Алтын киімді Тасқопа көсемі – Атырауда
Облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Алтын киімді Тасқопа көсемі» атты жылжымалы көрменің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Ақтөбе облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы ұйымдастырған іс-шараның басты мақсаты — Ақтөбе облысынан 2019 жылы қазба жұмыстары нәтижесінде табылған, ерте темір дәуірі көшпелілерінің элиталық археологиялық ескерткіштеріне жататын жәдігерлерді кеңінен насихаттау және сармат тайпалары мәдениетін зерттеудегі жетістіктерін көпшілікке жеткізу.
–Көрме экспозициясына Ақтөбе өлкесіндегі сармат ескерткіштерінің зерттелу тарихына, жерлеу орындарының түрлеріне қатысты, Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейі қорында сақтаулы тұрған б.з.б. VI-I ғасырлар (ерте темір дәуірі) аралығына жататын және 2019 жылы Темір ауданы Тасқопа І қорымы, №1 қорғаны мен Тасқопа VІ қорымы, №1, 7, 8, 12 обаларында жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары барысында табылған құнды жәдігерлер қойылған, — дейді музей директорының орынбасары Медет Құлмұқанов.
Құнды жәдігерлер қатарында садақ және оқ қабынан тұратын алтын горит, грифон түріндегі зооморфты жапсырмалар, құбырлы цилиндрлік тізбекшелер, сүйектелген қамшы сабы, әшекей бұйымдар мен діни-ғұрыптық және қарау-жарақ пен ат әбзел үлгілері де бар. Аталған қорғаннан қазып алынған құнды жәдігерлер негізінде және тарихи деректерге сүйеніп, «Тасқопа көсемі» толық қайта қалпына келтірілген нұсқасы және алтын әшекейлі киімдері, садақ оқтары салынған қорамсағы, ондағы жебелер, екі белдігі, қамшысы секілді құнды жәдігерлері көрме экспозицясына қойылып, келушілер назарына ұсынылуда.
Сонымен қатар Тасқопа қорғанынан қазып алынған құнды жәдігерлер негізінде қайта қалпына келтірілген «Тасқопа көсемі» атты Қазақстандағы сегізінші алтын адам көрме экспозициясынан орын алады.
Ерте көшпелілердің ең құнды бұйымдарымен мәдениетін көрсететін көрме ұлттық сананың, таным-білімнің, дүниетанымның, ұлттық болмысының ерекшеліктерін танытуға, ортақ құндылықтарды дамытуға, елдік рухты арттыруға бағытталған. Көрме 8 желтоқсанға дейін жалғасады.
Тоғжан ЕРМЕК
Суреттерді түсірген автор