Қара сөзбен найзағай ойнатқан…

Otarbaev Жаңалықтар

Бүгінқазақтың көрнекті драматургжазушысыҚазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Махамбет және Халықаралық Шыңғыс Айтматов атындағы сыйлықтардың лауреаты, шығармалары орыс, қырғыз, түрік, араб, ағылшын, ханзу тілдеріне аударылған, әлем жұртшылығына аты әйгілі  Рахымжан Отарбаевтың туған күні. Ол тірі болғанда 62 жасқа толар еді-ау…

Otarbaev-640x480

Қай жерде болмасын, шындықтың бетіне тік қарап, өзіне біткен турашылдығымен жалған дүниеге айтатын сөзін айтып өткен жазушының соңында баға жетпес құнды қазына қалды. Қара сөздің қаймағын қалқып, қадіріне жеткен  Рахымжан Қасымғалиұлы өз шығармашылығы арқылы қазақ әдебиетін биік сатыға жоғары көтергені ақиқат. Төгілген қара шашын салалы саусақтарымен тарап жіберіп, маңдай тұсына ұйпалақтап қоятын әдетімен  сахна төрінен күндей күркіреп сөйлей жөнелгенде  бейне Махамбет пен Мұрат ақын қайтадан тіріліп келгендей таңырқаса қарайтын едік-ау… Шығармашылық адамына тән мінезімен, қайсарлығымен, бірбеткейлігімен кейбіреуге жақты, кейбіреуге жақпады. «Жақпадым» деп қайғырған жоқ, «жақтым» деп масайраған жоқ. Қарсы келгенін турап түсетін сақтардың ақинағындай еді. Қазақты сүйді, қазақты сынаса да жақсы көргендіктен сынады, жақсы болса екен деп сынады. Қазақ тілінің келешегі үшін жүрегі ауырды, кейде тіпті күйінді де…

Ол қазақ драматургиясына тың бейнелер әкелді. Рахымжан Отарбаевтың «Бейбарысы» жүректерге от берді, қалғып кеткен рухты оятты. «Шыңғысханның көз жасы» ше? Көріктеу құралдарын пайдалануы, композициялық құрылысының мүлде өзгешелігі сонау мәскеулік жазушыларға да бас шайқатқан еді. Содан шығар, Ресейдің халықтық «Роман-газета» журналы 2017 жылғы №22 санын түгелдей Рахымжан Отарбаев шығармашылығына арнаған болатын. «Біздің ауылдың амазонкалары» кітабынан бірнеше әңгімелері мен хикаятын орыс тіліне аударып басты. Бұл жетістік емес пе? Бұл дегеніңіз халықтық мойындау емес пе? Өздерінен өзгені мойындай қоймайтын орыстарды мойындатқан құдірет – қалам құдіреті, жазушы шеберлігі. «Аспандағы ақ көбелектер» жинағы ханзу тілінде жарық көргенде, араб тілінде шыққанда, балаша қуанып, «Атырау» газеті редакциясымен өз қуанышын бөліскені де есімізде.

Ол асығыс кетті. Өте асығыс. Сол күні Ақ Жайық басын жағасына соғып, жылап жатты. Сол күні кәрі Каспийдің арыстанжал толқындары көкке шапшып, күңіреніп жатты… Сол күні оның қаламынан шыққан дүниелерді құныға оқитын қалың қазағының көзі жасқа, көкірегі мұңға толды. Шындықты шыңғыртып тұрып жазатын қазақтың аймаңдай ұлы, алты алаштың айбозы соңына қарамастан көкжиекке сіңіп бара жатты. Ол тірлігінде ешкімге басын имейтін. Сол маңғаз да өр қалпында жұртының жүрегінен орын алды.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз