Жарнама
ЖаңалықтарБілім

Ақ жейде 6 мыңнан: атыраулық журналист балалардың мектепке дайындығын зерделеп көрді

Жаңа оқу жылының басталуына санаулы  күндер қалды. Бүгінде ата-аналар балаларын мектепке дайындаудың қамына кіріскен.

Елде пандемия басталғалы білім беру жүйесі біраз қиындыққа тап болды. Қашықтан білім беру, кезекші сыныптар ашу секілді жаңа бастамалар өмірге енді. Иә, өткен оқу жылында эпидемиологиялық ахуалға байланысты оқушыларға мектеп формасын кию міндеттелмеді. Ал, биыл қалай болмақ? Ата-аналар неге алаңдаулы?

«Қымбатшылық қысып барады»

Мектеп формасы мен оқу құралдарын алу бүгінде ата-ана үшін оңайға соқпай тұр. Соның ішінде мектеп жасындағы бір емес, бірнеше баласы бар отбасыларға қиын. Өйткені форманың өзі арзан тұрмайды. Үш баласы мектепте оқитын атыраулық Римма Маженова баланы оқуға дайындау қалтаға салмақ түсіретінін айтады.

– Әр отбасының жағдайы әртүрлі. Бір баланың киім-кешегін сатып алуға кемінде 60-70 мың теңге керек. Оған сөмкесін, оқу құралдарын қосыңыз. Қырғыз, Қытай елдерінен келген арзандауларының сапасы төмен, ұзаққа бармай-ақ тігісі сөгіліп қалады. Ал, брендтік фирмалардың киімін алуға екінің бірінің мүмкіндігі жоқ. Өзіміздің елде тігін өндірісі дамымаған, оның ішінде мектеп формасын тігетін цехтар жоқ. Болса да өнімдері қымбат. Себебі шикізат шетелден әкелінетіні белгілі. Сондықтан қазіргідей қиын кезеңде әр баланың барын киіп, мектепке баруына мүмкіндік берілуі керек. Қазір ата-аналарға бір нәрсені міндеттеудің өзі артықтау секілді. Оның үстіне бүгінгі оқушылар бұрынғы біз секілді аға-апаларынан қалған киімді кимейді, – деді ана.

Арзан тауарға еселеп ақша қосып, бағасын қолдан қымбаттатын саудагерлер туралы да аз айтылып жүрген жоқ. Ол өз алдына бөлек әңгіме. Біз мектеп формасына қатысты пікірін білу мақсатында 8 бала тәрбиелеп отырған «Алтын алқа» иегері Альфия  Ізтелеуоваға хабарласқан едік. Оның айтуынша, биылғы оқу жылы қарсаңында балалары білім алатын мектептің әкімшілігі сабаққа баратын төрт баласының біріне ғана көмек көрсеткен.

– Жаңа оқу жылында балаларымыздың дәстүрлі форматта немесе қашықтан оқитыны әлі белгісіз. Ол әрине, эпидемиологиялық ахуалға байланысты. Сондықтан мектеп формасын әлі ала қоймадық. Қыркүйек айы жақындағанда «балалар дәстүрлі форматта оқиды немесе кезекші сыныптар ашылады» десе оңай болмасы анық. Бүгінге дейін бір баламның ғана спорттық киімін алып берді. Әлі қаншама зат алынуы қажет?! – деп мұңайды көп балалы ана.

Классикалық үлгіде киінуі керек

Ата-аналар балаларын мектепке дайындауды ойластырып жатқанда, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов жаңа оқу жылында балалардың мектепке бірдей формада баруға міндетті еместігін мәлімдеді. Министр мұндай шешімге елдегі эпидемиологиялық жағдай мен кейбір отбасылардың экономикалық қиыншылыққа тап болуы себепші болғанын айтты.

Осылай көпшілікті толғандырып жүрген сауалға министр нүкте қойды. Түсінгеніміздей, жаңа оқу жылында оқушылар қалауынша мектеп формасын не болмаса классикалық үлгідегі кез-келген киімді кие алады және ол әр отбасының жағдайына, мүмкіншілігіне байланысты болмақ.

Ақ жейде алты мыңнан

Біз базардағы биылғы бағаны бағамдамақ ниетпен сауда нысандарын аралап көріп, интернет магазиндерге көз жүгірттік. Бір байқағанымыз жейде, шалбар, белдемше, аяқ киім түрлерінің бағалары қымбаттаған. Ал, оның себебін сатушылар экспорттаушы мемлекеттердің өнім құнын көтеруімен байланыстырады. «Дина» базарында балалар киімін сатумен айналысатын Асыл есімді сатушы «бағаның өзгеруі жыл сайынғы қайталанатын жағдай» дейді.

– Киім сатумен айналысқаныма бірнеше жыл болды. Бағаны қолдан қымбаттатпаймыз, бізге дейін солай келеді. Қосатынымыз шамалы ғана. Былтырмен салыстырғанда мектеп киімдері 2-3 мың теңге аралығында көтерілген. Ал, классикалық үлгідегі киімдерге таңдау көп, бірақ олардың да бағасы сапасына қарай әртүрлі болады, — деді ол.

