Жарнама
Жаңалықтар

АРДАГЕР ФОТОТІЛШІ – АТЫРАУДА

«Алматы ақшамындағы» әріптестеріміз Нұрғожа Жұбановты «Біз білетін арғы-бергі фототілшілердің ішіндегі ең бір зиялысы, аса ұқыпты, биік мәдениеттісі» деп суреттепті. Расыменен, ағамызбен сұхбаттаса отырып, одан ерекше бір жылылықты байқадық. «Өзім жастайымнан сәбидің суретін түсіргенді жақсы көретін адаммын. Өйткені, ол – пәк, соншалықты таза. Балдырғандарды қанша түсірсең де шамалы көрініс шықпайды. Олардың күлгені, мөлдіреген көздері тіптен керемет! Табиғатты түсіру де – менің қалаған жанрым. Екі көрініс те жаныма ерекше қуаныш сыйлайды. Мінезімнің жұмсақ болуы да осыдан шығар» дейді аға.
Дегенмен, Нұрғожа Жұбановтың өмірі оңай болмағанға ұқсайды. Қатарластарымен заманның ащысын татқан, қиындығын көрген. Соғыстың зардабын да сезіпті, алайда, қан майданға аттанып бара жатқанында кездейсоқ орта жолдан қайтқан көрінеді. Кейін қолға іліккен қай жұмысты да жасапты, соңында сол кездегі Киров, қазіргі Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітірген. «Қазақстан әйелдері» журналында, «Ұлан», «Шалқар» халықаралық газеттерінде, «Социалистік Қазақ¬стан», тағы басқа басылымдарда ұзақ жыл еңбек етіпті. Кезінде Данияда, Жапонияда өткен көркемсурет көрмелеріне қатынасып, білікті мамандардың лайықты бағасын алған. Қазақстан Журналистер Одағы сыйлығының иегері, Мәдениет қайраткері деген атағы да бар.
Айтпақшы, ардагер аға бізбен әңгімелесе отырып, мынадай сырын айтты. Кезінде құжат жасақталғанында жасы өзгертіліп көрсетіліп кетіпті, ақиқатында, ол кісі енді төрт айдан кейін 90 жасқа толады екен. Бірақ, ағамыз әлі тың көрінеді, тоқсанға толады деуге ауыз бармайды. Мұның да себебін сұрап жатырмыз. «Барлық құпиям – спортпен айналысатындығымда. Тауға шығамын, бірнеше шақырымды жаяу жүремін. Бірақ, ешқашан дәріге әуес болған емеспін. Тіпті, тұмаумен сырқаттанып қалғанымның өзінде тауға барып, қарды жалаң аяқ басамын. Ғажабы, келесі күні құлан-таза жазылып кетемін. Сондықтан, менде жасыратын ешқандай сыр жоқ» деп жауап қайтарды аға.

Азамат БАЗАРБАЕВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button