Қанға сіңген қасиет
Жиырма жылдан бері Қазақстанның мөлдір аспанында бір сурет жарқырай көрініп, әлем эфирінде бір есім дүние жүзі халықтарының жүректерін тебірентіп жүр. Бұл кім? Соншама жұмбақ есім бе?
Иә, жұмбақ есім. Жұмбақ есім болатын себебі – жарты ғасыр бойына бұл адам туралы ешбір баспасөз, ешбір эфир үн қатқан жоқ. Мүлде ұмыт бол-ған. Фашистік Германиямен қантөгіс жылдар туралы әңгіме болса, не Жеңістің мерейлі онжылдықтарында ғайыптан аталады, аталмаса ол да жоқ. Ол қазақтың тұңғыш ұшқыш батыр қызы Хиуаз Доспанова еді.
Сіз «майданда басқа орыс қыздарымен Отан алдындағы міндетті борышымды өтедім» деп қана тынышталып, «мен – майдангермін», «мен –қазақтың тұңғыш ұшқыш-штурман қызымын» деп ешқашан кеудеңізді қақпадыңыз. Бұл Отан алдындағы борыш деп жүрегіңізде сақталды да, Сіз «мен сөйткенмін» деп ешкімге міндет арқалатқан жоқсыз.
Соғыс бітіп, бейбіт еңбекке араластыңыз, адал жүректі коммунист болдыңыз, елдің басқару органдарында белсене қызмет атқардыңыз. Осындай ортада жүріп өзіңіздің ерліктеріңіз жөнінде, өзіңіз жөнінде, біреуге бірдеңе айтуды ар санадыңыз. Табиғат жаратқан қарапайымдылығыңыз бұл жөнінде айту дегенді ойыңызға алдырмады.
Қарапайым дегенде иіліп-бүгілген адам деуден аулақпын. Сіз үкімет жұмысын мінсіз атқардыңыз, майданда қандай ерлік көрсетсеңіз, партиялық жұмыста да сондай ерлік көрсеттіңіз. Иіліп-бүгілу, жағымпаздық Сізге жат еді. Сіз үкімет жұмысын мүлтіксіз атқарумен қатар, өзгеден де сондай жұмысты талап еттіңіз. Өз басшыларыңыздан да, басқа қызметкерлерден де «ым-жым» сияқты істерді, парақорлықты, сыбайластықты ешқашан кешірмедіңіз. Сіз іске салғырт қарауды, жалқаулықты, жағымпаздықты, салбөкселікті, ығай-сығайлықты, жерлестікті, рушылдықты жан-жүрегіңізбен жек көрдіңіз.
Сіздің өткірлігіңіз – ешкімнен тайсалмай, кім болса да, кемшілігін бетке айтып тастайтын батылдығыңыз, айтқанынан қайтпайтын қайсарлығыңыз, алдына қойған жоспарды қалай да орындауға тырысатын бірбеткейлігіңіз, талай үлкен жиналыстарда ешкімнен ығыспастан келеңсіздіктерді өткір айта білетіндігіңіз. Осының бәрі Сізге табиғат берген мінез еді. Ал, табиғат сыйлағанды өзгерту еш мүмкін емес.
Сол мінезіңіз Сізді адалдық шыңына шығарды, сол мінез Сізді мәңгілік Адам етті. Сол мінез Сізді халықтың сүйіспеншілігіне бөледі. Бірақ, қаншама халық құрметіне, ел сүйіспеншілігіне бөленсеңіз де, кейбір кереғар, адам іспеттілер мен пендесымақтардың ризашылығын ала алмағандықтан да, дәл отыз жеті жасыңызда, қайрат-жігеріңіз «елім», «халқым» деп тасқындап тұрған шағыңызда мүгедектікті бетке ұстап зейнеткерлікке шығып кеттіңіз.
Себебі, Коммунистік партияның ұраны шындық, тазалық, принциптілік, іскерлік деп тұрса да, бұл тек жалған ұран екенін Сіз жақсы түсіндіңіз. Бұл ұрандатқан сөздерде адалдық пен әділеттілік жоқ екенін білдіңіз. Мұндай жалған дүниеден бойыңызды аулақ салуды мақсұт тұттыңыз. Жалғандықтың туын ұстағандар Сіздің мөлдір бұлақтай тазалығыңызды қаламады. Ал, мөлдір бұлақ лай-батпақты көлге емес, таза теңізге ғана құюы керектігін қаладыңыз.
Аруағыңыздан айналайын, апатай, Сіздің ерлігіңіз хақында Сағынғали Сейітов, Қанапия Ахметов, Әбу Сәрсенбаев, Жұбан Молдағалиев, Әзілхан Нұршайықов және тағы басқалар көп жазды. Ұлылық пен тазалықты, ақтық пен пәктікті тек қана өздері де ақ та пәк адамдар тани біледі. Сіз осы кісілер арқылы халық махаббатына бөлендіңіз.
Сол замандарда, Сіз туралы тарихтың жабылып бара жатқан шағында, өткір пышақ қап түбінде жата ма, тарихтың төрінде, Жеңіс төрінде алтын тақтың үстінде жарқырап отырғаныңызды бүкіл қазақ халқы ұмытқан жоқ. Сіз халықтың жүрегінде жатқан өзіңізге деген ғажайып құрмет төрінде болғаныңызды білмедіңіз. Екі мыңыншы ғасыр тоғысында халық «осы өтіп бара жатқан жиырмасыншы ғасырда кімнің атын атай аламыз» дегенде, Сіз ең алғаш аталғандардың бірі болғансыз. Міне, сол кезде Сіздің маңдайыңызға түскен күн халық жүрегінің, халық махаббатының шуағы болып төгілді.
