Жарнама
ЖаңалықтарҚоғам

Ардагерлер назарына – Агрожобалар

Республикалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВ бастаған еліміздің әр түкпірінен келген ардагерлер аймақтағы ауыл шаруашылығы жобаларымен танысты. Турасын айту керек, делегация мүшелерін облыста бұл бағытта жүргізілген жұмыстар таң қалдырды.

%d0%b1%d0%b0%d1%81%d1%82%d1%8b-%d0%b6%d0%b0%d0%bd%d0%b0%d0%bb%d1%8b%d0%ba2

Консервіленген қызанақ шырыны мен қияр және он шақты түрлі салат шығаратын «АгроФеликс» өнімдері атыраулықтарға жақсы таныс. Кәсіпорынның қуаты жылына 75 мың консерві банкісі мен 350 тонна салат дайындауға жетеді. Шаруашылықтың бау-бақша дақылдарын өсіретін жері де бар. Барлық түсімнің 20 пайызы өңдеуге жіберіледі, өзгесі тұтынушыға ұсынылады. Меймандар жаңа ғана жиналған өнім толы қоймамен, салат және консерві даярлайтын цехтармен танысты. Осы жерде атыраулық агроөнеркәсіп қызметкерлері өнімдерінің көрмесі ұйымдастырылды. Республиканың әр түкпірінен жиналған ардагерлер оны да жоғары бағалады.

Бұған дейін әртүрлі сүт өнімдерін шығарып келген «Бірінші мамыр» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бүгінде органикалық тыңайтқыштарды дайындауды да қолға алған. Бұл да – аймақ үшін аса қажетті нәрсе. Қонақтар назарына, сонымен қатар, «Сарайшық» шаруашылығының ешкі сүтінен жасалған өнімдері, «Карат» пен «АсылАгро» кәсіпорындарының ет консервілері мен шұжықтары, «Алмалықұс» пен «Атырау бөдене» мекемелерінің жұмыртқалары, «Жұмағалиев» жеке қожалығының жылыжайда өсірілген қиярлары, «Аманкелді» өндірістік кооперативінің балықтары ұсынылды. Осы жобалардың бәрін өзі аймақ басшысы болған ке-зінде жүзеге асырған Бақтықожа Салахатдинұлы жолбасшылықты өз қолына алып, барлығын таныстырып шықты. Ол әр істің қалай басталғанын, алғашқы табыс қандай қуанышқа бөлегенін тебірене айтып берді.

— Ағайынды Енисей және Вячеслав Юндер өз күштерімен канал қазып, көкөніс өсіруді бастады. Қазір олардың 240 га жері бар, тамшылата суару тәсілі толық енгізілген. Мемлекет жәрдемімен сегіз тонналық қойма тұрғызды. Бүгінде қос жігіт аймақтағы осындай 6-7 ірі шаруашылықтың бірін басқарып отыр, — деді Бақтықожа Ізмұхамбетов.

«Caspiy Lana Atyrau» фабрикасында мал жүнін бастапқы тазалаудан өткізу қонақтарды тіпті таң қалдырды. Ардагерлерге жүнді жуу, кептіру мен бояу, тігін және дайын өнімдер цехтарын көрсетті. Қой және түйе жүнінен тігілген жұмсақ та жылы көрпелер ұлттық нақыштармен өрнектелген. Көлденең жағымсыз иісі де жоқ. Міне, жергілікті шикізатты тиімді пайдалану үлгісі.

Қоғам қайраткері, журналистика саласының ардагері Сәуле Мешітбай таңданысын жасыра алмады.

— Мен көргеніме қатты толқып тұрмын, — деді ол, — жасыратыны жоқ, мал жүні еш кәдеге аспай, далаға лақтырылып жатыр ғой. Адамның жаны ашиды. Ал, Атырауда оны кәдеге жаратуда екен. Әрине, әбден өңдеу керек. Міне, осы маңызды іс қолға алыныпты. Расында да, мұнайлы мекенде соңғы үш жылда ауыл шаруашылығына қатысты іргелі жобалар жүзеге асырылыпты.

Парламент Мәжілісі депутаты, генерал-лейтенант Абай Тасболатов Атыраудың бұдан он шақты жыл бұрын тек мұнай және балықпен ғана аты шыққандығын еске алды. Ал, соңғы уақытта өзге сала да қарышты дамыған.

— Аймақ агроөнеркәсібінің күрт дамуы қуантады. Бүгінде облыс ауыл шаруашылығы өнімдерімен өзін 80 пайызға қамтамасыз етіп отыр. Сонымен қатар, мұнда қос үй құрылысы комбинаты жұмыс жасайды екен. Демек, бетон бұйымдарды алыстан тасып қажеті жоқ.

Ал, мал жүнін өңдеу – тіпті керемет. Мен Шығыс Қазақстан облысының тумасымын. Жерлестерімнің атыраулықтардан үлгі алуы керек. Елге барған соң осы жобалардың бәрін айтамын. Күшті Қазақстан күшті аймақтардан тұрады. Осы орайда Атыраудағы жобалар – баршаға өнеге, — деді ол шын көңілімен.

Сөйтіп, республикалық ардагерлер кеңесінен құралған делегация мұнайлы мекендегі агрожобаларға тәнті болды.

Меңдібай СҮМЕСІНОВ

Суреттерді түсірген: Ерлан АЛТЫБАЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button