Жарнама
ЖаңалықтарЭкономика

Әлегі көп әлеуметтік көмек: 21 000 теңге қолға тиді ме?

Atr.kz/28 маусым, 2019 жыл. Биылғы сәуірден бастап елімізде жаңа нысандағы мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек түрлері көрсетіле бастады. Оның ішінде жәрдемақы төрт және одан да көп балалы отбасыларына берілетін көмек те қамтылған.

Жұмыспен қамтуды ү й л е с т і р у ж ә н е әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы Жанар Қайседенованың айтуынша, 1 сәуірге дейін мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті алып келген 855 көп балалы отбасына (4 787 адам) 89 млн. теңгеге қайта есептеу жүргізілген.

Нәтижесінде, облыс бойынша 4 101 отбасына (23 571 адам) 816,7 млн. теңгенің атаулы әлеуметтік көмегі тағайындалып отыр. Есепті мерзімде халықты әлеуметтік қорғау органдары мен халыққа қызмет көрсету орталықтарына мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек тағайындау туралы көп балалы отбасыларынан түскен өтініштер толықтай қаралыпты. Сөйтіп, жанұяның жан басына шаққандағы орташа табысы 21 мың теңгеден аспайтын отбасылары анықталды. Мұның ішінде ай сайын және жылына бір рет (12 айдың есебімен) шартты түрде тағайындалатын көмек түрлері қамтылған.

Мәселен, атыраулық Ержан Дүйсеғалиевтың отбасы шартты түрдегі атаулы әлеуметтік көмек алуға қол жеткізген. Отағасы автокөлік жүргізушісі болып еңбек етеді. Отанасы бала күтімімен отыр. Жанұя құрамында үш баласымен бес адам бар. Бір жасқа дейінгі бала күтімі жөнінде тағайындалған жәрдемақы көлемі – 66 072, айлық еңбекақысы – 196 655, бір тоқсандағы отбасының жиынтық табысы – 262 655, ай сайынғы орташа кірісі 87 552 теңгені құраған.

Ал, 12 айға есептелген шартты әлеуметтік көмек сомасы – 827 076, 1 айдағысы 68 923 теңгеге тұрақтаған. Ал, қала аумағындағы Тасқала ауылында тұратын Гүлшара Абдульохидованың отбасында 6 адам бар. Өзі жұмыс жасайды, жұбайы бала күтімімен үйде отырады. Жанұяның бір тоқсандағы жиынтық табысы – 414 620, орташа айлық кірісі 138 207 теңгені құрап, жан басына шаққандағысы 23 034,5 теңгеден келген.

Осыған байланысты, бұл отбасына мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек тиісті емес. Осындай деректермен бөліскен Жанар Пәуеденқызы мұндай көмек түрін уақытылы алған да, сұратылатын құжаттарының жеткілікті болмауынан қол жеткізе алмай жүрген отбасылардың да барын жоққа шығармады. – Отбасында тоғыз жанбыз, жеті баламыз бар. Көп балалы отбасыларына жаңа нысандағы мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмектің берілуі біз үшін қуанышты хабар болды.

Алғашқылардың қатарында жаңа нысандағы мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті алып отырмын, — дейді
Көкарна ауылының тұрғыны Алмагүл Рысмағамбетова. Алайда, отбасында алты адам болса да мұндай көмектен қағылып отырғандар да бар. Мәселен, Света Көнімқосова оның себебін былайша түсіндіреді.

– Жанұямызда жолдасым және төрт баламызбен алты жанбыз. Өзімнен үлкен апамның үш баласы бар. Қазір тұрып жатқан пәтеріміз сол кісінікі. Оларды қосқанда он адам аядай ғана бір бөлмелі баспананы паналап отырмыз. Күйеуім жұмыс жасайды. Отбасы кірісін жан басына шаққанда мемлекеттен берілетін атаулы әлеуметтік көмек тиесілі екенін біліп, құжаттарымызды жинақтағанбыз.

Алайда, апамның отбасымен бір мекенжайда тіркеулі болғандықтан, ол кісінің азды-көпті табысы ортақ кіріске есептелді. Оның үстіне заң бойынша апамның ажырасып кеткен жолдасынан кәмелетке толмаған балаларына төленіп тұруға тиісті алимент сомасы да есепке алынады екен. Нақтысында, қазіргі уақытта олар ешқандай алимент алып отырмаса да, оны анықтайтын құжаты жоқ. Сол себепті әлеуметтік көмекті ала алмай отырмын, — дейді ол.

Міне, осылайша жаңа нысандағы мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті алған да, түрлі себептермен қол жеткізе алмай қалған да отбасылардың барына көз жеткіздік.

Дәулетқали АРУЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button