Жарнама
Жаңалықтар

ӘЛЕМ БІЗДІ ТАНЫДЫ

Тәуелсіздік алған елең-алаңда біздің алдымызда мемлекеттік басқару саясатын біріздендіру мәселесі тұрды. Жоғарғы Кеңес депутаттарының көпшілігі елімізге парламенттік басқару саясатын енгізуді ұсынып жатты. Сол кезде республикалық «Казахстанская правда» газетіне Президенттік басқарудың қажеттілігі жөнінде мақала жарияладым. Онда мұндай жүйенің қажеттілігі нақты аргументтермен дәлелденді. АҚШ елін мысалға ала отырып, Президенттік басқару жүйесінің тиімділігіне көп тоқталдым. Кейін депутаттар ойларыммен келісіп, Президенттік басқаруды қажет деп тапты.

Сөйтіп, халқымыз сындарлы сәтте өзінің тағдырын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа сеніп тапсырды. Президентпен алғаш рет кездесуім де осы 1991 жылы болды. Сол кездегі Президенттің айтқан мына бір сөздері әлі күнге жадымда жатталып тұр. «…Бәрін де көрген халықпыз, бәріне көнген халықпыз. Шүкір, кештеу де болса ес жиып, еңсе көтеріп, егеменді елдің туын тіге бастадық. Елім үшін, халқым үшін, Қазақстаным үшін тарихтың қай сынағына да тәуекел деп бас тігуге дайынмын. Бұл жолда ең алдымен дана халқыма, дархан еліме, ата-бабаның аруағына сүйенемін. Тарих көші ұзақ. Асықсақ та, аптықпайық…» Осындай даналықты ұстанған саясаттың нәтижесінде Қазақ елі санаулы жылдар ішінде толайым табыстарға қол жеткізді.

Тәуелсіздігін енді алып жатқан елдің шекарасын талассыз бекітіп алу, бұғанасы бекімеген мемлекетті көрегендікпен басқару, мызғымас мемлекеттілік қалыптастыру, тиімді реформаларды қолданысқа енгізу, алып елдермен тең дәрежеде дипломатиялық қатынас орнату – мұның бәрі бір сәтте шешіле салатын оңай дүние емес еді. Біздің мемлекет Президент басшылығымен осындай сын сағаттардан аман өте алды. Шүкір, бүгінде тәуелсіздігіміз бекіген, дамудың даңғыл жолына түскен мемлекетке айналдық.

Бағамдай отырсақ, Қазақстан территориясы жағынан әлемде тоғызыншы орынды алатын алып ел екен. Осыншама жер көлемін алып жатқан әйдік мемлекетті басқарудың өзі оңай шаруа емес. Оған асқан біліктілік, даналық, көрегендік сынды қасиеттер ауадай  қажет. Қазақстан басшысы тәуелсіздік жылдарында осы талап үдесінен шыға білді, еліміздің ертеңі  үшін өлшеусіз үлес қосты. Осылайша, Қазақстан Президенті халыққа шын берілген тұлға болғандығын дәлелдеді деп айта аламын.

Ендігі жерде тәуелсіздігімізді тұғырлы ету аса маңызды. Бұл жолда бізге бірлікті бекемдей түсу қажет. Біз – көп ұлтты елміз. Сол көп ұлтты ел бүгінде әлемдік геосаясат картасында қалыптасқан ахуалға қарамастан, бірлік, татулық туының маңайына бірігіп, бақуатты өмір сүруде. Біз осы жеңісті сақтап, болашақ ұрпаққа табыстауымыз керек. Бұл – ұлы мұрат.

(Арнайы «Атырау» газеті үшін).

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button