Қаражат неге игерусіз қалады?
Атырау қаласында егіс алқабының жалпы алаңы 2 242 гектарды құрамақ. Тамшылатып суарылатын егістік көлемі де өсуде. Сондай-ақ, қалада ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеумен айналысатын кәсіпорындар саны көбейіп келеді. Бұл туралы мәлім болған VI шақырылған Атырау қалалық мәслихатының кезекті XII сессиясында өткен жылғы қалалық бюджеттің атқарылуы туралы есеп тыңдалды.
Сессияда Атырау қалалық қаржы бөлімінің басшысы Шыңғыс Арыстанов мәлімдегендей, 2016 жылғы бюджеттік кіріс өсімі 2015 жылмен салыстырғанда 142,1 пайызға артқан. «Бұл негізінен ірі компаниялардан салықтық түсімдердің артық түсуі есебінен құралды» деген ол бюджеттің шығыс бөлігі, қарыздардың түсімі, салаларға бөлінген қаржы туралы айтып өтті.
Десек те, бөлінген қаржыны игеруге қатысты олқылықтар бар. Мәселен, өткен жылы Атырау қалалық білім, жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімдері кемшіліктерге жол берген.
Сессияда сөз алған Атырау облысы бойынша тексеру комиссиясының мүшесі Асылан Құмаров: «Барлығы 21 бақылау іс-шарасы өтті. Былтыр игерілмеген қаражаттар көрсеткіші төмендеген, дегенмен, алдағы уақытта бөлінген қаражатты толық игеру туралы ұсыныс беретін боламыз» деді.
Ал, Атырау қалалық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Қажығали Науанов өткен жылы салада атқарылған жұмыстарды баяндады. 2016 жылы бұл салада өсім болған. «Былтыр «Атырау-Чифтлик» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі құрылды. Мұнда мүйізді ірі қара малын өсіру жоспарланған. Бүгінде қалада жалпы аумағы 7,70 гектарды құрайтын 29 жылыжай жұмыс жасап тұр. Биыл тағы 20 жылыжай іске қосылады» деді ол.
Мәслихат депутаттары сын садағына көп ілінетін ветеринария саласының да жұмысын тыңдады. халық қалаулыларын, әсіресе, нодулярлы дерматит ауруынан кейінгі іс-шара мен мал басын сырғалауға қатысты мәселелер мазалайды. Қалалық ветеринария бөлімі басшысының уақытша міндетін атқарушы Асылбек Әбілғазиев ағымдағы жылдың сәуір-мамыр айлары аралығында аталған ауруға қарсы 4940 бас малға екпе салынғандығын, бұл жұмыстың әрі қарай жалғасын табатынын айтты.
Мәлике Мәлік