ӘЛЕМДІК ҒЫЛЫМ БІРІГУІ ТИІС
Біріккен Еуразиялық Экономикалық кеңістіктің келешегі қандай?
Форум барысында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев сөз сөйлеп, жаһандық дағдарыс жағдайында инновациялық технологияларды дамыта отырып, экономикаға жаңа мүмкіндіктер ашу мәселелеріне тоқталды. Елбасының пайымдауынша, ғаламдық экономикалық дағдарыстан шығу үшін алдымен, әлемдік қоғамдастық негізгі сын-қатерлерді жоюға көңіл аударуы тиіс.
«Барша әлемде бұрынғы тежеулер мен ара салмақтардың ыдырауын, держава лидерлері арасындағы сенім жойылып бара жатқанын, халықаралық құқықтың тозуын байқап отырмыз. Осы орайда халықаралық институттар бейбітшілік пен тұрақтылыққа кепілдік бере алмай отыр» деген Президент ауызбірлік мәселесінің өткір тұрғандығына тоқталып өтті.
Басты жаңалық Президенттің Біріккен Еуразиялық Экономикалық кеңістік құруды ұсынуы болды. Бұл бастаманы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев барлық қатысушы елдердің ұлттық мүддесіне жауап беретін ортақ ережелерді қабылдаудың маңыздылығымен түсіндірді. «Ережелер, ең алдымен, ресурстардың саудасы, тасымалдануы және қозғалысына қатысты болуы керек. Біріккен Еуразиялық кеңістік шеңберінде тұрақты түрде қызмет ететін алаң құру қажет. Бұл алаңда құрлықты дамыту, оның мүшелері арасындағы ықпалдастықты күшейту бойынша ұсыныстар әзірленетін болады. Астана экономикалық форумы осындай алаң бола алады» — деп атап өтті ол.
Еуразиялық трансқұрлықтық дәліздің тиімділігі неде?
Тағы бір назар аударарлық жайт, Азия мен Еуропаны жалғайтын Еуразиялық трансқұрлықтық дәлізді құру туралы Қазақстан тарапынан түскен ұсыным болды. Бүгінгі таңда Еуразиялық Экономикалық Одақпен еркін сауда аймағын құруға қырық мемлекет дайын екендігін растапты. Осы орайда Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаев мұндай келісімді Еуропалық Одақ пен Еуразиялық Экономикалық Одақ арасында жасаудың тиімді болатынын айтты. «Біз онымен шектелмеуіміз шарт. Мен жоғары жылдамдықты мультимодельді көліктік маршрутты — Еуразиялық трансқұрлықтық дәлізді құруды ұсынамын. Ол біздің мемлекеттің үстімен өтіп, Азия мен Еуропа арасындағы жүктердің еш кедергісіз тасымалдануына жол ашады. Бұл біздің халықтарды жақындастырады. Ол қауіпсіздікті қамтамасыз етеді, себебі қауіпсіздік осы жол өтетін елдер үшін маңызды болады. Көліктік күретамыр барша елде өнеркәсіптердің дамуына да әсер ететін болады», — деп атап өтті ол.
Президенттің айтуынша, қолда бар теңіз порттары халықаралық сауда көлемінің сұранысын қанағаттандыра алмайды. «Қытай Халық Республикасы мен Еуропалық Одақ елдері арасындағы сауда көлемі 600 миллиард доллардан асып кетті. 2020 жылға қарай бұл көрсеткіш 800 миллиард долларға жетеді деп болжанып отыр. Сондықтан қарқынды дамып жатқан Азия үшін құрлықтық маршруттардың маңызы жоғары. Осы салада біз өзімізге жаңа мүмкіндіктер көріп отырмыз. Оның теңіз жолдарынан әлдеқайда жақын болатыны да дәлелденіп отыр. Шамамен жолды үш есеге дейін қысқартпақ» деген Президент бір кездері Қытай тарапынан ұсынылған «Жаңа Жібек Жолы» жобасының Қазақ елі үшін ерекше маңызға ие екендігін айтты.
— Біз алғашқылардың бірі болып ол жобаны қолдадық және өз үлесімізді қосып келеміз. Біздің алғашқы жобамыз «Батыс Еуропа — Батыс Қытай» болды. Оның жалпы қашықтығы 8 мың шақырым болса, 3 мыңы Қазақстан аумағымен өтеді және ол жақында аяқталады. Қазақстан территориясындағы жүк көлемі 30 млн. тоннаны құрамақ. Жол Қазақстан мен Қытайды ғана емес, Ресейді және Еуропаны жалғайды. Оған Орталық Азия елдері де қол жеткізе алады, — деді Президент.
