АРМАНДА КЕТКЕН ЖАНДАРДЫҢ ЖОҚШЫСЫ
Тағдыр тәлкегіне ұшырап, Кеңес өкіметінен қуғын көрген, өлең-жырлары халық арасына кеңінен таралған танымал тұлғалардың өмірі туралы деректер жинап, талай мұрағаттарды ақтарған, куәгерлерді талмай іздеп, арманда кеткен жандардың жоқшысы болған жазушыны Атырау жұрты жақсы таниды.
Жазушы бұл жолы «Арыс» баспасынан шыққан «Дина және Сейтек» деген жаңа кітабының тұсаукесерін жасады. Күй анасы атанған Дина әжеміздің Алматыдағы бейітінің басына барып, күтімсіздігін көрген жазушы күйшіге арнап қойылған мүсінді суретке түсіріп, кітабында алғаш рет жариялап отыр. Алматыға күйші Смағұл Көшекбаевтың қолқасымен барған Дина әжеміз кейін елді сағынған көрінеді. Бұл аралықта екінші дүниежүзілік соғыс басталып, Смағұл Көшекбаев майданға аттанады және ерлікпен қаза табады.
Елге оралайын десе, жол бастайтын жан таппай жаны күйзелген Дина:»Шіркін, Бәйбектің құдығынан барып су ішіп, топырағына басымды тигізсем, арманым болмас еді»,- деп күңіренген екен. Бұның өзі түсінген жанға туған жерге деген перзенттік сағыныш болса, екіншіден, «төрімнен көрім жақын» дейтін жасы келген қарияның «туған топыраққа барып жатсам» деген арманы. Алайда, Дина күйші Алматыда дүниеден өтіп, сол жерде жерленді. Кітапта көзін көрген, сөйлесіп, тілдескен жандардың, Динаның ұрпақтарының естеліктері де жинақталған.
Сонымен қатар, бұл кітапта күйші Сейтектің өмірі туралы да сыр шертіледі. Оның да жұртшылық біле бермейтін тағдырдан көрген теперіші, жүрегіндегі аңсауы сәтті бейнеленіпті. Бұл да өнерсүйер қауымның іздеп жүріп оқитын кітабы болары кәміл. Жазушының ендігі мұраты – Құрманғазы Сағырбайұлы туралы тың деректерді жинақтап, кітап етіп шығару. Оқырмандар жазушы Ләтифолла Қапашевқа сәттілік тіледі.
Кездесу кешіне Атырау облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Алтынбек Нысанғалиев қатысып, шараны ашты.
Қазақстан Жазушылар Одағы Атырау облыстық филиалының директоры Қойшығұл Жылқышиев жазушыға шапан жапты. Өлкетанушы-жазушы, Жаратылыстану ғылымдарының академигі, Өтепберген Әлімгереев, жазушы, өлкетанушы Мұрат Бектенов Ләтифолла Қапашев шығармалары туралы ой қозғады. Жазушы «Дина және Сейтек» атты жаңа туындысын Ғабдол Сланов атындағы ғылыми әмбебап кітапханаға тарту етті.
Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА.