«ӘЛЕМ – АЛАҚАНЫҢДА!..» немесе Рахымжан сұхбатынан түйген ой
Atr.kz/16 қазан, 2020 жыл. Әркімнің өз әлемі бар. Өйткені, бұл – Өмір!
Шығармашылық әлемінің өзіне тән өзіндік өмірі болады. Оны бұзуға яки өзгерте салуға жұмырбасты қарапайым пенденің құдіреті жете қоюы неғайбіл. Жер жүзінің аузымен құс тістеген жақсылары мен жайсаңдары шығармашылық әлеміндегі өзінше өрілген өрнекті кәдуілгі көзбен көре алмай кеткенін тарих парақтары растайды. Саясат серкелерінің дөңгеленген дүниеге өзгеше ықпал етпек болған әрекеттеріне де шығармашылық дүниесі өзгелерге байқала бермейтін өзіндік көзбен қарайды. Себебі, оның әлемін тек өз көзімен ғана көру керек.
Дүние жүзіндегі 8 миллиардқа жуық адамның басын қосқан 200-ге жуық мемлекетті ұршықша үйіріп отырған алпауыт елдердің мүйізі қарағайдай серкелерінің «саяси ойындары» шығармашыл адамның жүрегін өзгеше мазалап, өзіндік көңіл-күйін қалыптастырады. Қазіргі жағдайда Азия мен Еуропаның, мұхиттың арғы бетіндегі бір топ ықпалды елдердің де өзіндік саясатына жіті көз бен орнықты көзқарас қажет. Әйтпесе, әлем ұшы-қиырсыз көк мұхиттың аласапыран толқындарындай буырқанып жатыр. Алда-жалда дауыл көтеріле қалса, «сап, сап, көңілім, сап, көңілім» деп Абайша арашаға түсер ара ағайын да азайып кетті.
Өткен жүзжылдықтың соңғы онжылдығының о жақ, бұ жағында дүние астан-кестен болған шақта, қазақтың классик жазушыларының әлемдік тақырыптарға бел шеше кіріскені есте. Әнуар Әлімжанов, Олжас Сүлейменов, Мұхтар Шаханов, Әбіш Кекілбаев, Шерхан Мұртаза, Камал Смайылов, Сағат Әшімбаев – бұлардың әрқайсысы бір-бір тау. Олар көтерген Жер ғаламшарына ортақ, толғақты тақырыптардың зардабын адамзат енді ғана тартып жатыр. Ал, олар сол кездің өзінде алдағысын көре білді.
Бүгін ше? Енді бір бес-он жыл алдағыны көре алатын «глыбалар» бар м а?
Тіпті, дәл бүгін өз айналамыздағы дау-жанжалға батыл кірісіп, кесімді сөз айтар мықтылар көрінер ме екен?!
Саяси жауырыншылар мен сәуегейлер (экстрасенс) қаптаған заманда кімнің сөзіне сенеріңді білмей дал боласың…
Соңғы он шақты жылда Алатооның ар жағында болып жатқан аласапыранды көзімен көрсе, шоң Чынгыз көкем (Айтматов) не айтар еді, жарықтық?! «Мұндайға куә болғанша, пенденің жүзін көрмей өтейін» деп айдалаға безіп қашар ма екен, әлде «эр Манаштың ұрпағы, тоқтал! Сын сағатта бірге бол, ақылға кел, бауырым» деп, сабырға шақырғандай болар ма?! Не десек те, қарап қалмайтыны анық. Бәлкім, қазірдің өзінде Чон-тастағы Ата-бейіттен өз тәнін рухымен ала қашып, басқа бір әлемде жүр ме екен?! Біз оны білмейміз ғой…
Сол айыр қалпақты қырғыз жұртын кешегі өткен қайталанбас Тұлға, дарабоз жазушы Рахымжан Отарбаев ерекше ілтипатпен еске алар еді, шіркін! Төбесіне таудай болып қобырай үйілген шашын салалы саусақтарымен тарамдап жіберіп: «Біз Бішкекте жүргенде…» деп, әсерлі әңгімеге тұрарлық бір ауыз естелігін бастап жіберетін. Бішкекті көп айтатын Рахаң өзінің қандай да бір өткізген шараларынан қырғыз бауырларын қалдырған емес. Арғы-бергідегі көп ғұламаның басын Атырауға жиған Отарбаев фестивалінің төрінде де қырғыздар бір қауым ел болып отырғаны рас.
Араға жыл аунатып, театр фестивалін Бішкекте өткізді. Бұл – 2017 жылдың шілде сі…
Әлдебір себеппен кездескенде:
– Осы фестивальге өзің менімен бірге барасың. Мерейімді бір көтерші, қасыма ілесіп жүрші, — деп қолқа салған. «Мұндай мықты болмыстың көңілін таба аламын ба? Ертең күлдібадам дүние шығып, қарым-қатынасымызға сызат түссе…» деген күмән- күдік көкейге орнығып алып, сенімді сөз айтуға жібермей жатты. Атыраудағы шараның басы-қасында болған әріптестердің есімін атап ем, аласы көптеу көзімен атып жібере жаздады.
– Олардың есімдерін естігім келмейді, — деді де бұрылып кетті…
Пенденің ісі бітіп бола ма, ақыры Бішкекке жол түскен жоқ. Сол сапардан Рахаң көңілді оралды. Бішкекте өткен «Рахымжан Отарбаевтың театр фестивалі» кезінде қырғыз телевидениесінің журналистеріне сұхбат та берген, көкейіндегісін ашық әрі қаймықпай айтатын әдетімен ақтарылыпты. Бұл сұхбат бұрын-соңды еш жерде жарық көрмеген екен. Жуырда Сәуле жеңешем мен Ермерей інімнен алып тыңдап көрсем, өзі алдын көрген Алатаудай ағалары сияқты жан-дүние сімен терең толғана сөйлепті және қоғамның да, заманның да ең өзекті мәселесін қозғаған.
– Әлем алақаныңда, — дейді Рахаң. – Жазушы болып, қаламгер болып әлемдік оқиға, әлемдік әдеби тенденциялардан тыс жүруге болмайды. Біз әлемдік деңгейде ойлауға тиіспіз. Сонда ғана қазақ әдебиеті, қазақ драматургиясы халықаралық, әлемдік деңгейге көтерілмек. Сондықтан да мені бүгін мұсылман елдерінің жағдайы, бо сқынға ұшырауы қатты алаңдатады. Ойға а лған дүниелерім де бар!..
Бұл – Рахаңның соңғы сұхбаты. Бәлкім, соңғы с ұ хб ат т а р ы н ы ң б і р і . Ке з — ке л ге н а д а м ғ а і ш к і қырындысын аша бермейтін, тіпті, көңіліне жақпаса өзіне ғана тән мінезімен бұрылып жүре беретін әдеті бар Рахаң бақилық сапарға аттанар уақыт таялғанын сезді ме екен, кім білсін. Әйтеуір, өзі сүйген ұлтының болашағына алаңдаушылығын білдірген.
Егер көзі тірі болса, бүгінгідей алмағайып заманда ұлт мақтаныштарының басын қосып, айрықша қадам, өзгеше әрекеттер жасар ма еді?! Тек жетпей кетті, әттең!..
Өзі ойға алған «Босқындары» да жазылмай қалды. Сөйтсек, Рахаң күнделігіне көп нәрсені түртіп жаза берген екен. Тезис түрінде, бір ауыз сөзді, оймақтай ойды, көңіл-күйді, бәрі-бәрін күнделікке түсірген. Өзі айтпақшы, «талғамсыз көп тобыр үшін жаза алмай-ақ қойған» шығар. Кім білг ен?..
Ой көп. Жарысқан толқындай бірін-бірі қуалап, бірін-бірі турап өлтіріп жатыр. Бұл да өзінің сөзі!..
Қарап тұрсаңыз, шынында да әлем алақаныңда екен ғой!..
Назарбек ҚОСШИЕВ