Арналар ашылып, сүзгілер алынуда
Бүгін 7 сәуір. Жайық өзенінің Махамбет ауданының аумағындағы деңгейінің тәуліктік көтерілу биіктігі 42 сантиметрді құрады. Сөйтіп, бұл көрсеткіш 373 сантиметрге жетті. Қазір Ресей Федерациясының Иректі су қоймасынан жіберілген судың көлемі тәулігіне 1670 текше метр шамасында болса, өзен суы көтерілуінің шекті деңгейі 8,5 метрге жетеді деген болжам жасалып отыр.
Осындай ақпаратымен бөліскен Махамбет ауданы бойынша төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау майоры, су тасқынына байланысты құрылған жедел штаб бастығының орынбасары Сәбит Борашевтің айтуынша, өңірдегі елді мекендердің тұсынан тұрғызылған бөгеттердің жалпы ұзындығы – 80 шақырым. Өзен бойында орналасқан 17 елді мекеннің 9-ында бөгеттер биіктетіп, бекемдеуді қажетсінеді.
-Атап айтқанда, бұлардың қатарында Талдыкөл, Бейбарыс, Алға, Махамбет, Сарытоғай, Ескі Сарайшық, Еңбекшіл, Есбол, Ортақшыл ауылдарының аумағындағы 64 шақырым бөгет жөнделуі тиіс. Күні бүгінге соның бестен бір бөлігі ғана қалпына келтірілді. Алдағы уақытта атқарылатын жұмыс ауқымды. Мамандардың бағалауынша, ең қауіпті деп танылған Талдыкөл ауылының тұсындағы дамбыны жөндеуге жергілікті бюджеттен 6 млн. теңге қаржы қаралып, мердігер мекеме наурыз айының 26-сынан бастап іске кіріскен. Бұл учаскеге қуатты техникалардан бөлек, 100-ге тарта адам жұмылдырылып, 400 метрлік дамбы қайта соғылды. Сонымен қатар, тасқын судың ағынын азайту мақсатында бастауын Жайықтан алатын каналдардың аузында тұрған шлюздер ашылып, балық қорғау сүзгілері уақытша алынып тасталуда, – деді С.Мырзабайұлы.
Дәулетқали АРУЕВ,
Махамбет ауданы