Жарнама
Жаңалықтар

Ақ халатты абзал жандар марапатталды

Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрында жылдағы дәстүрмен медицина қызметкерлерінің мерекесіне арналған салтанатты жиын өтті. Іс-шара жергілікті филармония өнерпаздарының әдемі биімен басталды.

Салтанатты жиында сөз алған облыс әкімінің орынбасары Марат Мурзиев сала мамандарын кәсіби мерекелерімен құттықтап, облыстағы атқарылып жатқан бірқатар жұмысқа тоқталды.

– Кез келген мемлекеттің басты құндылығы ол – адам, сондай-ақ оның бостандығы мен денсаулығы. Адамның денсаулығына кепіл медицина саласының мамандары мен қызметкерлері десек қателеспейміз. Қоғамда медицина саласы қызметкерлерінің ерекше миссиясына түсіністік танытуымыз керек. Олардың әрқайсысы пациенттерге кәсіби тұрғыда жанашырлық танытып, моральдық қолдау білдіріп отырады. Мемлекетіміз денсаулық қорғаны, халық жанының шипагері, мейірім мен ізгіліктің жаршысы болып жүрген өздеріңіздей жандардың еңбегін ерекше бағалайды. Бүгінде мемлекетімізде денсаулық сақтау саласын қолдау бойынша көптеген жұмыстар атқарылып жатыр. Соның бірі ретінде мемлекет тарапынан «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасын айтуға болады. Бұл бойынша облыста да ауқымды, күрделі жұмыстар атқарылуда. Қазір 3 медициналық мекеме нысанының құрылысы аяқталды. Сондай-ақ, 15 медициналық мекеменің құрылысы жүріп жатыр. Сонымен қатар, көптен күткен жедел жәрдем стансасы, радиологиялық орталықтың құрылысы басталады деп күтілуде. Екі қалалық емхана нысанының құрылысы жүргізілуде. Оған қоса әлеуметтік қолдау бағытында республикалық, облыстық тұрғыда тиімді бағдарламалар жүзеге асып жатыр. Біздің өңірде медицина саласында кадр тапшылығы бар. Сондықтан жастарды қолдау бойынша да жұмыстар атқарылуда. Өздеріңізге белгілі бүгінгі таңда аймақтық бағдарламалар жүзеге асып келеді. Атап айтсақ, жас мамандарға бюджет тарапынан көтерме ақы төленуде. Олар облыс орталығына келсе 5 млн-ға дейін, аудан орталығын таңдаса 7 млн., ауылдық жерлерге барса 10 млн-ға дейін көтерме ақы төленеді. Биыл медицина қызметкерлерін өңірімізге тарту бағытында жүзден астам пәтер сатып алынды. Бұл да осы салаға бет бұрған қызметкерлерге үлкен қолдау болады деп білеміз. Бүгінде облысымызда 1575 дәрігер және 5270 орта медицина қызметкері жұмыс істейді.
Сіздерді медицина қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймын, — деді Марат Бисенғалиұлы.

Жиында облыс әкімінің орынбасары бірқатар медицина қызметкеріне түрлі деңгейдегі марапаттарды табыстады. Соның ішінде Жылыой ауданындағы су тасқыны кезінде Маңғыстау облысындағы ауруханаға үйлестіруші болып атсалысқан бір топ дәрігер де бар. Сондай-ақ, облыстық мәслихат ардагерлер кеңесі, қоғамдық кеңесі, денсаулық сақтау басқармасының Алғыс хаттары да мереке иелеріне табысталды
Шара соңы медицина қызметкерлерінің құрметіне арналған концертке ұласты.
Алмас ҚАБДОЛОВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button