Астана Орталық Азияның қаржылық хабына айналады
Шикізаттық экономикадан өнім өндіруші, өңдеуші елге айналу мақсатында Қазақстанның нақты шараларды іске асырып жатқаны белгілі. «Нұрлы жол» бағдарламасы экономиканы әртараптандыру саясатының басты темірқазығы болды десек қателеспейміз. Форум барысында аталған бағдарламаны жүзеге асырудың нақты нәтижелеріне тоқталған Елбасы «Нұрлы жол» бағдарламасын жүзеге асыру бірқатар көрнекті нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік береді. 2019 жылға дейін көрші елдерге шығу мүмкіндігін қамтамасыз ете отырып, ірі қалалар арасындағы жолға кететін уақыт үштен бір есеге қысқарады. Электр энергиясына қажеттілікті толықтай қамтамасыз ететін бірыңғай энергия жүйесі қалыптастырылады. Бұл түрлі өңірлердегі экономикалық өсімдерді теңестіруге мүмкіндік береді. Бұған қоса, бағдарлама жарты миллионнан астам жұмыс орнын құрады. Бұл біз үшін аз емес», — деді.
«Нұрлы жол» бағдарламасының Қазақстанның әлемдік дағдарысқа жауабы екендігін атап өткен Президент келешектегі жаңалықтармен де бөлісті. Көп ұзамай Астана Орталық Азияның қаржылық хабына айналады. «Сіздер білесіздер, мен ЕХРО-2017 базасында Астана халықаралық қаржы орталығын құру жөнінде жарлыққа қол қойдым. ЕХРО аяқталысымен барлық ғимараттар сол әлемдік қаржылық орталыққа беріледі. Біз Дубай орталығымен келіссөздер жүргіздік және олардың заңнамаларын, экономикасын толықтай өзіміздегі орталыққа әкелеміз деп келістік. Ол ағылшын құқығы принциптеріне негізделіп, тәуелсіз қаржылық орталыққа айналады деп сенеміз», — деп атап өтті ол.
Ғаламдық экономика «тербеліс» үстінде
Президент Нұрсұлтан Назарбаев алдағы үш жылда инфрақұрылым салуға 14 миллиард АҚШ долларынан астам қаржы жұмсалатынын хабарлады. Білгеніміздей, алдағы үш жылдың ішінде жаңа жолдар, электр желілерін, коммуникациялар салуға 14 миллиард АҚШ долларынан астам қаржы жұмсалатын болды. «Яғни, біз өзіміздің жер қойнауымыздан алынатын мұнай, газ және басқа да пайдалы қазбалардың экспортынан түскен ақшаны ұлттық қорға жинадық. Енді әлемдік дағдарыс жағдайында контрциклдік саясатты жүргізудеміз», — деді ҚР Президенті.
Осылайша, нақты ұсыныстар мен шешімдер ортаға салынған форум барысында Қазақ елінің басшысы Нұрсұлтан Назарбаев әлемдік ғылымның үздік өкілдерін төнуі мүмкін апаттардан бірлесе отырып, дүниежүзі халқын сақтап қалуға шақырды. «Міне, жеті жылдан бері әлемдік экономика толық қалпына келе алмай келеді және бұрынғы даму қарқынын қайтара алған жоқ. Жұмыссыздықтың жоғары деңгейі, қарыздың өсуі секілді орнықты проблемалар сақталуда. Көптеген сарапшылар қазіргі кезде экономика біртіндеп қалпына келе жатқанын айтуда, алайда, өсім деңгейі бөлек-бөлек. Көптеген елдер стагнациядан шыға алмай келеді. Әлемдік ғылымның үздік өкілдерімен бірлесе төнуі мүмкін апаттардан біздің елдер мен халықтарды сақтап қалудың жолдарын табуға міндеттіміз», — деп түйіндеді Мемлекет басшысы.
Екі күнге созылған форум аясында, сондай-ақ, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Нобель сыйлығының лауреаттарымен, халықаралық ұйымдардың, даму институттары және компаниялардың басшылығымен кездесу өткізді.
«ҚазАқпарат» негізінде дайындаған
Баян ЖАНҰЗАҚОВА.