ӘРІПТЕСІМІЗДІҢ ЕСІМІ – «АЛТЫН КІТАПТА»
Әр салада жемісті де абыройлы қызмет атқарып, ерен еңбегімен, өнегелі өмірімен, ғибратты ғұмырымен өзгелерге үлгі болып танылған тұлғаларды ел ішінде насихаттау, дәріптеу мақсатында «Қазақстанның Алтын кітабы» шығарылып келеді.
Айта кету керек, жақында ғана жарық көрген бұл кітаптың кезекті шығарылымына республика бойынша 102 адам таңдалып, есімдері енгізіліпті. Солардың санатында исатайлық әріптесіміз Әбілмажан Шарапиденов те бар. Отыз жылға жуық мезгілін Исатай аудандық «Нарын таңы» газеті редакциясында өткізген Әбекең бүгінде зейнеткер, ақпарат саласының ардагері. Адал жар, балаларының асқар таудай әкесі, немерелерінің ардақты атасы, отбасының тірегі, әулетінің арқасүйері болып отырған Әбілмажан ағамыз 1991-2019 жылдар аралығында жетпіс жылдық тарихы бар өңірлік басылымда фототілші болып жұмыс жасады. Осылайша, асқан шеберлікпен, сәтті түсірілген фотосуреттерімен аудан шежіресін жасақтап, тарихын түзуге сүбелі үлесін қосты. Жүктелген әрбір іске тиянақтылығымен, жоғары жауапкершілігімен ерекшеленетін ол ұжымдастары арасында зор құрмет иесі атанды. Қоғамдық жұмыстардың да белсендісі бола білді. Осындай қырлары ескеріліп, Әбекеңнің есімі еліміздің «Алтын кітабына еніп отыр. Арнайы төсбелгісін кеудесіне тағып, куәлігін қолына алды.
Әріптесімізді өміріндегі ерекше есте қалар сәтімен құттықтаймыз. Мерейі үстем болып, мәртебесі биіктей берсін деген игі тілегімізді жолдаймыз.
Дәулетқали АРУЕВ ,
Исатай ауданы