
Ана – тіршілік тірегі
Кеше Халықаралық отбасы күніне арналған мерекелік іс-шараны «Жарқын жанұя» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды. «Kuralay» өнер студиясында өткен «Ана – тіршілік тірегі» атты мерекелік диве қатысушыларды бір серпілтті.

Іс-шараға «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иелері, көпбалалы аналар мен ерекше бала тәрбиелеп отырған аналар қатысты. Мерекелік кездесуге Атырау облысы әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі бас инспектор Зәмзагүл Жалмурзина арнайы қатысып, аналарды мерекемен құттықтады.
– Отбасы – қоғамның өзегі. Ана – мейірім мен парасаттың, береке мен бірліктің бастауы. Мұндай шаралар арқылы біз отбасылық құндылықтарды дәріптеп, аналардың еңбегін құрметтеуге жол ашамыз, — деді З.Жалмурзина.
«Жарқын жанұя» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Динара Құдайбергенова да сөз сөйлеп, шараның мақсаты – аналарды қолдау, олардың қоғамдағы рөлін насихаттау екенін атап өтті.

Қатысушылар арт-терапияда сурет салып, студияның жас өнерпаздары күй орындап, көрермен ықыласына бөленді.
Бағдарлама соңында аналарға сыйлықтар табысталып, жиналғандар ұйымдастырушыларға ризашылықтарын білдірді.
Майра ЕРҒАЛИ
Осындай шара барысында жаксы отти алдағы уақытта шаралар бола берсин