dozsh

Алуан-алуан пікір бар…

Газет және оқырман Жаңалықтар

Atr.kz/22 қараша, 2019 жыл. Индер ауданында бастау алған «Атырау» газетінің аудандардағы күндері өткен аптада киелі Қызылқоға өңірінде тәмамдалды.

Аудан әкімдігінің мәжіліс залында өткен жиынға еңбек ардагерлері, аудандық мәслихаттың депутаттары, мекеме және бөлім басшылары қатысты. Баспасөзге қатысты ойпікірлер мен ұсыныстар ортаға салынған кездесуді Қызылқоға аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Азамат Жақсиев жүргізіп отырды. Басқосуда газет оқырмандары алуан-алуан пікір айтып, ұсыныстарын білдірді.

Құмар ХАСАНОВ,

аудандық қоғамдық кеңес төрағасы:

– Газет халыққа керек. Қай қоғам да газетсіз болмайды. Ал, біз оны асыға күтіп отырамыз. Бұрын облыстық газетте «Журналист жолға шықты» деген айдар болатын. Осы айдарды қайта жаңғыртса деймін. Қазір біздің ауданда да орталықтан алыс орналасқан, адамдар көп бара бермейтін елді мекендер бар.

Журналистер сол жердегі тұрғындардың тыныс-тіршілігін, мұң-мұқтажын көрсе, шынайы әрі тартымды мақала жазылар еді деп ойлаймын. Тағы бір айтайын дегенім, біз ұрпақ тәрбиесіне елеулі еңбегін сіңірген ұстаздар мен ұлт саулығына өзіндік үлесін қосқан дәрігерлер туралы жазып, газетке көрсеткіміз келеді.

Жәнібек АРАЛБАЕВ,

ауыл шаруашылығы ғылымының кандидаты, жеке кәсіпкер:

– Мен мамандықтардың ішінде журналист және сот ісін жоғары бағалаймын. Қағазға ойыңды түсіру оңай нәрсе емес. Сондықтан, журналистер проблеманы терең талдап жазғанын қалаймыз. Сонымен қатар, газетте қазақтың салт-дәстүрі, түрлі той өткізу мәселесі талқыланса деймін. Өйткені қазір даңғаза той өткізу көбейіп кетті.

Жұрт несие алып той жасайды. Құдалыққа 40 адам барып, 40 адам қыз алып келеді дегенді бұрын естіп пе едік? Сондай-ақ, өндіріс пен сауданың айырмасы ажыратылмай жүр. Себебі, біздің «кәсіпкер» деп жүргендеріміздің көбі базардағы саудагерлер мен жеке меншік дүкен иелері ғана. Қай кәсіпкер өнім өндіреді, кім үстеме бағамен дайын тауар сатады?

Мәлік СҮЛЕЙМЕНОВ,

Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, аудандық мәслихаттың депутаты:

– Абай атамыз «Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» дегендей, ұлт тағдырын, болашақ ұрпақ тағдырын көксейтін, ғасырға жуық тарихы бар басылымды мазмұнды, оқылымды ету мақсатындағы ізденістеріңізді бірауыздан құптаймыз. Газет әрине, ұрпақ үшін керек. Газет – болашағымызды бағамдайтын, ұрпағымызды тәрбиелейтін бірден-бір құрал. Сондықтан, ақпарат көзінің сайтқа айналуынан гөрі қағаз күйінде қатталуы дұрыс деп есептеймін.

Ақниет САҚИЕВ,

медицина саласының ардагері:

– Мен – дәрігермін. Қазір біздің қатарымыз, қатарластарымыз азайып қалды. Бізге дәріс берген ұстаздар, қатар өскен азаматтар газет бетінен көрінсе екен деймін. Мысалы, Қайролла Смадияров – 23 жыл денсаулық сақтау басқармасын басқарған азамат, бүгінде 87 жаста. Осындай елге еңбегі сіңген тұлғалардың өмірінен, ой-пікірінен, қызметтік тәжірибесінен өскелең ұрпақ зор өнеге алар еді деп ойлаймын.

Облыстық газеттің бас редакторы бір жазбасында бір адамның 92 жасында Мұрат Мөңкеұлын көргенін, естіген әңгімесін айнытпай айтып бергенін жазып еді. Сондықтан, осындай көпті көрген ардагерлеріміздің пікірлері жарияланып тұрса деген өтінішім бар.

Мейірхан ИМАШ,

зейнеткер теміржолшы, автоматика саласының ардагері:

– Бүгінгі кездесуде көкейтесті мәселелер айтылды. Газеттің әр нөмірінен ойыңа қозғау салатын, өнеге алатын мақалаларды жиі оқимыз. Дегенмен, теміржолшы ретінде газеттен теміржолға қатысты
мақалаларды іздейтінім рас. Ел экономикасын өркендету үшін болат жол бойында жасалып жатқан жарқын жұмыстар айтылмай, тасада қалып қоятыны бар.

Алдағы уақытта газетте отандық экономиканың күретамыры саналатын теміржол жетістіктері дәріптеліп, бар ғұмырын осы салаға арнаған атақты ағаларымыз туралы мақалалар шықса игі болар еді.

Жолдас ЖАНҚУАТОВ,

Қазақстанның құрметті журналисі:

– Байырғы журналист ретінде айтар болсам, басылым алдымен оқырманмен тығыз байланыс орнатуы керек. Екіншіден, тілшілер ауыл-ауылдарға үзбей іссапарға шығып, тұрғындармен жеке сырласып, сөйлесіп, олардың мұң-мұқтажы мен жетістігіне ерекше көңіл бөлуі керек-ау.

Үшіншіден, лауазым иелерінің жауапкершілікке тартылу жағдайы жете зерделеніп жатса жақсы болар еді. Сонымен қатар, кезінде әр тоқсан сайын журналистердің ауданаралық, облысаралық тәжірибе алмасулары болып тұрды. Осы үрдіс қайта жаңғырса деймін.

Есенбай НҰРОВ,

әскери зейнеткер:

– Газетте қай мәселе де шынайы жазылса, оқырман тартуға жол ашылар еді. Сонымен қатар, газетте жарнама көп беріледі. Жарнаманың орнына сараптамалық бағыттағы, дін мен спорт тақырыбындағы мақалалар көбірек жарияланса, жұртшылық қызығушылықпен оқиды деп ойлаймын. Әрине, ауылдардың проблемасы жиі көтерілсе.

Мысалы, Миялы ауылында ауыз су мәселесі нашар. Тұрғындар Тайсойған елді мекенінің жер асты суын пайдаланып отыр. Қазір оның суы күннен-күнге ашып барады. Мамандардың айтуынша, Соркөл және Ойыл елді мекендерінде тұщы судың мол қоры бар көрінеді. Демек, журналистер таза ауыз суды жеткізу мәселесіне зерттеу жүргізіп, арнайы мамандардың тұжырымымен қоса берсе, нұр үстіне нұр болар еді.

Пікірлерді жазып алған:

Мұратбек ЖАҢАБАЙ,

Қызылқоға ауданы

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған