
АҚ АЙДЫН ЕРЛЕРІ АРДАҚТАЛҒАН КҮН
Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрында Балық шаруашылығы қызметкерлері күніне арналған салтанатты жиын өтті. Кәсіби мереке иелерін Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғалин Бердалин құттықтады. Ол алдымен салтанатты шараға қатысушылардың назарына Премьер-министр Олжас Бектеновтің құттықтауы мен жылы лебізін жеткізді.

Ұлттық экономиканы дамыту және еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде балық шаруашылығы аса маңызды рөл атқарады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел Үкіметінің алдына бұл бағытта жүйелі де жоспарлы шараларды жүзеге асыру, балық өсіру кәсіпорындарын уақыт үрдісі мен заман талабына сай қайта жаңғырту міндетін қойды. Бұл орайда осы саланың инвестициялық ахуалын жақсартып, экспорттық әлеуетін арттыруға мүмкіндік беретін ,,Аквашаруашылықтар туралы» арнайы заң қабылданды. Сондай-ақ жаңа өндіріс орындарын құру, кәсіпкерлерге қаржылай қолдау көрсету, салықтық жеңілдіктерді ескеру, инфрақұрылымдарды жақсарту бағытында да нақты шаралар қолға алынды. Сіздердің қажырлы еңбектеріңіздің арқасында еліміздің балық шаруашылығы тұрақты және табысты дамыды. Мұнда атыраулықтардың қосып отырған үлесі ұшан-теңіз, еңбектеріңіз ерен. Ендеше байырғы кәсіпті өнеркәсіпке айналдыруға атсалысып отырған балықшылар мен сала ардагерлері мен қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, дендеріне мықты саулық, отбастарына амандық, тынымсыз да ерлікке пара-пар еңбектеріне толайым табыс, тың бастамаларына сәттілік тілеймін» делінген Үкімет басшысының құттықтау хатында.

Осыдан соң ерен еңбегімен ерекшеленіп, әріптестеріне үлгі-өнеге танылып жүрген кәсіби мереке иелері ұлығыланды. Оларға ,,Балық шаруашылығы саласының еңбек сіңірген қызметкері», ,,Балық шаруашылығы саласындағы мінсіз қызметі үшін» төсбелгілері, Ауыл шаруашылығы министрлігінің Құрмет грамоталары және Балық шаруашылығы комитетінің Алғыс хаттары салтанатты жағдайда табысталды.
Келесі құттықтау кезегі облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаевқа жолданды. Жылы лебізіне қоса ол кәсіби мереке иелерінің бір тобын аймақ басшысы Серік Шәпкеновтің атынан жазылған Алғыс хатпен марапаттады. Салтанатты шараның соңы мерекелік концертке ұласты.
Дәулетқали АРУЕВ,
Суреттерді түсірген Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