Апатты үйлер тұрғындары жаңа баспанаға көшірілді
Махамбет ауданында бірнеше жылдан бері қордаланып қалған басты мәселелердің бірі — апатты үйлер тұрғындарын қауіпсіз баспанаға көшіру. Бұл мәселені шешу үшін аймақ басшысы Серік Шәпкеновтің қолдауымен облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, апатты деп танылған көппәтерлі үйлердің тұрғындары жаңа үйлерге қоныстануда.
Аудан әкімдігінің хабарлауынша, өткен жылы Махамбет ауылындағы Абай көшесі, 169 және Қартқожақов көшесі, 20 мекен-жайларындағы тұрғын үйлер апатты деп танылып, тұрғындарға жаңа баспана беру жұмыстары қолға алынған еді. Осыған орай, бюджет қаражаты есебінен жаңа үйлер сатып алынып, 30 отбасы толық абаттандырылған жаңа пәтерлерге қоныс аударды.
Қоныс тойына аудандық әкімшілік өкілдері мен жауапты мамандар қатысып, тұрғындардың қуанышына ортақтасты. Іс-шараға Махамбет ауылдық округі әкімінің орынбасары Алшынбек Мұқанғалиев және аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Рамазан Тәжбентаев қатысып, жаңа пәтерлердің кілттерін табыстады.
-Жаңа үйлер тұрғындарға жөнделген және дайын күйде ұсынылды. Сонымен қатар, меншік құқығын растайтын барлық құжат толық көлемде тапсырылды. Бұрынғы апатты үйлер сүріліп, орындары тазаланатын болады. Олардың орны мемлекет қажеттілігіне сай жаңа мақсатта қолданылады, — А.Мұқанғалиев.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА