Жарнама
Жаңалықтар

«Қара майордың» мұсылман батальоны туралы толғаныс

Ауған соғысының ардагері, запастағы полковник Амангелді Жантасовтың «Жартасты жастанған жасақ» («Қара майордың» мұсылман батальоны) атты кітабы жарық көрді. Кітапта  1980 жылы құрылған, аты аңызға айналған Борис Төкенұлы Керімбаев басқарған  арнайы мақсаттағы «мұсылман батальонының» Ауғанстандағы шектелген контингенті құрамында болып, «дұшмандармен» соғысы, жергілікті халықпен қарым-қатынасы, әскери қимылдары мен жалпы әскери өмірі баяндалады. Жазушы осы жасақтың 2-ші арнайы мақсаттағы рота командирінің саяси жұмыстар жөніндегі орынбасары қызметін атқарған.

ерлік – елге мұра, ұрпаққа ұран

Неге мұсылман батальоны  атанды?

Бұл жерде айта кетер болсақ, 155-ші мотоат-қыштар дивизиясының 374-ші мотоатқыштар полкі — мемлекеттік шекараны қорғайтын  әскер.  Сын сағатқа дайындығы едәуір жоғары болған. Сол себепті де  соғысқа  түгелімен жіберілген екен.

Кеңес Армиясы тарихында арнайы мақсаттағы екі «мұсылман жасағы» болды. «Мұсылман бата-льоны» аталу себебі, жа-сақ қазақ, қырғыз, түр-кімен, ұйғыр жауынгерлерінен құралып, кейіннен әскери мерзімі аяқталған жауынгерлердің орнына басқа ұлттармен толыққан. Бұл кітаптың құндылығы cонда, барлық кейіпкердің соғыста көрсеткен ұрыс-қимылдары мен адами қасиеттері деректермен ашып айтылады. Өндірдей 18-19 жастың арасындағы жігіттер, командирі Борис Төкенұлының өзі небәрі 33- жаста екендігіне қарамастан кілең аңыздарда айтылатын «Сен тұр, мен атайын» батырлар. Алғашқы десанттардың парашютпен секіруі әсерлі баяндалған. «Үш секунд дегенің әжептәуір уақытқа созылатын көрінеді, парашютіңнің шатыры    ашылған соң аспанда қалықтап өзіңді қырандай сезініп, рақаттанып айғайлайсың, өлең айтасың»,- деген жолдарды оқығанда  сен де  қалықтап келе жатқандай сезінесің.

«Асылханға жеткізсе, аман қалады»

Ал, дәрігер-хирург Утеев Асылхан жақында ғана медакадемия бітіріп келсе де небір жантүршігерлік оталарды жасап, жауынгерлердің жанын сақтап қалуда жанкештілік көрсетеді. Жарақаттанған жауынгер мен оны арқалап келе жатқан жауынгердің арманы – қарулас досын тек Асылханға жеткізу. Өйткені, бәрі дәрігерге сенімді. «Жеткізсек болды, Асылханға. Ол тірі алып қалады»,- деген жолдарды көзге жас алмай оқу мүмкін емес. Бұл жолдарда албырт жастықтың жетегінде жүрген еркебұлан ұлдардың өлім мен өмір жекпе-жегін көруі, өмірге ғашық жүректері жатыр.

Асылхан жасаған оталарында қолданған тәсілдер әлемдік практикада, екі жыл өткен соң АҚШ-та қолданыла бастаған екен. Ия, оқырман,  шығарманы оқу барысында сіз де  жаралы жауынгермен «тек Асылханға жетсек»,-деген әсерде отырасыз. Осындай алтын қолды қазақ дәрігері көңілге қуаныш құяды.

Ауғандар өз тілінде «мушавер» деп атайтын  біздің кеңес  барлаушыларының ержүректілігін атап өтеді. «Олардың қызметі өте қауіпті еді»,-дейді. Өйткені, олар ылғи ауғандықтардың ортасында жүретін, кімнің дос, кімнің дұшпан екендігі белгісіз. Кез келген жерде арқаға  пышақ салып, не болмаса желкеден ата салуы мүмкін болса да, бастарын қауіп-қатерге тіге жүріп, бейбіт өмір жолындағы ерен еңбектерін әңгімелейді.

ерлік – елге мұра, ұрпаққа ұран2

Қара майор кім еді?

Кітапта аты аңызға айналған «Қара майордың» ерліктері нақты дәйектермен көркем суреттеледі. Командирлеріне деген сүйіспеншіліктен оның жауынгерлері  осы күнге дейін оны «батя» дейді.

