
Алмалыға колледждер көмекке келді
Алмалы ауылында жаға бекіту жұмыстарына спортшылар мен колледж студенттері қол ұшын созуда. Олар екі күннен бері қапшықтарға топырақ толтырып, бөгет соғып жатыр.

– Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасына қарасты барлық мекеме, кәсіби спортшылар мен клуб мүшелері жаға бекіту жұмыстарына атсалысып жатыр. Бұл шараларға ауыл тұрғындары да белсене қатысуда. Ендігі мақсат- осындай бірлігі жарасқан күйімізде елімізді табиғи апаттан аман-есен алып қалу,-дейді “Бейбарыс” хоккей клубының хатшысы Ислам Қадырбаев.

Ресми дерек бойынша Алмалы ауылында 6 мыңнан астам тұрғын, 1 мыңнан астам үй тіркелген. Бүгінде Алмалыдағы 1204 шақырым аумаққа сервис және құрылыс колледждерінің көмегімен бөгет соғылып, дамбы тұрғызылуда. Бүгінде бұл аумаққа 130 мың қапшық әкелінген. Сондай-ақ, құрылыс компаниялары қосымша 13 мың қапшық пен 80 күрек беріп жәрдемдескен.
Ал, Береке ауылында 1700 шақырым аумаққа бөгеттер соғылып, дамбылар тұрғызылмақ.
Айбөпе САБЫРОВА
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