Әріптестің мерейі артты
Ұлттық мереке – Республика күні қарсаңында облыс әкімі Серік Шәпкенов еліміздің саяси, әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқаны және белсенді қоғамдық қызметі үшін өңірдің бірқатар азаматын марапаттады. Мемлекет басшысының Жарлығымен наградталған атыраулықтардың арасында “Атырау-Ақпарат” ЖШС -нің түптеуші маманы Айгүл Дүсіпованың да мерейі үстем болып, облыс басшысы оған “Ерен еңбегі үшін” медалін тақты.
Айгүл Бағытжанқызы 1968 жылы Атырау қаласында дүниеге келген. Мектепті тәмамдағаннан кейін 1987 жылы Алматы қаласынан “Баспа бөлімінде басушы” (печатник) мамандығын бітіріп, дипломын қолына алады. Ал, еңбек жолын облыстық №9 баспаханадан бастайды.
–Одан әрі 1992-1994 жылдары Махамбет ауданында баспашы болып еңбек еттім. 2003 жылдан бастап бүгінге дейін Атырау қаласы “Атырау-Ақпарат” баспаханасында түптеуші, кейін аға түптеуші болып 21 жыл еңбек етудемін. Осынау жылдар ішінде жеткен жетістіктерім мен жеңістерім көп.
Айналамда жаныма жақын достар, ұжымдастар бар. Отбасымда мен бақытты анамын! — дейді жүзі балбұл жанған Айгүл Дүсіпова.
Рита ӨТЕУҒАЛИ
Суретті түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