«Ол операцияларды тек қана өз штабымен жоспарлап қана қоймай, егер кейбір бөлімшелер қиын жағдайларға тап болған кезеңдерде шайқастарды жеке басқарып та жүрді. Небір соғыс тапсырмаларын орындап жүрген рота, не топтармен әрдайым радио байла-ныста болып, жағдайлары шиелінісе түскендей болса, қолма-қол тікұшақпен жетіп, не болмаса соғыс машиналарымен қоршау шеңберін жарып өтіп, оларға жетуге асығатын. Жауынгерлер өз командирлеріне сенетін, «көмекке батяның өзі келді»,- дегенді естігенде кереметтей рухтанып кететін. Талай мәрте біздің топтарымыз қоршауда қалып шайқасып жүрді, бірақ бірде-бір рет уақытында көмек келмей қалған жағдай болған емес»,-деп еске алады жазушы.

Аты-шулы Ахмад Шах Масуд  қолына құран ұстап «бір айдың ішінде Панджшерден қуып шығамын»,-деп ант еткен екен.  Борис Керімбаевтың басын әкелген адамға  1 миллионнан  5 миллионға дейін ақша тіккен. Қолбасшының  тапсырмасымен подполковник Керімбаев үш мәрте, жанына ешкімді ілестірмей жалғыз өзі Ахмад Шахпен келіссөз жүргізуге барған.

Олар Борис Керімбаевтан басының осыншама қыруар ақшаға тігілгеніне қарамастан қалай қорықпай келгенін сұрағанда: – «Біздің жасақта әрбір адамның басы осындай бағалы»,-  деп жауап қайырған.  Шығарманы оқи отыра Борис Керімбаевтің осынша батыл әрекеттері арқылы оның аруақты командир екеніне көзіңіз жетеді.

Командирлер Сәкен Жасұзақов, Бақытжан Жатақпаев, Еркін Жұматаев, Қалибек Ахметов, Жұмабек Аюбаев, Александр Кононов және басқаларының соғыс қимылдарындағы тапқырлықтары мен батырлықтары аса шынайылықпен жазылған. Әртүрлі ұлттың өкілдерінен арнайы құрылған осы батальонның ұйымшылдығы, бауырмалдығы, соғыс болып жатса да жастық шаққа тән әзілдері жанға жағымды әсер береді.

Жалынға оранған жастық

Тарихта «Ауған соғысы» деген атпен қалған бұл соғыстың өз заңдары болғаны кәміл. Ұлы Отан соғысынан кейін бейбіт елде еркін өскен, бір-бір үйдің маңдайынан бір адам шертпеген телісі мен тентегі, еркесі мен жалғызы тағдырдың пешенеге жазғанына бірігіп қарсы тұрды. Сол бір бейбіт күндерде бізден алыс жақтарда соғыс өрті өшпегеніне, өрімдей жас өмірлерді  қиып жатқанына сенгің де келмейтін. Алайда, өмір шындығы – осы. Асқақ арманмен енді ғана өмір жолына қадам басқан 18-дегі жауынгерлер бір атаның баласындай болды.

Мектеп партасынан жаңа ғана шыққан, ернінен ана сүтінің табы әлі кетпеген балаң жігіттер оқ пен оттың ортасында жүріп бейбіт өмірдің қадірін түсінді, ата-ананың аялы алақанын сағынды, өскен ортасын, туған жерін, құрбы-құрдасын аңсады.

Кітаптың құндылығы сонда, біреулер керзі етікпен майдан даласында қан кешіп, қандыкөйлек досын майдан алаңынан жанұшыра арқалап шығып, аман алып қалуға тырысып жатқанда еш алаңсыз бейбіт ғұмыр кешкен замандастарға ой салады. Өз тұстастарына қарағанда бейбіт өмірдің нарқын сезініп, тыныштықтың қадірін білетін олардың басынан өткен қиындық пен арпалысты ғұмырдан сыр шертеді.

Аталмыш туынды – тарихта болған оқиғаға негізделген, тарихи құжаттарға сүйене отырып жазылған публицистикалық стильдегі шығарма. Сол бір замандағы өзіне Отан мен қоғам арқалатқан жүкті қайыспай көтерген қаракөз жігіттердің тағдыры оқыған адамды бейжай қалдырмайтыны сөзсіз.

Айгүл ЕРМЕКОВА,

филология ғылымдарының

кандидаты.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button