Араб сәйгүлігін баптайды
Көктоғай округіндегі «Уәли ата» шаруа қожалығының иесі Қанатжан Бисенғалиев – мемлекеттік қолдаудың игілігін көріп, бүгінде шаруасын шалқытып отырған қожалық иесі.
— Елімізде ауылшаруашылық саласына қолдау білдіріп жатқанын көргенде мен де тәуекел етуге бел байладым. Қолдағы азын-шоғын малдың басын құрап, шаруа қожалығын құрдым. Осы ғасырдың басында «АтырауАгроСервис» мекемесі арқылы лизингпен екі «МТЗ-80» тракторын, алты бас түйе мен елу шақты еділбай қойын сатып алып, шаруамды бастағанмын. Мемлекеттің бұл қолдауы менің аяғымнан тұрып кетуіме жағдай жасады, — дейді Қанатжан Бисенғалиев.
Қожалық иесінің үміті ақталып, бүгінде түйе санын жүз елуге, жылқыны жүзге жеткізді. Жазғы мезгілдерде түйе мен бие сауып, күніне 70-80 литр шипалы сусын – шұбат пен 60 литр қымызды Атыраудағы «Дина» базарына саттыққа шығарып отырады. Аудан орталығындағы жәрмеңкелерге де қатынасып, өнімдерін ұсынып келеді. Мал төлдету, жем-шөп дайындау мезгілдерінде ауыл тұрғындарын жұмысқа тартуды ескерді.
Қанатжан бәйгеге де ат жаратып, жеңімпаздар қатарынан көрініп жүр. Қазір оның екі ұлы аттың құлағында ойнайды. «Аламан бәйгелерде жабы аттармен бәйге алу мүмкіндігі де біртіндеп азайып барады. Осыны қатаң ескерген біз жақында аталығы араб, аналығы ағылшын текті жүйрік ат сатып алып, сәйгүлікті бәйгеге жаратуды бастап кеттік» дейді Қанатжан.
С.САНСЫЗБАЙҰЛЫ,
Индер ауданы.