Жарнама
Жаңалықтар

ӘЛЕУМЕТ ӘЛЕУЕТІНЕ – АЙРЫҚША НАЗАР

Атаулы  көмек алатындар  азайды

Баяндамада айтылғанындай, өткен жылы облыста  күнкөріс деңгейінен төмен табыс алатын  халықтың үлесі 3,8, ал кедейшілік деңгейінің орташа көрсеткіші 0,5 пайызды құрады. Есепті мерзімде 2805 адамға мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып, оларға бюджеттен 74,5 млн. теңге төленді. Алдыңғы жылмен салыстырғанда мұндай көмек алатындардың саны 0,5 пайызға азайды. Бұдан бөлек, аз қамтылған отбасыларындағы 18 жасқа дейінгі 16,5 мың балаға 250,8 млн. теңге көлемінде мемлекеттік жәрдемақы тағайындалып, толықтай төленуі қамтамасыз етілді. Былтыр аз қамтылған 731 отбасына тұрғын үй көмегі (жалпы сомасы 14,1 млн. теңге) беріліп, бұл көрсеткіш те 3,1 пайызға төмендеді. Мұның сыртында, облыс әкімдігі мен коммуналдық қызмет көрсетуші мекемелер арасында қол қойылған меморандум шеңберінде тұтынылған қызмет ақысын төлеуге 40 пайызға дейін жеңілдіктер беру жағы қарастырылған. Осылайша, облыс бойынша 1345 отбасына 4,6 млн. теңгенің жеңілдігі көрсетілген. Оған қоса, өкілетті органдардың (мәслихаттардың) шешімімен жергілікті бюджет есебінен 304,4  млн. теңге қаржы бөлініп, 20,3 мың адам біржолғы көмекпен қамтылған. 

Жұмыспен  қамту жақсара  МА?

2014 жылы облыста барлығы 16743 жаңа жұмыс орны (оның ішінде 8252-сі немесе  тең жартысына жуығы  селолық елді мекендерден) ашылды. Бұлар,  негізінен,  құрылыс, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және сауда саласының еншісіне тиесілі болып отыр. Тұтастай алғанда, жаңадан ашылған жұмыс орындарының 67,6 пайызы тұрақты болса, қалғаны – уақытша және маусымдық жұмыстар. «Жұмыспен қамтудың жол картасы–2020» бағдарламасын жүзеге асыруға 4, 389,6 млрд. теңге қаржы жұмсалып, оған қатысуға ниет білдірген 3729 адаммен  әлеуметтік келісім-шарт жасалынған. Бұлардың арасында жастар мен әйелдердің үлес салмағы басым түскен.

Аталған бағдарламаның бірінші бағыты бойынша 38 жоба жүзеге асырылып, 920 адам жұмысқа орналастырылған. Екінші бағытпен 440 адам шағын кәсіпкерлік негіздеріне оқытылып, 492 адам шағын несие алған. Олардың да 60 пайыздан астамы жеке істерін ашқан. Үшінші бағытпен де жұмыссыздардың кәсіби ұтқырлығын арттыру мақсатында 1092 адам оқумен қамтылып, субсидиялау түрінде мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылған. Осындай шаралардың нәтижесінде облыстағы жұмыссыздық деңгейі айтарлықтай төмендегені байқалады. 

Мүгедектерді қамтудың МОЛ  мүмкіндігі

Ресми деректерге қарағанда, барлық санаттағы мүгедектердің саны 15788-ге жетіп, оларды оңалтуға 262,6 млн. теңге бағытталған. Елбасы тапсырмасын орындау мақсатында мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмысқа орналастырудың өңірлік картасы жасақталып, мониторинг жүргізілген. Қорытындысында, олардың арасынан еңбек етуге қабілетті 628 адам анықталып, дені жұмысқа орналастырылған. Жылдан-жылға инватакси қызметі де (негізінен облыс орталығы Атырау қаласы мен Жылыой ауданында) жетілдіріліп келеді. Сондай-ақ, көші-қон саясатын іске асыру, әлеуметтік әріптестікті дамытуға жәрдемдесу бағытында да жүйелі жұмыстар жалғасын тапқан.

«Жұмыспен қамтудың жол картасы–2020» бағдарламасы бағыттары бойынша белгіленген жұмыстардың  барлық аудандарда бірдей орындалысын таппай отырғандығы айтылды. Соның ішінде, жұмыссыздарды жұмысқа орналастыру жөнінен Атырау қаласы, Қызылқоға және Индер аудандарының көрсеткіштері көңіл көншітпейді. Сол сияқты, несие алушылардың мемлекеттік кірістер басқармаларында тіркелу көрсеткіші де бірқатар өңірлерде төмен болып тұрғандығы мәлімделді. Жаңа жұмыс орындарын құру, жұмыс берушінің қажеттілігі шеңберінде оқыту мен қоныс аудару арқылы жұмысқа орналасуға жәрдемдесу, сонымен бірге, оқуды, әлеуметтік жұмыс орындарын және жастар тәжірибесі жобасын аяқтаған адамдарды тұрақты жұмыспен қамту міндеттемелері де барлығында бірдей орындалмаған болып шықты. Мүгедектер үшін қолжетімді ортаны қалыптастыру жайының да жандандыруды қажетсінетіндігі қаперленді.

Мәжілісте, сондай-ақ, «Жылыой ауданы бойынша халықты жұмыспен қамту бағытында атқарылған жұмыстар туралы» және «Мүгедектерге арналған қолжетімді ортаның сақталуы тұрғысынан әлеуметтік инфрақұрылым объектілерін бейімдеу жұмыстары туралы» аудан әкімі Мақсым Ізбасов пен Махамбет аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Гүлнәр Нұрқиева хабарлама жасады.

Кеңейтілген алқа мәжілісін облыс әкімінің орынбасары Сәлімжан Жұмашұлы қорытындылады.

Дәулетқали  АРУЕВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button