АРАЛҒА ӘЛЕМ НАЗАРЫН АУДАРТТЫ
Елбасымыз экология, соның ішінде Арал теңізі төңірегіндегі мәселеге атүсті қараған емес. БҰҰ-ның 1992 жылы өткен отырысында Елбасы Арал мәселесін алғаш рет көтеріп, теңіз тағдырына жер жүзінің мойнын бұрғызған еді. Содан кейін мәселе жерде қалмай Аралдың солтүстік бөлігі қалпына келтірілген болатын. Алайда, теңіздің тартылу салдарынан жыл сайын бірнеше миллион тоннаға дейін шаң мен улы тұзды жел көтеріп, оның тозаңы қазірдің өзінде Еуропа мен Антарктидадан табылып отыр. Осылайша Мемлекет басшысы БҰҰ-ның мінберінде ана тілімізде баяндама жасай отырып, әлем халқының назарын Арал тағдырына тағы да бұрды. Себебі, бұл – біздің еліміздің ғана емес, күллі әлемнің ортақ мәселесі. Сондықтан да, өзгелер Аралдың құлдырауы өздеріне де қатысты деп санауы қажет. Бұдан соң жаһан жұрты Аралға тиісті көмек көрсетеді деп сенеміз.
Бүгінде Президентіміздің іскерлігінің арқасында кіші Аралда теңіз толқып жатыр. Жоғалған балық түрлері де қайта пайда болып, өзге елдерге экспортқа шығарылуда. Кіші Арал суға толған соң оның жағалауына халық та қайта қоныстанып, тіршілік пайда болды. Бұның бәрі – Елбасының жылдар бойы атқарған қажырлы еңбегінің нәтижесі. Осы орайда, Каспийдің тағдырына да ерекше көңіл бөлетін кез келгенін атап өткім келеді. Ғалымдар жылдан-жылға суының кеміп, балығының азайып бара жатқанын айтып, дабыл қағуда.
Орынғали ҚҰМАРҒАЛИ,
Құрманғазы аудандық ардагерлер
кеңесінің төрағасы.