
«AMANAT» партиясының жұмысшы тобы аудандарды аралады
Партияның жұмысын жандандыру мақсатында «AMANAT» партиясы Атырау облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Қуантай Бисалиев бастаған жұмысшы топ, яғни ұйымдастыру-бақылау жұмыс бөлімінің меңгерушісі Құтжан Құлмашев, саяси жұмыс бөлімінің меңгерушісі Жасқыран Жалмұханов және партиялық бақылау инспекторы Абзал Мақсотұлы Қызылқоға, Жылыой, Исатай, Құрманғазы, Индер, Мақат және Махамбет аудандарындағы аумақтық партия филиалдарына барып, 2023-2027 жылдарға бекітілген сайлауалды бағдарлама мен партиялық жобалардың орындалысы, партиялық бақылау бекеті орнатылған құрылыс жұмыстары, бастауыш партия ұйымдары, қабылдау бөлмелерінің жұмыстарымен танысып, әр ауданда отырыс өткізді.

Үгіт-насихат жұмыстары кезінде жергілікті халықтың өтінішімен жасақталған сайлауалды бағдарлама аясында облыс көлемінде былтыр және биылғы екі айда бірнеше нысан ел игілігіне тапсырылды.
Солардың бірі – Қызылқоға ауданы, Миялы селосында былтыр желтоқсан айында ашылған Балаларды оңалту орталығы. Бұрын тар әрі ескі қызметтік үйде жұмыс жасаған аталған орталық қазір таза әрі кең ғимаратта ерекше балаларды бейімдеумен шұғылданып отыр. Сонымен қатар, Жасқайрат ауылындағы Дене шынықтыру және сауықтыру кешені ауыл жастарының бұқаралық спортпен айналысуына үлкен мүмкіндік туғызды.
Сайлауалды бағдарлама аясында жүзеге асқан жобаның бірі – Жасқайрат ауылындағы «Іңкәр» сүт өңдеу цехы. Ауданға іссапар барысында ата кәсіпті дамытып отырған жеке кәсіпкер Құрман Жаңабаевқа облыстық партия филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Қуантай Бисалиев «Ауыл аманаты» жобасымен кәсібін кеңейтуге және өз өнімдерін облыс нарығына шығаруға ұсыныс жасады.
2023 жылы «AMANAT» партиясы Атырау облыстық филиалының төрағасы Абдолла Идресов Махамбет ауданы, Сарытоғай ауылының тұрғындарымен кездескенде халық 6 жыл бұрын басталып, 2 мердігер мекеменің жауапсыздығы салдарынан құрылысы аяқталмай қалған мәдениет үйінің мәселесін шешуге көмектесуді сұраған болатын.
Абдолла Хамиұлының бастамасымен аталған мәдениет үйі «AMANAT» партиясы Махамбет аудандық филиалының 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге!» атты сайлауалды бағдарламасына енгізілді. Сонымен қатар, жергілікті мәслихат депутаттары, фракция мүшелері, партиялық бақылау бекеттерінің, Мәжіліс депутаттарының бақылауымен, апта, ай сайын зерделеу жұмыстары жүргізілгеннен кейін үшінші мердігер жұмысты толықтай аяқтап, ел игілігіне тапсырды.
Аудандарға іссапармен барған жұмысшы топ аталған нысандардың жұмысымен танысып, мердігер тарапынан шикілік, қайта түзейтін жұмыстар болса, кепілдік уақытына сай әрекет етіп, уақытылы түзеп отыруға кеңес берді.
Салтанат АҚТАЖИЕВА
«AMANAT» партиясы Атырау облыстық
филиалы баспасөз бөлімінің қызметкері