тоқталып, жұртшылықты айтулы мейраммен құттықтап, ардагерін ардақтаған кәсіпкерге ризашылықтарын білдіріп жатты.
Қарттар, сондай-ақ, өнерпаздардың мың бұралған биін тамашалап, тамылжыған әндерін тыңдады. Отырыс соңында ақсақалдар ақ баталарын берді. Қарттарға азық-түлік себеті сыйға тартылды.

Рита ӨТЕУҒАЛИ.
Суретті түсірген
Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз