
Аналарға шабыт сыйлаған жүздесу
Атырауда «Анаға қолдау» жобасы аясында ерекше рухани кездесу өтті. «Балалар – елдің болашағы» аумақтық қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өткен шарада аналар танымал тележүргізуші, қоғам белсендісі Айгүл Мүкеймен жүздесіп, өмірлік мотивация алды.

«Жаңа қадамға – жігер, жаңа өмірге – үміт» тақырыбында өткен бұл басқосу – жүрек пен жүректі жалғаған, үміт пен сенімді арттырған маңызды сәттердің бірі болды. Кеш барысында қатысушылар бір-бірімен пікір алмасып, өмір жолындағы тәжірибелерімен бөлісті. Әсіресе сахнада жанды дауыста шырқалған әндер мен аналардың өнері көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Би үйірмесіне қатысушы аналардың сахнаға алып шыққан қос биі де ерекше әсер қалдырды. Әрбір қимыл, әрбір қадам – аналардың өмірге деген құштарлығы мен ішкі рухының айғағындай болды. Айгүл Адиятоллақызы кездесуде аналармен отбасы, денсаулық, тұлғалық даму төңірегінде ашық пікір алмасты. Әрбір анаға жеке назар аударып, оларды арман мен мақсатқа жетелеу жолындағы нақты қадамдарға ынталандырды. Жай ғана мотивация емес, шынайы қолдау көрсетілді.
Белгілі тележүргізуші тігін үйірмесіне қатысушы аналардың қолынан шыққан бұйымдарды жоғары бағалап, бірнеше туындыны сатып алып, елордаға кәдесый ретінде ала кетті. Бұл – аналардың еңбегіне берілген зор баға ғана емес, олардың шеберлігіне деген шынайы құрметтің көрінісі болса керек.
Шара соңында Айгүл Мүкей аналармен бірге заманауи тренд түсіріп, жеке естелік фотоларға түсіп, көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Бұл кездесу аналарға үлкен рухани демеу, жаңа өмірге бастар сенімді қадам болды.
Айбөпе МҰРАТҚЫЗЫ