Әлеуметтік саланың әлеуеті артуда
Атырау өңірлік коммуникациялар қызметінде облыс әкімінің орынбасары Әлібек Ибатоллаұлы Нәутиев баспасөз конференциясын өткізіп, әлеуметтік қамту, денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт, жастар саясаты және дін салалары бойынша аймақта атқарылған жұмыстар туралы баяндады.
Аталған әлеуметтік саланы дамыту бағытында он басқарма жұмыс жасайды. Ең алдымен, білім беру ісіндегі маңызды міндеттерге тоқталған аймақ басшысы орынбасарының айтуынша, қазіргі таңда облыста 192 мектеп бар. — Облыста алты апаттық жағдайдағы мектеп болған еді. Бүгінгі таңда соның төртеуінің құрылысы басталды. Оның екеуі — Индер ауданындағы Құрылыс және Аққала, біреуі Махамбет ауданындағы Береке ауылдары және тағы бірі Атырау қаласындағы Ақжар елдімекенінде салынуда. Ал, енді Құрманғазы ауданының Азғыр және Индер ауданының Ынтымақ ауылдарындағы мектептердің құрылысын бастау үшін тендер ұйымдастырылып жатыр, — деді Әлібек Ибатоллаұлы. Ол, сонымен бірге, білім беру саласында кадр тапшылығы мәселесі өзекті проблемаға айналып отырғанын жасырмады. Мұндай мәселе денсаулық сақтау саласында да көрініс тауып отыр. Халық саулығын нығайту, аурушаңдық деңгейін азайту, сырқаттың алдын алу мақсатында облыста үлкен шаралар атқарылуда. Соның бір ғана айғағы, құрылысы жүріп жатқан облыстық жұқпалы аурулар ауруханасы, Геологтағы емхана және Құрманғазы ауданының орталығы Ганюшкин селосындағы фельдшерлік бөлімше биылғы жылы пайдалануға берілмек. Брифинг туралы толық ақпаратты газетіміздің келесі санынан оқи аласыздар.
Айгүл ЕРТІЛЕУ.