Жарнама
Жаңалықтар

ӘЛЕУЕТТІ ИНВЕСТОРЛАРҒА ЖОЛ АШЫҚ

Меймандарға сәтті сапар тілеген облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов Италия Қазақстанмен тығыз қарым-қатынас жасап келе жатқан елдердің бірі екеніне тоқталды. Тәуелсіздік алған жылдардан бастап-ақ екі ел арасындағы байланыс нығая түсіп, Қарашығанаққа қатысты келіссөздер жүргізілген. Соның нәтижесінде бірқатар маңызды қадамдар жасалыпты.

— Ол кезде «Eni» компаниясымен байланыс орнатып, табысты жұмыс бастағанымызға қуаныштымын. Аймақта итальяндық кәсіпорындармен бірлескен 22 компания қызмет етеді. Қазақстан мен Италия арасындағы тауар айналымы 7 млрд. 600 млн. АҚШ долларына жетсе, алдағы уақытта бұл көрсеткіш одан да арта түсетініне сенімдімін. Кезекте әйгілі Қашаған жобасы тұр. Бірақ, бұдан басқа да ауыл шаруашылығы, химия индустриясы, құрылыс салаларына инвесторларды шақырамын, — деген Бақтықожа Салахатдинұлы біздің елде инвестиция саламын деушілерге барлық жағдай бар екенін жеткізді.

Сондай-ақ, бұл сала бойынша Қазақстанда бірқатар тәжірибе жинақталған. Атап айтқанда, барлық заңдылықтар бір жүйеге келтіріліп, реттелген, келісім-шарттың талаптары нақтыланған. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен Шетел инвесторлар кеңесі жұмыс жасайды. Аймақта шикізат көзі – мұнай мен газбен қатар химия өндірісі өркендеп келеді. Бірнеше елдің инвесторларымен алғашқы келісімдер жасалып та үлгерген. «Егер нақты ұсыныстар болса, біз әрдайым қолдауға әзірміз. Мұнай және газ саласында өзім де біраз жыл еңбек еттім. Күні бүгінде Гуидо Бруско мырзамен бірлесіп жұмыс істеудеміз. Әрине, шешімін күткен кейбір өндірістік мәселелер бар екені белгілі», — деді Б.Ізмұхамбетов.

Өз кезегінде Қазақстан Республикасындағы Италияның төтенше және өкілетті елшісі Стефано Раваньян бес жыл бойы Ресейдің Мәскеу қаласында жұмыс жасағанын, сондықтан, Қазақстан жөнінде жақсы хабардар екенін атап айтты. Оның үстіне, ресми өкіл Ресей астанасынан елімізге дейін көлікпен келіп, біраз жермен жақынырақ танысыпты. «Инвестор ретінде Қазақстанға, оның ішінде Атырау облысына қызығушылығымыз жоғары», — деп атап өткен мейман алдағы уақытта жемісті жұмыс істеуге мүдделілігін білдірді.

Айбөпе САБЫРОВА,

Суретті түсірген

Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button