Алмас АХМЕТБЕКҰЛЫ, ақын, ҚР Мәдениет қайраткері: «Жұмекен – өлеңдегі темірқазығым»
Atr.kz/14 шілде, 2019 жыл. Шығармашылық адамына қойылатын бір сұрақ бар ғой . Оқырмандарыңызды қандай жаңалықтармен қуантпақ ойыңыз бар? Нендей өзгерістер орын алып жатыр?
– Жас кезде шабыт — пен бәрін «ұрып» аламын деп жүресің. Кейін жас ұлғайғанда, ертеректе ойлаған шаруалар қабатталып, біраз уақытқа кептеліс пайда болғандай әсер етеді. Содан бірнеше бағыттағы жобаға мықтап кірісуге тура келеді. Оның бірі – әдебиеттану саласының, қазақтың көркем сөз өнерінің сипатын ашу.
Негізі, мен – Жұмекен Нәжімеденовті үлгі тұтатын ақынмын. «Ақын болдымау» деп жүрген жас кезімде Жұмекеннің өлеңдері қолыма түсті. Ал, оның шығармалары «өлең жазудың басқа дүние екенін» аңғартты. Соған байланысты « Жұмекен туралы 20 лекция» деген әдеби-танымдық дүние дайындау үстіндемін. Жұмекен – Атыраудың, Жайықтың, Қиғаштың, Қошалақтың тумасы. «Қошалақ – қағбам» дейтін ол. «Жұмекен туралы 20 лекция» Атырау үшін айрықша жаңалық болады деп ойлаймын.
– Қошалақтан қанаттанып, күллі қазаққа танымал болған Жұмекен шығармашылығын зерттеуші екеніңізді білеміз. Ақынмен алғаш танысуыңыз қалай басталып еді?
– Мен Шыңжаңда туған қазақпын . Шыңжаң – Қытайдың батысы. 1868 жылы қазақ жерінің шығысы мен батысынан, түстігі мен терістігінен шекара салына бастағанда, қазақ жері бола тұра, шекара сыртында қалып қойған ел екені белгілі. Жалпы, әдебиетке ерте әуестендік. Шанхайда физматтың аспирантурасында оқитын Талғат Мамыр есімді жігіт бар еді. Шанхайдың орталық кітапханасына Кеңес одағының республикаларында шығатын барлық тілдегі басылымдар келіп тұрады екен. Сол кітапханадан Жұмекеннің «Тор» өлеңі жарияланған « Қазақ әдебиеті» газетін көрген ғой. Газеттегі өлеңді көшіріп алып, хатқа салып, маған беріп жіберіпті. «Тор» – негізі поэма сияқты өлең. Мен оны «поэма» деп айтамын. Одан кейін Жұмекеннің «Жеті бояу», «Ұлым, саған айтам», «Менің топырағым» секілді кітаптары қолға тиді. Содан Жұмекеннің кім екенін, 1960-80 жылдардағы әдебиеттің қалай дамығанын көрдік.
– Жалпы, әдебиеттен алшақ жүргендер «Жұмекен – Әнұран авторы» деп біледі. Оны осынша уақыт толық тани алмауымыздың себебі неде?
– Жұмекеннің жанындағы жолдастары, қатарластары өлең жаза бастаған уақыттағы оның арынын, екпінін, қайратын біліп отырды. Бірақ, дәріптемеуге екі нәрсе себеп болды деп ойлаймын. Оның бірі – сол кездегі ұлтқа жасалып жатқан қиянатқа, отаршылдыққа деген қарсылық. Екіншісі – бәсекелестер үшін оның поэзиядағы суреткерлігінің биіктігі. Сол қызғаныш тудыруы мүмкін. Таланттар арасындағы күндестікте: «таланттарды елемесе, өзінөзі өшіреді» деген сөз бар. Біріншіден, елеусіз қалдыру, екіншіден, сол кезде оның шығармаларын дәріптеуге ешкімнің батылы бармаған болуы керек. Ал, уақытында дәріптелмегеннен кейін жас ұрпаққа жат болып қалады. Ал, Жұмекен – сол кездегі бостан ақын ретінде, Абай секілді дәріптеуге лайық еді.
– Ал, Жұмекен шығармашылығын кеңінен насихаттау үшін қандай жұмыстар жасалуы керек?