Базарда киім қарап жүрген адамдардың қарасы көп емес екен. Соның бірі Айнұр Сәрсенова есімді қала тұрғыны балаларына мектеп формасын қарап жүр. 

–  Мектепке екі балам барады. Әрине,  оқушының бірдей киінгені дұрыс. Оларды өзгелерден ерекшелейтін де формалары. Ақ бантик пен ақ жейде, белдемшесін киіп мектепке бара жатқан қыз балалар мен ақ жейде, бір түсті шалбар мен кеудеше киген ұлдарды  көрсем қызығамын. Бір жағынан бірдей киіну балаларды әлеуметтік жікке бөлмейді. Алайда министрдің шешімімен  келіспеуге тағы болмайды. Себебі ата-аналардың жағдайы бірдей емес. Қазіргідей кезде әркім барын киеді, – деп жауап қайырды сұхбаттасушымыз.

Базарда мектеп формаларының бағасы өндіруші елге, сапасына қарай әртүрлі. Мәселен, қыз балаға арналған ақ жейденің бағасы 6 мың теңгеден жоғары болса, аяқ киімнің құны 7 мыңнан басталады. Ұл балаға арналған дара шалбардың бәсі де 6 мыңнан асады. Толық комплектілі қытай мен қырғыз киімдерінің бағасы 12  мыңнан жоғары. Жасөспірім балаға арналған костюм мен шалбардың түркиялық түрі 30 мың теңгеден басталады. Осылай талғамға ерік берсеңіз ақшасы да  қымбаттай береді.   

18 мың өтініш түскен

Мектеп формасы әсіресе алғаш мектеп табалдырығын аттағалы отырған балалар үшін, яғни, олар бірдей талап пен жалпы мектеп ортасын сезіне білуі үшін маңызды. Облыста жаңа оқу жылында 1 сыныпқа қабылдау үшін бүгінге дейін 18 мыңнан астам өтініш келіп түскен. Облыстық білім беру басқармасы  баспасөз қызметінің мәліметінше, оның 13 514-і egov порталы арқылы жіберілсе,  5 000-ы  басқа жүйелер арқылы, 251 өтініш қағаз түрінде берілген. Сондай-ақ, құжаттардың дұрыс болмауы себебінен 4 410-ы кері қайтарылып отыр.

Облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Айнагүл Дүйсекенова келіп түскен өтініштерден тек 14 355 баланың құжаты қабылданғанын баяндады.

– Өтініштердің басым көпшілігі қазақ тілді сыныптарды таңдап отыр. Мәселен, қабылданған балалардың 10 866-сы қазақ сыныбына барса, қалған 3 489 бала орыс тілді сыныпты таңдаған, — дейді басқарма басшысының орынбасары.

«Мектепке жол»

Жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан «Мектепке жол» акциясының аз қамтылған отбасы балаларының қатардан қалмай, мектеп формасы, оқу-құралдармен қамтамасыз етудегі ролі зор. Биыл бұл акция Atamekenim.kz порталы арқылы жүзеге асатынын қаперге береміз. Бұлай жасау ашықтық пен шын мұқтаждарға қолдау болуына мүмкіндік бермек. Сонымен қатар мұндай жаңа тәсілдің көмек көрсету мәдениетін қалыптастырарына күмән жоқ. Бұл туралы облыстық білім беру басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.

Көмекке қол жеткізу үшін мұқтаж адамдар алдымен өз өтінімдерін қалдырады. Ата-ана Аtamekenim.kz порталына кіріп, баласының ЖСН-ін тіркеу арқылы тізімге енеді. Әлеуметтік көмек  алатын отбасылар қатарындағы 6 жастан 18 жасқа дейінгі орта білім беру ұйымдарында оқитын балаларға Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 25 қаңтардағы №64 қаулысына сәйкес жылына бір рет киім-кешек және кеңсе тауары ретінде материалдық көмек ұйымдастырылатынын ескерген жөн. 

Аталған платформаның мұқтаж адамдар мен қайырымды жандар арасында тікелей байланыс орнататын ашық алаңға айналары сөзсіз. Басты мақсат – көмекке мұқтаж адамдардың шынайылығын растау, олардың әлеуметтік қажеттіліктерін шешу. Қаражаттың онлайн түсуі мен пайдаланылуы да қатаң  бақылауға алынады.

Түйін:       

Шәмші Қалдаяқов әнін жазған «Ақ бантикті» білмейтін қазақ кемде кем болар. «Балауса қыз едің бір кезде, Шашыңа ақ бантик байлаған…» деп басталатын өлең жолдары көз алдымызға оқушы қызды, оның періште бейнесін әкелетін.

Иә, оқушыны өзгеден өзгеше ететін – оның формасы. Өмір талаптарын өзгеріске ұшыратқан пандемия балаларымызды формадан айырмаса игі дейік. Әйтпегенде  мектепке де өз қалауымен киінетін баланың өз дегенімен жүріп, өзінен басқаны елемей өсетіні қауіп. Арнайы форма – баланы «статусқа» бөлуден сақтайтын тиімді жол. Ал сіз, қалай ойлайсыз?..

Мәлике  ҚУАНЫШЕВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button