АМӨЗ-дің жанармайы жаңа стандартқа сай сертификатталды
АМӨЗ бензині Еуроодақ стандарттарына сәйкес сертификатталды.
Өнім REACH сертификатын ала отырып, Еуропалық Одақ (әрі – ЕО) нарығына импорттауға арналған химиялық заттар мен олардың қоспаларының сапа деңгейін бағалаудың толық рәсімінен өтті.
REACH регламентіне сәйкес, ЕО-да жылына 1 тоннадан астам мөлшерде өндірілетін немесе импортталатын кез-келген химиялық зат тіркеуге жатады. Осылайша, REACH сертификаты -бұл еуроаймақ елдері үшін тіркелген бензин импорттаушысы болып табылатын қазақстандық Кәсіпорынның экспорттық мүмкіндіктерін дамытудағы маңызды қадам.
2020 жылдың сәуір айында АМӨЗ өндірісінің хош иісті көмірсутектері -бензол және параксилол REACH сертификаттауынан өтті. Тиісінше, бензин Еуропалық сапа стандарттарына сәйкестігі расталған кәсіпорынның үшінші өнімі болып табылады.
REACH сертификатын алу алдында бензиннің еуропалық талаптарға сәйкестігін бағалау рәсімін ұйымдастыру, REACH сертификаттауына байланысты барлық мәселелер бойынша ақпарат беру, АМӨЗ-ді химиялық заттар жөніндегі Еуропалық агенттікте (ECHA) тіркеу, ECHA рәсімдеріне сәйкес тіркеу құжаттарын дайындау және т. б. бойынша үлкен дайындық жұмыстары жүргізілді.
REACH сертификатының болуы Атырау жанармайына Еуропалық Одақтың барлық елдерінің нарығына есік ашады, себебі құжат Еуроаймақтың барлық аумағында мойындалған және ЕО шекарасында сертификатталған өнімнің еркін айналысын білдіреді.
«АМӨЗ» ЖШС қоғаммен байланыс қызметі