АРНАЙЫ САЛЫҚ РЕЖІМІ ЕНГІЗІЛЕДІ
Оның сөзіне қарағанда, осы саланы дамыту мақсатында «Ауылшаруашылық кооперативтері туралы» жаңа заң жасақталуда. Осы заңның аясында ауылшаруашылық кооперативтері коммерциялық ұйым ретінде саналатын болады. Осының арқасында кооперативтің кірістері кооперативтің ішкі дамуына бағытталады.
«Кооператив қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында, сондай-ақ, ауыл шаруашылығы серіктестіктеріне және ауылшаруашылық тұтынушы кооперативтерге арнайы салық режімі сияқты мемлекеттік қолдаудың жоқтығын ескере отырып, оларды қолдау үшін ауыл- шаруашылық кооперативтеріне арнайы салық режімі енгізіледі. Соған орай, міндетті ішкі аудит жасалады және оның құнына шаққанда 50 пайызға дейін субсидиялау мүмкіндігі болады», — деді ол. Қазіргі уақытта заң жобасы Парламент Мәжілісінде қаралуда.
ДСҰ аясында Қазақстан ауылшаруашылығында дайындаушы ұйымдар үшін қосымша құн салығын (ҚҚС) қайтару бойынша қолдауды тоқтатпайды.
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында ҚР Ауылшаруашылығы вице-министрі Ермек Көшербаев бұл қолдау ДСҰ келіссөздері барысында реттелгенін және халықаралық талаптарға кереғар еместігін айтты. Сонымен қатар, Қазақстан ДСҰ-ға кіруде ауылшаруашылығы өнімінің 8,5 пайыз жалпы құнын сақтап қалды. Мұндай жетістікке тек Қытай мен бірнеше мемлекет қана қол жеткізіп отыр.
«Дайындаушы кәсіпорындарға ҚҚС қайтаруға келетін болсақ, ол да тоқтатылмайды. Біз дайындаушы және өңдеуші кәсіпорындарды аккредитация жасауға шақырамыз, себебі олар ҚҚС қайтарып ала алады. Бұл үлкен қолдау. Олар бұл қаражатты кәсіпорынды кеңейтуге жұмсай алар еді», — деп атап өтті ол.