Жарнама
ЖаңалықтарҚоғам

Қалдыбай мен Қабыланбай батыр

Махамбет пен Исатайға серік болған есіл ерлер туралы не білеміз?

Азаттықтың ақ таңын – ата-бабаларымыз ғасырлар бойғы арман ғана қылған жоқ,  Мәңгілік ел болу жолында ат жалында жүріп ерлеріміз талай мәрте Ұлт-азаттық көтерілістерге шықты. Жан аямай күресті. Міне, сол ақиқатқа айналған арманның орындалғанына биыл  – 25 жыл.

0d5217bd66cacded798e5f9329b7f416

Күркіреген  дауысы…

«Атырау» газетінің №62 санында «Батырларды ұлықтау – ұрпаққа өнеге» деген тақырыппен жарияланған саясаттанушы Әбілхан Төлеуішовтің материалы үлкен ой салды. Расында да, біз ұрпағына осындай ұлы күнді сыйлаған ерлерді  ұмытпауымыз керек. Әсіресе, қазіргідей елеулі сәттерде естен шығармай, ескеріп отырсақ, бұл ісімізден балаларымыз да үлгі-өнеге алар еді. Өйткені, бүгінгі бақытты күніміз – сан ғасырға созылған күрестің, қан мен тердің жемісі.

Азаттық жолындағы күресте бүтіндей отбасы жойылып, бір атаның ұрпақтарының бір шайқаста қаза болған сәттері де болды. Мұндай оқиғаның бірі осыдан 180 жыл бұрынғы Исатай мен Махамбет бастаған Ұлт-азаттық көтеріліс кезінде орын алған болатын. Патшалы Ресейдің отаршыл саясатына көндіге қоймаған тарландардың қасында бір топ үзеңгілес жауынгерлердің де болғаны тарихтан белгілі. Солардың ішінде бас сарбаздардың бірі – Қалдыбай Қосаяқұлының орны бөлек. Ол жастайынан алған бетінен қайтпайтын қайсар, өжеттігімен ерте жасынан елдің көзіне түскен нағыз ер болған.

Қалдыбай батыр Махамбеттің әкесі Өтеміспен шамалас бол-ған. Қиялымола, Теректіқұм, Тастөбедегі шайқастардағы Қалдыбай батыр мен олардың ұлдарының ерліктері ел арасында кеңінен тарап, ақын-жыраулар аңыз қылып айтып, өлеңге қосты. Батыр балалары Қабыланбай, Иманбай, Таңатар, Бекайдар, Есмағұл, Есмайл, Уәли, Ғайнижамал, Иманәлі, Сабалақ, Қали, Көпсекті жорықтарға бірге алып жүрген. Олардың ішінен Қабыланбай 1836-1838 жылдары болған Исатай-Махамбет көтерілісінде жанқиярлық ерлік көрсетіп, батырлардың  жанында серік болғанын білеміз.

Күркіреген дауысы күншілдік жерден естілетін батыр Қалдыбай тәжірибесі мол, ұрыс тәсілдеріне шебер болғандықтан, жанындағы сарбаздарға үнемі ақыл-кеңесін беріп, қиындықтан шығар жол тауып отырған. Ол Исатай-Махамбет бастаған көтеріліске руластарын ертіп, өзі сұранып келіп қосылғандардың бірі. Исатай-Махамбет жеті мыңнан асатын сарбазының ішінен осы Қалдыбай Қосаяқұлына арқа сүйеп, үлкен үміт артқан. Ол Тептер өзенінің бойында өз ата қонысында шамамен 1775 жылдары дүниеге келген. Атақты Исатай мен Махамбетпен бірге жүріп, Тастөбедегі ұрыста жауға бірінші болып шапқан сәтінде батырға зеңбіректің оғы келіп тиіп, қаза болады. Осы кезде Махамбет «Ерсары мен Қалдыбай, екі арыстан тең өлді…» деп жоқтау айтып, жырға қосқан. Тастөбедегі төңкерісте Махамбеттің өзі арыстанға теңеген Қабыланбай батырмен қоса 60 шақты адам мерт болды. Елінің тәуелсіздігі, ұлтының азаттығы жолында батырдың балалары Есмағұл, Уәли, Ғайни, Қабыланбайлар да ерлікпен қаза тапқан.

 

Қазақтың  қайсар қызы

Осылайша бір отбасынан шыққан батырлар елінің бостандығы үшін,  жауға қасқая қарсы тұрып, өздерін құрбан еткен. Қалдыбай қызы Ғайнижамалды (Ғайни) жорықтарға көп еріткісі келмеген. Бірде әкесі мен ағалары ауылда жоқ кезде Сұлтан Баймағамбет Айшуақов пен Орал казак әскерінің атаманы, генерал Д.Бородин бастағандар тұрғындардың малдарын алдарына салып, айдауға ниеттенген. Сол кезде ержүрек қыз ақ боз атқа міне шауып, малдың алдын үркітіп, кері қуа жөнеледі. Осы сәтте отряд басшысы оны тұтқындауға бұйрық береді. Бойында жаужүрек әкесінің қаны бар Ғайни өзін ұстамақ болған төртеуді бірінен соң бірін найзамен жаншып өлтіреді. Баймағамбеттің тағы бір солдаты үстінде сауыты жоқ Ғайниды оққа ұшырады. Сонда аттан құлаған батырдың кім екенін білгілері келіп жақындаған жендеттер жайыл-ған қара шашты көріп, оның қыз екенін біліп, қайратына таң қал-ған. Сондай-ақ, Сегіз серідей азаматтың жүре-гіне от салып, «Ғайни» әнінің өмірге келуіне себепкер болған да осы батыр қыз болатын.

 

Болмысы  бөлек  батыр

Ал, Қалдыбайдың балаларының ішінде болмысы бөлек Қабыланбайдың ерлігі туралы қанша айтсақ та жарасады. Қабыланбай – жорықтарда Исатай, Махамбеттің жанында жүрген үшінші тұлға. Алып денелі, алапат күш иесі Қабыланбайдың тобында алғашында 60-70 қана қол болған. Осы жауынгерлермен жүріп-ақ, отаршылдар тартып алған жерлерді кері қайтаруға жұмыстанады. Теректідегі Балқы ауылында болған қанды шайқаста өздерінен саны үш есе артық жаумен шайқасып, оларды тас-талқан етіп жеңеді де, шаруалардың жерлерін, малдарын қайтарып алып береді. Бұл батырдың ерліктері туралы бір ғана мысал.

Қабыланбай батырдың алыптығы соншалықты, оны кез келген жылқы алып жүре алмаған. Оның мінген аттары «Қара бұқа» мен «Сары қасқа» ғана. Осы екі қос тұлпар ғана оның салмағына шыдас беріп, жорықта жолдас болған.

Қабыланбайдың бала күнінен батыл, ер жүрек болғандығы туралы ел аузында мынадай да аңыз бар. Кенесары, Байбақты сынды жасы үлкен ағалар бар, бір топ азаматтар аң аулауға шығып, бір қабанды ұстай алмай, қуалап ауыл іргесіне әкеледі. Сонда айқай-шудан шошып оянған Қабыланбай қабанды ұстауға батылы бармай тұрған адамдарды көріп, өзі түрегеліп, қабанға бас салып, екі құлағын бұрап, үзеңгімен соғып өлтіреді. Оның ерлігіне сөзсіз риза бол-ған ауыл зиялылары бұл оқиғаға той жасауды ұйғарады.

Сол уақытта ауылда болмаған әкесі Қалдыбай елге келісімен замандастарына «Сіздер дұшпан екенсіздер. От пен судың қаупін жете түсіне білмеген жас қыршынды өлімге айдағандарың не болғандарың» деп ренішін білдіреді.

Тастөбе маңында 1837 жылдың 26-шы қарашасында 75 казак-орыс әскері мен 100 хан жасағы оларды қоршауға алады. Сонда «Қаруыңды таста!» деген бұйрыққа бағынбаған Қабыланбай қаруын қолынан түсірмей, өздеріне қарсы шауып, жолындағылардың бәрін жайпап өткен. Арада біраз уақыт өткеннен кейін ғана ес жиған жендеттер барлығы жабылып, батырды зорға дегенде қолға түсіреді. Тұтқынға түскеннен кейін, Оралдағы әскери сот Қабыланбайға бес жүз солдатқа үш реттен дүре соқтырып, жазасын Сібірде өтеуге үкім етеді. Осы сапарында батыр жау қолынан құтылып шықты деген де ақпарат бар. Ол айдауылдар жолда демалып қонған кезде қаруларымен бірге аттарын алып қашып, жанындағы жолдастарымен бірге құтылып шығып, көтерілісшілердің қатарына қайта қосылған екен. Бірақ, жендеттер оны кейін кері қолға түсіріп, арнайы соғылған шынжырмен қол-аяғын байлап, Текеге апарып, бір көзін ойып алып, азаптап өлтірген.

Батырдың артында төрт ұлы қалған. Кенжесі Лұқпан заманында «Сар жорға» атанған шешен адам болған. Лұқпаннан алты ұл, екі қыз өмірге келген. Оның ұлы Қуаныштан тараған Айтмағамбет те айтулы ақын болған кісі. Ол өз жырларының бірінде батыр бабасы туралы:

«Қанды кек, содан қалған қанмен қайнап,

Шынжырмен Қабыланбайды алды байлап,

Қосылып Исатайға соғыстың деп,

Жіберді жиырма бес жыл Сібірге айдап», — деген екен.

Подполковник Гекенің Қабыланбай туралы генерал Перовскийге жазған хатынан:

«Ол – нағыз азамат, ержүрек жан. Көтерілістің басынан бастап, барлық жерде Исатайдың жанында болып, бірдей әрекет жасады. Бұл жерде темір жоқ, ал арқан оған түк те еместігін ескеріп, қатынас қағаз әкелген он адамға Хоунжий Еремеевтің жиырма сегіз адамын қоса беріп, оны Орал қаласына жөнелтеміз».

Түйін:

Ұрпақты ұлтжандылыққа тәрбиелеп, қазақстандық патриотизмді қалыптастыруда әкелі-балалы батырлардың өмір жолы көпке үлгі боларлықтай. Ер есімдерін ел есінде қалдыратындай республикалық «Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда», «Түркістан» мен жергілікті «Атырау» газеттерінде мазмұнды мақалалар жарияланды. Десек те, бізді «Батыр елеусіз қалса, ұрпақ жадынан өшіп қалмай ма» деген ой да мазалайды. Сондықтан, Ә.Төлеуішовтің «Көшелерге батырлардың аттарын беру – кезек күттірмес іс» деген ұсынысын мен де қолдаймын. Және Исатай мен Махамбетке серік болған Қалдыбай мен ұлы Қабыланбай батырды бұл құрметке әбден лайықты деп білемін. 

Жолдасқали ЖЕТІБАЕВ,

мұнай саласының ардагері.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button