Ардагерге құрмет көрсетілді
Өлке баспасөзінің қарашаңырағы – облыстық «Атырау» қоғамдық-саяси газетінде бірнеше буынның өкілі абыройлы қызмет атқарды. Солардың санатында осы ұжымда ұзақ уақыт теруші-машинистка қызметін атқарып, құрметті еңбек демалысына шыққан Рысты Қарымсақованы да атаған ләзім.
Он алты жасында редакцияға қызметке қабылданған ол осында еңбек
жолын бастап, осы ортада саналы ғұмырын өткізді. Таңдаған мамандығына
адалдық танытып шеберлікпен меңгерген бұл апамыз – жұмыс орнын ешқашан
өзгертпеген, бар ғұмырын баспасөз саласына арнап, газет шығару ісіне өлшеусіз үлесін қосқан адам. Осы ұжымда жүріп отбасын құрды, балалы-шағалы болды. Отағасы Райс ағамыз өмірден ертелеу озды. Тұрмыс тауқыметі апамыздың мойнына түсті. Қиындыққа қаймықпай, бәрін де жеңе білді. Жылдар жылжып өтіп, ұл-қыздары өсіп-жетілді. Өз алдына бір-бір үй болды, ел қатарына қосылды.
Бүгінде сол ұрпақтарынан өрбіген немере-жиен, шөберелерінің асыл әжесіне
айналған Рысты апамыз сеңгірлі сексен жастың биігіне көтеріліп отырған бақытты
ана.
Ардагердің өміріндегі осынау ерекше сәтті әріптестері де елеусіз қалдырмады. Мерейгерді қарашаңырақтың төріне шақырып, лайықты құрмет
көрсетті. Рысты Қарымсаққызының мерейтойына орай «Атырау-Ақпарат»
медиахолдингінің бас директорының атынан жазылған жылы лебізге толы
Құттықтау хатты иесіне облыстық «Атырау» газетінің бас редакторы Назарбек Қосшиев салтанатты жағдайда табыстады. Гүл шоқтары мен сыйлығын ұсынды.
Кәсіпорын жанындағы ардагерлер кеңесінің сәлемі мен сый-сияпатын осы
ұйымның төрағасы Нұрлан Қабылов жеткізді.
Екінші үйіндей көретін төл ұжымы – облыстық «Атырау» газеті
редакциясындағы әріптестері атынан Дәулетқали Аруев, Клара Елеусінова,
Тамара Тайтекова және басқалары тілектерін жолдады. Соңынан естелік суретке түсті.
Д.ЛАТИФҰЛЫ
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