АРМАН АЛҒА ЖЕТЕЛЕЙДІ
Мектептерде соңғы қоңырау соғылып, түлектер жаңа өмір баспалдағына қадам басты
Атырау облысының барлық орта мектептерінде ерекше тебіреніс пен толғанысқа толы соңғы қоңырау үні естілді. Асқақ арман мен ақ үміттер бүр жаратын ерекше күнде 4696 түлек алтын ұя мектептерімен қоштасып, үлкен өмірге қадам басты. Енді ұстаздар қауымын, түлектер мен олардың ата-аналарын толғандыратын басты білім сынағы – Ұлттық бірыңғай тестілеу күтіп тұр. Биыл 3867 мектеп бітіруші аталған сынақта 11 жыл бойы алған білімдерін көрсетпек.
Ағымдағы жылы ұлттық бірыңғай тестілеу облыста үш лекпен, атап айтсақ, маусымның 2-сі, 4-і және 6-сы күндері өтеді. Сынақ өтетін жеті пункт те дайын.
Ұлттық бірыңғай тестілеу – оқушының 11 жыл жинаған білімін көрсетіп қана қоймай, жоғары оқу орындарына түсуге жол ашады. Сондықтан, тағылымды ұстаздан тәлім алған түлектеріміз бұл білім сынағынан да сүрінбей өтіп, жоғары нәтиже көрсетеді деген сенімдеміз. Тәуелсіз елдің кемел келешегі сенің қолыңда, жас түлек! Сәттілік серік болсын!