– Алдымен, телеарналарда «Жұмекен жаңғырығы» деген хабар ашылса. Әрине, бүгінгі әдебиет – кешегі әдебиеттің жаңғырығы. Одан кейін бастауыш сыныптан бастап, Жұмекен оқуларын ұйымдастырса, жас буын арасында кеңінен насихатталар еді. Жұмекенді дәріптеу арқылы біз көркем суретті, көркем шығарманы, ұлттық рухты, ұлттық болмысты дәріптейміз.
– Жұмекен туған топыраққа бір аунау арманыңыз шығар, иә?
– Әрине, сәті түссе, Қиғаш бойына, Қошалаққа барғым келеді. Оған жол-жөнекей емес, Жұмекен туралы зерттеуімді бітіріп, ақын алдында есеп беруге барғандай дайындықпен сапарлауды жөн санап отырмын.
– Өмірде және өлеңде кімді темірқазық санадыңыз?
– Өмірдегі темірқазығым – алаш көсемдері. Ал, өлеңдегі темірқазық – Жұмекен. Кезең-кезеңге бөлсек, 18 ғасырда – Дулат Бабатайұлы, 19 ғасырда – Абай, 20 ғасырда – Жұмекен.
– Алғаш рет қазақ жеріне табаныңыз тигенде қандай әсерде болдыңыз?
– Сол жақтағы бір топ достарымыз «Қазақстан тәуелсіздік алса, бір күн де шет елде тұрмаймыз» дедік. Бәріміз де жұмысымызды тастап кеттік. Қазақстанға келгеннен кейін кез келген жұмысты жасауға дайын болдым. Тіпті, шығыс асханасында аспазшы болуды да ойладым. Қара жұмыс істеуден де қашпайтын едім. Бірақ, Қазақстандағы бауырларым жазушы-журналистер қатарына қосты. Мен елге оралғаныма, дос тапқаныма, бауыр тапқаныма қуаныштымын.
– Неден күдіктенесіз? Неден үміттенесіз?
– Ештеңеден күдіктенбеймін. Үміт басым. Шетелден келген қазақтар атамекендегі ағайынға қарыздармыз . Себебі , елдегі ағайын жүз жылдан астам отаршылдықтың боданында болса да қазақы болмыстан айырылмады. Осынша қиындықтан, осынша зобалаңнан өткен Қазақстанға енді ешкім залалын тигізе алмайды.
– «Біздің кейіпкер» бағдарламасының тұрақты сұрағы бар. Егер өзіңізді бір шығарманың кейіпкері санасаңыз, қалай суреттер едіңіз өзіңізді?
– «Тәуелсіздікке қызмет ету үшін әр азамат не істеуі керек?» деп сұрақ қояды маған. Әр қазақ қазақ тілінде сөйлеуі керек . Философиялық ұстанымдарымен өмір сүріп, айналасына қарайлауы, сыйласуы керек. Еңбек етуі, ұл өсіріп, жаңашылдыққа тәрбиелеуі керек. Отанға қызмет деген – осы. Міне, мен өзімді осы ұстанымдармен өмір сүріп келе жатқан әке, ата, баспасөздің белді қаламгерімін деп білемін.
– Жұмекен қалдырған «Менің Қазақстаным» елдің әнұраны болды. Сіз сөзін жазған «Көк тудың желбірегені» де халқымыздың бейресми әнұранына айналды. Осыны сіз сәйкестік деп білесіз бе? Әлде, Жұмекенге деген ыстық ықылас пен махаббат деп санайсыз ба?
– Екіншісі болуы мүмкін. Жұмекен «Менің Қазақстанымды» 21 жасында жазды ғой. Ал, менің бұл өлеңім 32-33 жасымда туды. Әрине, Жұмекенге деген тартылыс, махаббат, шығармашылығына деген сүйіспеншіліктен туған болуы керек.
– Атыраудағы кеңпейілді жұртқа айтар тілегіңіз…
– Атырау – халықтың рухы. Исатай мен Махамбеттен алатын рухы бар. Дауыл соққанда киіз үйдің керегесі қозғалмасын деп түрлі қазық қағып, небір салма бауларды салады. Сондай елдің дауылды батысын ұстап отырған батыр ел – Атырау. Бұл мекен Жұмекен өлеңіндегі асқақтыққа, рухқа, кемеңгерлікке дәлел болады деп сенемін. Жұмекен түлеген топыраққа аманшылық тілеймін!
Сұхбаттасқан: Асланбек ШЫҒЫРОВ