Жарнама
Жаңалықтар

«Ақжайықтағы» өрт: облыстың аумақтық қорғаныс бригадасынан 30 әскери қызметші жұмылдырылды

Бүгін, 20 маусымдағы жағдай бойынша «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватында ашық жалын байқалмайды. Алайда кейбір учаскелерде түтін әлі де бықсып жатыр. Мамандардың айтуынша, қамыстың түбі шала жанып, жел күшейсе, өрт қайта тұтануы мүмкін.

Өрттің одан әрі таралуын болдырмау үшін ұзындығы 70 шақырымға жуық аумаққа тракторлармен төрт қатар минералды жолақтар жыртылды. Бұл жолақтар өрттің алдын алуға және түтіндеген ошақтарды оқшаулауға көмектесіп жатыр.

Қазір резерват аумағында 150-ге жуық маман мен 40-қа тарта техника жұмылдырылған. Сонымен қатар, шала жануды толықтай жою үшін қосымша күштер мен техникалар тартылуда.

– Атырау облысы әкімінің қаулысы мен Батыс өңірлік қолбасшылығының бұйрығына сәйкес, Атырау облысының аумақтық қорғаныс бригадасына қарасты 99246 әскери бөлімнен 30 әскери қызметші көмекке келді. Жеке құрам Төтенше жағдайлар департаментімен бірлесіп, өртті сөндіру жұмыстарын жүргізуде, – деді аумақтық қорғаныс батальонының командирі Руслан Спанов.

Ал Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Нұрлан Жанабаев бықсу ошақтарын сөндіру үшін қосымша адам күші жұмылдырылғанын атап өтті. Сондай-ақ Маңғыстау облысынан жіберілген тікұшақ өрт аумағына әуеден су шашуда. Бүгіннің өзінде тікұшақ 43 рет ұшып, жалпы көлемі 258 тонна су төккен.

Айта кетейік, бұл – резерват тарихындағы ең ұзаққа созылған өрт оқиғасы. Бір аптадан бері өртті сөндіру жұмыстарына Төтенше жағдайлар министрлігі, резерват қызметі және жедел штаб өкілдері тәулік бойы жұмылдырылып келеді. Қазір 1510 гектар аумақты шарпыған өрт оқшауланған.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button