Армян көліктерін тіркеп үлгермеген тұрғындар не істейді?
Atr.kz/29 тамыз, 2020 жыл. Атырауда 3500-ден аса армян көлігі тіркеуден өтті. Бұл туралы республикалық «Жолда қабылдау» акциясы барысында белгілі болды.
Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлнәзира Мұхтарованың хабарлауынша, сала қызметкерлері акцияның алғашқы күнінде online режимінде жұмыс жасады. Бұл күні құзырлы органға 180-ге жуық өтініш түсті. Олардың басым бөлігі армян көліктерін тіркеуге қатысты болды.
- Автокөлік иелері тіркеу рәсімінің ережелері, баж салығы, дәлелді себептер бойынша үшінші тұлғаның сенімхатпен өткізу мүмкіндігі, басқаруы оң жақтан сол жаққа ауыстырылған көліктерді тіркеу мәселелері жүргізушілерге жан-жақты түсіндірілді. Сондай-ақ, газ баллонды құрылғы орнатылган автокөліктерді пайдалану кезіндегі қауіпсіздік шаралары туралы кеңінен айтылды. Азаматтардың сауалдарына облыстық полиция департаментінің Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Мырзалы Өтеғалиев жауап берді, — деді Гүлнәзира Мұхтарова.
Акцияның алғашқы күні Атырау қаласындағы мамандандырылған Халыққа қызмет көрсету орталығында елімізге Армениядан әкелінген 108 көлік тіркелсе, ал келесі күні түскі уақытқа дейін 84 автокөлік сары нөмір алды. Аталмыш іс-шара аудандарда да өтуде.
Бірінші маусымнан бастап бүгінге дейін облыста Армения Республикасынан әкелінген көліктердің 3500-ден астамы тіркеуден өтті. Құзырлы мекеме өкілдері автокөліктерді тіркеу мерзімі биыл 1 қыркүйекте аяқталатынын еске салады.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА