Алашорда ақиқатына апаратын жол ойылдың бойында жатыр

Алашорда ақиқатына апаратын жол Жаңалықтар

(Соңы. Басы өткен санда).

 Газетіміздің өткен санында біз Алашорда үкіметінің 100 жылдығына орай, Күнбатыс Алаш үкіметінің көсемі Халел Досмұхамедовтің ставкасына, оның ата-бабасы мен ұстазы Ығылман Шөрекұлы жерленген Сорқуысқа сапар шеккен «Алаш тағылымы және Тәуелсіздік» атты экспедиция жөнінде жазған едік.

Алашорда ақиқатына апаратын жол

Ауқаттылардың мәңгілік мекені

Халелдің Алдарбиден басқа барлық туыстарының зираты Сорқуыста жатыр. Мұны атақты ғалымның жиені болып келетін Мереке Айжарықов анық білетінін айтады.

– Менің нағашым Жәлеке Зұлқанов – 107 жасқа дейін өмір сүрген кісі. Көзі тірісінде ашық жатқан ақын-жыршы Ығылман Шөрекұлының сүйегін тауып алып, ағаш белгі орнатқанын жиі айтып отырушы еді. Кәрілік келіп, ауру меңдесе де  ақылынан алжасып, не есебінен жаңылып көрген емес. Одан кезінде Зейнолла Қабдолов, Әбіш Кекілбаевтардың өздері кеңес сұраған көрінеді. Шүкір, шежірені шүберекке буып отырған оның бүгінде ұрпағы бар. Енді Ығылманнан жалғасқан ұрпақтың бар-жоғын білмеймін.

Сол кісінің айтуына қарағанда, ертеде бір Мәкен дейтін бай болыпты. Ол мешіт салдырып, халқына танылады. Оның отбасында Атамұрат, Төремұрат, Жақия және Жұмабай деген төрт ұл дүниеге келген. Сол Жақиясы – менің арғы нағашым, – дейді асқақал.

Сорқуыс қорымындағы қаптаған құлпытастың бәрі де араб тіліне ұқсас жазумен жазылған. Бірақ, оларды суретке түсіріп, атыраулық имамдарға көрсетсе, ешкім оқи алмайды. Өйткені, бұл тек араб, не төте жазу емес, көне жазулардың  нұсқасы болуы мүмкін. Жергілікті жұрттан естігеніміздей, Махамбеттің жүрген жері Борсаңға келген жазушы-ғалымдар Әнес Сарай мен Қойшығұл Жылқышиев Сорқуысқа да соғып,  құлпытастардағы жазуды түсіріп алған деседі. Осы ретте облыстық тарихи-өлкетану музейінің басшысы Рәшида Ерімқызы Түркістан қаласындағы көне тілді білетін мамандармен үнемі байланыста екенін жеткізді. Демек, құлпытастағы жазуларды сондағы мамандарға жеткізу керек.

Халелдің өзіне қайта оралсақ, оның арғы атасы – Алдарби. Одан Досмұхамед, Дәулетімбет, Ізмұхамбет тарайды. Осы ретте жұртты жаңылыстыратын бір дерек бар. Көбі Жанша Досмұхамедовті Халелдің туысы деп ойлайды. Бұл туралы ардагер журналист Төлеген Жаңабай:

– Шын мәнінде екеуінің туысқандық байланысы жоқ.  Оларды тек Халелдің зайыбы Сағира ғана байланыстырады. Халел Жаншаны «қайнаға» деп атаған. Бір өкініштісі, Халелден қалған ұрпақ жоқ. Соңғы Марат есімді тұяғы осыдан үш жыл бұрын қайтыс болды. Ол кісіде ұл жоқ, тек екі қыз. Енді бір дерек бар, кезінде Қонаевпен бірге оқыған Әділхан деген бір баласының бірінші әйелінен ер бала болған. Бұл әлі де болса көп зерттеуді қажет етеді, – дейді.

Ескерткіштің дені – Қызылқоғада

1918 жылдың жазында құрылысы басталып, келесі жылы бой көтерген Халел ставкасына келер болсақ, ол тәуелсіздік алғанға дейін-ақ мемлекет қорғауындағы ескерткіштер тізіміне енгізілген. Бірақ, кеңестік жүйе ыдырағаннан кейін тасада қалып қойды. Тарихи-мәдени мұраны қорғау, қалпына келтіру және пайдалану жөніндегі облыстық инспекция басшысының орынбасары Фархад Байдәулетов Атырау өңірінде 921 тарихи ескерткіш барын айтады. Оның  313-і мемлекеттік тізімге енгізілген. Ал, 604-і соңғы екі-үш жыл ішінде табылған.

– Сол бір мыңға жуық ескерткіштің 283-і осы Қызылқоға жерінде орналасқан. Жалпы, ескерткіштер үш топқа бөлінеді. Біріншіден, архитектуралық-археологиялық, оған жер астындағы қалалар, елді мекендер мен зираттар жатады. Екіншіден, бірнеше құлпытас немесе ғимарат шоғырланған жерді «ансамбль» деп айтады. Үшіншіден, қала құрылысы мен сәулет өнерінің туындылары, қорымдар өз алдына бөлек топтастырылады. Демек, құлпытастың есепке алыну-алынбауы оның астында кім жатқандығына емес, қаншалықты сәулетті екендігіне де байланысты болмақ.

Атырауда Махамбет Өтемісұлы, Мұрат Мөңкеұлы, Бөкен би  сынды тарихи тұлғалар жерленген жерлер бар. Тіпті, қорғандар да кездеседі. Елімізде мемлекеттік тізім тек бір рет, яғни, 2010 жылы жасалды. Сондықтан, алдағы уақытта Халел ставкасы мен Сорқуыс қорымын да тізімге енгізуді Мәдениет және спорт министрлігіне ұсынатын боламыз. Ол үшін алдымен облыс әкімі қаулы шығарады. Мемлекеттік мәртебе алған ескерткіштерге қазынадан қаржы қаралады.

Бұл орайда бір ескерер жайт, ескерткіш орнатудың да тәртібі бар. Жергілікті басшылықтың қолдауымен бой көтерген нысандар әуелі мемлекеттік комиссиядан өтеді. Егер өте алмаса, министрлік келісім бермейді. Мәселен, Елордадағы Керей мен Жәнібектің ескерткіштерін бір кездері тізімнен алып тастаған. Неге? Себебі, ол сәулет-құрылыс талаптарына жауап бере алмады. Дәлірек айтқанда, бет пішіні қазаққа емес, өзге ұлтқа көбірек ұқсады, – дейді ол бізге берген сұхбатында.

Халел қайда жерленген?

Тағы бір күрмеулі мәселе – Халел Досмұхамедов қазасының әлі күнге дейін жұмбақ күйінде қалуы. Оның сүйегі қайда жатқанын да әзірге ешкім анықтаған жоқ. Тарихшылардың бір тобы 1939 жылы өзінің дәл туған күні, яғни, 24 сәуірде атылды деп санайды. Енді бір деректерде 1944 жылы Воронеж госпиталінде ауыр науқастарды емдеп жүрген Халелді елдің бір адамы көрген деседі. Жақындап барып «Ассалаумағалейкүм, Халеке» дегенінде, ол теріс айналып, дереу тайып тұрыпты.  Бұл аңыз ба, ақиқат па – оны, әрине, ешкім айта алмайды.

Ерекше еңбекқорлығымен көзге түскен Халел Ташкент қаласында көп еңбектенген екен. Осы орайда  Атырау мемлекеттік университетіне сол жақтан 200-ге тарта құжат әкелінген. Енді оны зерттеп, жарыққа шығару – жас ғалымдардың міндеті. Тіпті, бір кездері Халел мұраларының он томдығын басуға шешім қабылданған. Бірақ, қаражаттың аздығынан ол бір ғана таңдамалы жинақпен шектеліпті. Халелдің тағы бір қыры – тіл ғылымындағы жаңалықтары. Соның ішінде сингармонизм мен ономастикаға қатысты заңдылықтар бүгінгі қазақ тілінің өрісін кеңейтуге ауадай қажет. Ғалым қазіргі сөздердің төл аудармасын сол кезде-ақ жасап кеткен.

Обамен күрес

Тайсойғандағы Калмыков ілбісін оба індеті жайлаған шақта арнайы комиссия құрылған. Оның төрағасы болған Халел ауруды ауыздықтауға бар күшін салған. Тіпті, бірнеше қыстақты түгел өртеп жіберген деген де дерек бар. Бірақ, адам баласының қолда бар алтынды бағалай білмейтін бір жаман әдеті бар ғой. Обаның жайылып кетпеуі үшін қатаң тәртіп ұстанған дәрігерді жұртшылық түсінбей, қарғап-сілеген, «парақор» деп те атаған.

Баба ұрпағы Аманжан Мұғалімов үлкендерден Халелдің жазғы демалысты пайдаланып, туған ауылға келетінін, құшақ-құшақ кітап әкеліп, жерлестерінің сауатын ашқанын естіген.

– Көзі тірісінде ғалымның құрдасы Ұлықпан оның кісіге тура қарап сөйлейтін, қатал адам болғанын айтқан. Қаталдығы сол, обамен күрес барысында адамдарды көміп жатқан мезгілде қолғабын шешіп жұмыс істеп жатқан құрдасын көрген Халел: «Неге қолғапсыз жүрсің? Аурудың жұқпалы екенін ескертіп едім ғой?! Тілімді алмасаң, өліктерге қосып өртеп жіберемін» деп қорқытқан екен.

 Ойылдың бір бетінде «Балабейіт» деген жер бар. Бұрын ол жерге обадан көз жұмған балаларды өгіз жегілген арбамен әкеліп көмген. Сондықтан, солай аталып кеткен (кейін «Аққала» атанды – авт.) Кезінде Қызылту кеңшарындағы қой өсіру нысанына ғалымның аты берілгенімен, артынша белгісіз себептермен өзгертілген. Соны қайта оралтса немесе оның атын ауылдағы фельдшерлік нысанға берсе деген тілегім бар, – дейді ол.

Ғалым ғылымнан бос уақытында туған өлкесіне келіп тұрған. Әсіресе, жазғы уақытта ставка қасындағы Сейтімбет деген жерге үй тігіп, жергілікті өсімдіктерді зерттеген, шипалы шөптерді анықтаған. Сондай-ақ, ескі аңыз-әңгімелер мен көне жырларды да жинақтаған.

Халелдің қыр-сырын санамалап өтсек, ол – қайраткер, дәрігер, ұстаз, ғалым, филолог, әскери қызметші және саясаткер. Міне, осыдан кейін оны жеті жұрттың тілін, жеті түрлі білім білген бірегей тұлға демей көріңіз?! Айтпақшы, жуырда біртуар ұлдың жүріп өткен жолымен тағы да экспедиция ұйымдастырылатын болады.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз