EAS 703

Зелимхан Зубариев: «Қаным өзге болғанымен, жаным қазақ»

Жаңалықтар Қоғам


Atr.kz/1-наурыз, 2019 жыл. Алғыс айту күні – бірден-ақ жалпыхалықтық сипатқа ие болған мереке.

EAS 703

Өйткені, бұл күні бір кездері тағдыр тәлкегімен жерімізге еріксіз қоныс аударған түрлі этнос өкілдері «Қасиетті Қазақ жері мен оның қонақжай халқына қарызбыз» десе, жергілікті халық өзге жұртқа жасаған жақсылығын «парыз» деп есептейді. Ең бастысы, бұл мереке ел бірлігін нығайта түсуімен, табыстарымыз бен игіліктеріміздің қоғамдық келісім мен татулықтың арқасында екендігін жан-жақты паш етуімен құнды.

Тылда қалғандар сұрапыл соғыстың  екі жарым жылын да әупірімдеп жүріп  өткізді. Майдан шебі біртіндеп батысқа бағыт ала бастағанымен жау өліспей берісер емес. 1944 жылдың ақпаны. Халықтың келе жатқан көктемнен шуақ, нұр күтетін әдеті емес пе?

Жоғарғы Бас Қолбасшының нұсқауына сәйкес, ҚСРО Қорғаныс Комитетінің бұйрығымен 1944 жылдың 23 ақпаны мен 9 наурызы аралығында Кавказ аймағын мекендеген шешендер мен ингуштарды ата қонысынан айырып, күштеп жер аудару науқаны жүрді. Тарихи деректерге сүйенсек, екі аралықтағы жол азабы мен аурудан, аштықтан бір жүз отыз мыңдай шешен-ингуш халқының өкілдері қырылып қалған көрінеді.

Тау бөктерінде азын-аулақ уақ жандығын бағып жүрген оның әке-шешесін де әй-шәйға қаратпастан ақпанның аязды күнінде жан-жағы алқам-салқам вагонға тиеп ала жөнелді. Қайда, неге бара жатыр? Оны өздері де түсініп болмады. Пойыздың шойын жол бойымен зырлағаны болмаса, вагоны қақап тұр, беріп жатқан тамағы жоқ. «Өлмейтін жанға өлі балық жолығар» демекші, стансаларға тоқтағанда адамдардың бергенін алып, талғажау етеді. Елден шыққалы он күн, он бес күн. Әлі жүріп келеді. Наурыздың орта шеніне таман бұлар он сегіз күн жүріп, Алматыға жетті-ау ақыры. Қуғын-сүргінге ұшыраған отбасыларды әрі қарай машинамен Алатау баурайындағы «Алтынемел» деген жерге апарды. Үйелмелі-сүйелмелі жеті баласымен келген Асабали мен келіншегі Нананы қамқорлаған жергілікті қайырымды жандар үміттерін қайта жаққандай болды.

1944 жылдың көктемі шығысымен қазақтардан пана тапқан шешен отбасы шағын баспаналы болды. Ересектер жағы жұмысқа орналасты. Асекең әуелі колхоздың өгіз арбасымен, кейін ат арбамен, қос бөшкемен су тасыды. Анасы шаруашылық қоймасында жұмыс жасады, бидай тазартуға көмектесті. Сол «Алтынемелдің» үшінші бөлімшесінде жиырма жыл тұрған әке-шешелері 1964 жылы туған жерлеріне оралды. Қазақ топырағында туған алты бала ешкімнен теперіш  көрген жоқ.

«Өзіміздің кіндік қанымыз тамған қазақ жері болғандықтан біз осында қалдық. Қазақ балаларымен бірге ойнап, өстік. Мектепте білім алдық. Ер жетіп, есейдік. 1969 жылы немере ағам Адаммен бірге Индер ауданының «Путь Ильича» кеңшарында жұмыс жасадым. Осында тұрмыстық, әлеуметтік нысандар мен тұрғын үй  салдық, техника жөндедік. Менің алдымнан ылғи да жақсы адамдар кезікті. Шаруашылықтағы Сатан Молдашев, Қуан Құлғалиев, Шәши Еділбаев, Зинел Өрбісінов, Мырзағали Егінбаев сынды ағаларымның қамқорлығын талай сезінгенмін» дейді Зәкең өткен өміріндегі шуақты шақтарды еске ала отырып.

