
«Ақжайықтағы» алапат жалын: 181 га өрт өшірілді
«Ақжайық» МТР-нің 800 гектардан астам аумағын шарпыған өрттің негізгі ошақтары оқшауланғанымен кейбір аймақтарда тілсіз жауды сөндіру жұмыстары әлі де жалғасып жатыр. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында баяндалды.

Қызыл жалын лаулап бастаған сәттен-ақ резерват қызметкерлері жедел түрде іске кірісіп, қауіпті аумақтарды оқшаулау және жалынды тоқтату бағытында белсенді жұмыс жүргізді. Бұл туралы «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватының директоры Дәурен Есқабылов брифинг барысында айтты.
– Өртпен күресте қолда бар күш түгел жұмылдырылды. Резерват аумағының табиғи ерекшеліктеріне сай батпақ, қамыс және қолжетімсіз жерлер жұмысты қиындатты. Қазіргі уақытта өрт ошақтары оқшауланып, жағдай жіті бақылауда. Дегенмен қауіп толық сейілмегендіктен өртті тоқтату шаралары жалғасып жатыр, – деді ол.

Жалынды ауыздықтау жұмыстарын үйлестіру және негізгі күштерді жұмылдыру облыстық Төтенше жағдайлар департаментіне жүктелді. Департамент басшысының орынбасары Рәтбек Демеубергеннің мәліметінше, техника өте алмайтын жерлерде жаяу сөндіру жұмыстары ұйымдастырылып, тәулік бойы бақылау күшейтілген.

– Өрт бойынша келіп түскен ақпаратқа сәйкес департаментпен бірінші кезекте қамысты сөндіру үшін Ми-8 тікұшағымен әуе бақылау және сумен сөндіру жұмыстары жүргізілді. Қамыс өрті басталғаннан бері департаменттің жеке құрамымен 181 гектар өрт сөндірілді (617 га өзі өшті) және қазір 7 гектар өрт ошағын жою жұмыстары әрі қарай жалғасуда, – деді ол.
Өрт салдарының қоршаған ортаға әсерін бағалау мақсатында мүдделі мемлекеттік органдар өкілдерінің қатысуымен қазіргі уақытта экологиялық мониторинг жүргізілді. Бұл туралы Атырау облысы бойынша Экология департаментінің басшысы Асқар Жүсіпов атап өтті.
– Өрт салдарынан қорғалатын табиғи аумақтың экожүйесіне елеулі залал келді. Қазір де өрттің атмосфералық ауаға тигізген әсерін бағалау жұмыстары басталды, – деді департамент басшысы.
Өртті сөндіруге облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің, резерват мамандарының және «Қазавиақұтқару» АҚ-ның күштері жұмылдырылды. Өртке қарсы күрес жұмыстарына барлығы 80 адам мен 20-дан астам арнайы техника қатысса, әуеден тікұшақпен 100 тонна су төгілді.