Жарнама
ЖаңалықтарМәдениет

Қалмұқан ұстаның бұйымы эрмитажда сақтаулы тұр

Осыдан бірнеше ғасыр бұрын жасалынып, елдің игілігіне жараған бұйымдар туралы көп айтуға болады. «Көненің көзі» айдарымыздың кезекті санында көне жәдігерлер жайында сөз қозғамақпыз.

%d2%9b%d0%b0%d0%bb%d0%bc%d2%b1%d2%9b%d0%b0%d0%bd-%d2%b1%d1%81%d1%82%d0%b0%d0%bd%d1%8b%d2%a3-%d0%b1%d2%b1%d0%b9%d1%8b%d0%bc%d1%8b

Ел ішінде темірден түйін түйіп, етік тігіп, тас қашаған бесаспап шеберлер көп болған.  Есімі елге мәшһүр шеберлердің бірі – Қалмұқан ұста. Нарын өңіріне алтын және күмістен соққан білезіктері, сырға, сақиналарымен атағы шыққан.

Облыстық тарихи-өлкетану мұражайы жәдігерлерінің арасында көзге алғаш түскені  ұстаға тиесілі еңбек құралдары болды.

Қалмұқан ұста 1881 жылы Нарын құмында дүниеге келген. Міне, оның мына ұста көрігі (суретте) ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келген, — дейді облыстық  мұражайдың этнография және өлке табиғатын ғылыми зерттеу бөлімінің меңгерушісі Ләззат Салыхова.

Қалмұқанның арғы атасы Төлен Жәңгір хан тұсында Бөкей ордасында ұста болған. Ол ханның тапсырысы бойынша осы көрікпен Бірінші Николайға таққа отыруына байланысты  сыйға  ер-тұрман мен ат әбзелдерін дайындайды. Төлен ұста дайындаған ер-тұрман мен шылбыр көп жылдардан бері Санкт-Петербург Эрмитажында сақталған. Ал, ұста көрігі мен басқа да құралдары мұражайда тұр.

Құнды жәдігерді мұражай қорына 2000 жылы ұстаның немере інісі ҚР Мәдениет қайраткері Абат Кенжеғалиев пен немересі Әлібек Тұқпатоллаұлы тапсырған.

 

Абат  КЕНЖЕҒАЛИЕВ,

ҚР  Мәдениет  қайраткері:

— Шамамен 400 жыл бұрын бұл көрік шеберлердің қызметіне жараған. Ұсталардың жетінші ұрпағы – Қалмұқаннан кейін оны ешкім пайдаланбаған.  Қалмұқанның атасы  Төлен ұстаның жасаған дүниелерін Жәңгір хан Николай патшаға сыйға апарады. Біреуі – сегіз қанат киіз үй. Оның кереге, уық, шаңырақтары, киізінің жабдықтары алтынмен, күміспен зерленген. Қымбат тұратын киіз үйді кейін Николай патша нағашысы – Австрия короліне сыйға тартады. Сол киіз үй қазір Германияның Майндағы Франкфурт қаласында сақтаулы тұр.  Екінші дүниесі – ер-тұрман Санкт Петербургтегі  Эрмитажда  сақталған.

Қалмұқан зергер Ұлы Отан соғысы кезінде де ауылдағы шаруашылыққа, тұрмысқа қажетті дүниелерді жасап,  Орпа ауылдық кеңесіне қарасты (қазіргі Исатай ауданы) үш ұжымшарға қызмет еткен шеберхананың рөлін атқарған. Шалғы, орақ, айыр, күрек жөндеу, тұрмысқа қажетті оттығы түсіп қалған самаурынды, тесіліп қалған қазанды жамау, сынған ыдыстарды қайта құрастыру секілді күрделі жұмыстарды атқарған.

Көзі көрген қариялардың айтуынша, ұстаның аталарынан қалған жалпақ күміс белбеуі болған. Бірақ, елде қалайы болмағандықтан, шебер көненің көзін балқытып, пісіріп қалайы жасаған. Сөйтіп, ел ішіндегі қажеттіліктерді өтеп, жамау, жасау сынды ірілі-ұсақты жұмыстарды атқарған. Өте ақкөңіл, жүрегі кең адам болған деседі.

Көріктің емдік қасиеті жайында да ақсақалдардың айтары көп. Ауырған адамды  ұшықтаса, оның шипасы болады екен. Қалмұқан ұстаның ұрпақтары әлі күнге мұражайға келіп, көріктің жанында дұға бағыштайды, шипа табады. Айтуларынша, кейіннен құлан-таза аурудан айығып кетеді. Мұражай қызметкерлері көрікті жай жәдігер деп қарамайды, оның қасиетіне де аса мән береді. Өйткені, көрік орналасқан төменгі қабаттан кешке қарай анда-санда балғаның соғылған дауысы естіледі. Көріктің айналасында қызметкерлер күлмеуге, айғайлап сөйлемеуге тырысады. Бұл олардың қасиетті орында киелі құралға деген құрметі болса керек.

Нұргүл ЫСМАҒҰЛОВА.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button