Сол шақта сіз: «Иә, мен қарапайым майдангерлердің бірімін» деумен ғана болдыңыз. Майдандағы алған ордендеріңізді мыңдаған әжім басқан, аздап діріл қаққан қолыңызбен көрсеттіңіз. «Мұнда не тұр, майданда мұндай ордендерді кім алған жоқ» — деп немкетті жауап бердіңіз. Жоқ, апа, Сіз қазақстандық әрбір көзі мөлдіреген сәбиді, әрбір қаракөз өз бауырыңызды, әрбір өзіңіздің әке-шешеңіздей ата-аналарды, гүлді, болашақ жастардың махаббатын, туған жердің әрбір сүйемін, туған даланың бұтасы мен бұйырғыны өскен төбесін, өзіңіз шомылып өскен Жайығыңыздың кәусар суының әр тамшысын, әлі дүниеге келіп үлгермеген сәбилердің ғұмырын қорғадыңыз! Сіз бүкіл әлем таңғалғандай, бір континентті қайта жасағаныңызды білесіз бе? Сіз мұны өзіңіздің қарапайымдылығыңызбен еш мойындағыңыз да, сезінгіңіз де келмейді. Неткен ғажайып кіршіксіз дүниеден жаралған адамсыз?!
Мейлі, Сіз өзіңіздің ұлылығыңызды сезінбесеңіз, сезінбеңіз. Ол ұлылықты туған халқыңыз, қазағыңыз өздерінің жүректерінің қанымен қазақ даласының әр жазығы мен тауына, жұлдыздар шоғырымен аспанына жазып қойды. Ол шежірені ешбір күш өшіре алмайды. Сіздің «Халқым үшін» және «Под командованием Расковой» деген еңбектеріңізді Астана қаласында 2016 жылы басылып шыққан «Хиуаз» атты кітапты жүрегімізбен аялап, дүрсілдете соқтырып отырып оқыдық.
Қолжазбаларыңыз бұрын басылған да шығар. Бірақ, оны айт-қымыз келмейді. Осынау «Хиуаз» атты кітапта Сіз туралы көп нәрсе жазылған. Айналайын Ақ апа, өз қолыңызбен сиямен жазған қолтаңбаңыз қандай еді! Сіз жазған әрбір әріпті әспеттеп оқыдық. Бұл әріптерді қандай жүрек жазған деп, Сіздің кітаптағы мөлдір жастық кезіңіз бейнеленген суретіңізді көріп отырып оқығанда, көзімізден осы кітап бетіне тамған мөлдір жастың табын көрсеңіз-ау, шіркін! Сіздің әке-шешеңіздің, бауырларыңыздың, сүйген жарыңыздың, ұлыңыз Ерболаттың суреттерін қызыға қарадық. Бұл кітаптан өз қолыңызбен толтырған жеке іс қағазыңыз, өз қолыңызбен жазған өмірбаяныңыз, Әбу Сәрсенбаевтың құттықтау хаты, әртүрлі басқа да құттықтаулардың көшірмесі, ең бастысы, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қолыңызды қысып тұрып ұсынған «Халық қаһарманы» атағының алтын медалі мен құжаты, Елбасының өзіңізге арналған құттықтауы, биік атағыңыз осы кітаптың сәнін келтіріп, аша түскен.
Сонымен қатар, бұл кітапта Атырау облысы мұражайының директоры Нариман Үлкенбайұлының тапсырмасымен барып амандығыңызды білген мұражай қызметкерлерінің Сізбен түскен суреттері мен олардың Сіз туралы жазған жүрекжарды мақалалары да орналасқан. Бұл кітапта өзіңіздің «Хиуаз» деген атыңыз жазылған «Эйр-Астана» әуе компаниясының «Атырау-Мәскеу» бағытында ұшатын «Embraer-190» ұшағының суреті жарқырап көрінеді.
Хиуаз апа! 2010 жылы өзіңіздің туған жеріңіз Атырау қаласында Сіздің әдемі ескерткіш бейнеңіз қойылды. Оның қасына жастар үнемі жиналып, Жеңіс мерекесіне арналған митингілерін өткізеді, құшақ-құшақ гүл шоқтарын қояды. Сөйтіп, бұл бюстіден Сізді тірілткендей күйді сеземіз.
Сізге деген халық махаббаты шексіз. Мәңгілік есте қалдырудың бір жолы – Атырау халықаралық әуежайына Сіздің қасиетті атыңызды беру. Қазір осы мәселені орындау жолындағы ел азаматтарының Қазақстан Үкіметіне жазған хаттарының көшірмелері де осы кітаптан орын алған.
Хиуаз апа! Сіз – Исатай-Махамбеттің тұлпарларының тұяғынан ұшқан топырақтан жаратылғансыз. Сіздің қаныңызда да, жаныңызда да исатайлық, махамбеттік жігер-қайрат бар екендігін ерлігіңіз көрсетті. Енді Сіз Еліміздің символдарының біріне айналдыңыз. Қазір Сіздің атыңыз аталса, Қазақ аспаны дүбірлей жөнеледі. Міне, осындай дүбірдің иелері Сізге арналған осы кітапты жүректерінде тербетіп, жанымен аялап, дүниеге әкелді.
Аяулы Хиуаз апа! Сіздің жаныңыз жәннаттың мәуесі төгілген бағы мен кәусар бұлағының жанында болғай деп тілейміз!
Қадыр ЖҮСІП,
филология ғылымдарының
докторы, профессор.