EAS 785

…Алматының автомобиль жолдары институтын тәмамдаған Зелимхан жаңадан салынып, көшелері бой түзей бастаған Аққыстауға көшіп келді. Аудандағы №89 жол-құрылысы учаскесіне цех мастері болды, өзін іскерлігімен танытқан ол асфальтбетон зауытына, жол-құрылысы учаскесіне басшылық жасады.

Бүгінде ауылда Зубариевтар отбасын білмейтіндер кемде-кем. Бәрін туған ағайынындай көретін Зәкең мен Әмина жеңгей де, балалары мен немерелері де қазақшаны мақалдап соққанда көпті жаңылдырады. Қазақтың салт-дәстүрін жақсы біледі. Шаңырағына бас сұққан адамға жеңгеміз қымызы мен шұбатын, бауырсағы мен қаймағын, жал-жаясы мен қазысын, ірімшігі мен құрт-майынан дәм таттырмай шығармайтын әдеті бар. Бәрін бауырындай сыйлайтын Зубариевтар достық пен татулықтың, ынтымақ пен бірліктің қадір-қасиетін терең сезінеді.

«Аққыстауға келген қырық жылдан астам уақытта жанымызға адал дос, сыйлас адамдар жинадық. Немерелеріміздің тілі қазақша шықты, ал, шешенше сөйлегендері өзге ұлттың өкілі сөйлеп тұрғандай әсерде қаласың. Атырауда тұратын Самат Мәдиев деген композитор досым маған арнап «Зелимхан» деген күй шығарды. Қазір бір немеремді домбыра үйірмесіне берейін деп жүрмін», дейді ол.

Өткен жылы облыс жұртшылығына «Аманат» атты қысқаметражды фильм көрсетілді. Фильм облыстық Дін істері басқармасының тапсырысы бойынша түсіріліп, онда шешен ұлтының Аманат есімді ақсақалы өзінің балалық шағы, яғни қиын-қыстау кезеңдерінде өзін қазақ отбасы асырап алып, адам қатарына қосқаны туралы есіне алғандығы бейнеленген. Аталмыш фильмде басты рөлдегі Аманаттың  бейнесін сомдаған да осы  Зәкең.

«Қаным шешендікі болғанымен, жаным қазақ» деп Отанына шынайы патриоттық сезімін алқалы жиындарда еркін де ашық білдіріп отыратын Зелимхан ағамыздың махамбеттік досы Нұртас Мұхтаров өткен жылы досымен бірге Шешенстанда  болып, Грозный қаласының 200 жылдығына арналған мерекелік шараларды тамашалағанын айтты. «Табиғаты көркем, ауасы таза, мұсылмандық жолды мықтап ұстанған шешендер қазақ десе тік тұратындығына қайран қалғаным бар-ды.  Зелимхан адал достыққа лайықты жан. Бір жылдың төлі болған соң әзіліміз де жарасады. Өмірлік жары Әмина екеуі бақытты отбасының бірі» дейді досы туралы сыр ағытқан Нұртас Мұхтаров.

Исатай ауданындағы Зәкеңнің шаруа қожалығында қазір жылқы, сиыр мен қой малы бағылады. Өндірген табиғи таза өнімдеріне халықтың тұтыну  сұранысы жоғары. Бүгінде оның әрісі Талдықорғанда, берісі Махамбетте тұратын немере ағалары қазаққа қыздарын берген, ұлдарына келін алып, құдалық туыстықты тату-тәтті тірлікпен жалғастырған.

«Әкем көзі тірісінде айтып отырушы еді: «Сонау қиын-қыстау кезеңде қазақ халқы өз бастарынан ауыр жағдайды өткеріп отырғанына қарамастан, күштеп жер аударылған бізге барынша қамқорлық көрсетті. Кімнің тірі қалуы белгісіз кезеңдегі азапты тірлікте көмегін аямаған халық туралы жылы лебізін көзі жұмылғанға дейін айтумен болды. Сол кездегі қайырымдылықты ешкім ұмытпайды. Әрқашан қазақтардың көрсеткен көмегін есімізде сақтап, оларға алғыс білдіруді абзал борышымыз деп білеміз» деді біз әңгімеге тартқан кейіпкеріміз – шешен жігіті, жергілікті «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің төрағасы Зелимхан Зубариев.

Бақытжан ЖҰМАТ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған