Алақандай ауылдан шыққан үш депутат: 3.Еңбегімен танылған Ғалия

itmьmr Жаңалықтар

Аtr.kz/28 сәуір, 2020 жыл. Бұрынғы Панфилов атындағы балықшылар колхозы тараған тұста Көптоғай ауылы Құрманғазы атындағы кеңшардың бір фермасына айналған болатын. Жері аудан орталығынан шалғай, әрі Қиғаш өзенімен бөлінген кішігірім арал сияқты аталған ауылдың табиғаты мал өсіруге қолайлы.

Ал, топырағы құнарлы, егін шаруашылығына таптырмайтын жер. Осыны түсінген аудан басшылары «Көптоғай» көкөніс-сүт ұжымшарын құрып, Салахиден Бегеевті ұжымшар директоры етіп тағайындаған кезде ауыл адамдарының қуанышында шек болмады. Қуанбағанда ше?!

Екі қолға бір жұмыс дегендей, механизаторлар курсын оқығандары бір-бір тракторға, жүргізушілік куәлігі барлары бір-бір автокөлікке қолдары жетті. Мектеп бітірген жастар сол жылы «Балауса-78» комсомол-жастар бригадасын құрды. Бригадирі етіп тәжірибелі еңбеккер Ризабек Саламеденовті бір ауыздан ұсынды. Осылайша, бұрынғы балықшылықпен, мал өсірумен айналысқан ауыл адамдарының өмірі басқа арнаға бұрылды.

Көптоғай ауылындағы үлгілі отбасылардың бірі – майдангер Сираж Рахметовтың шаңырағы. Жұбайы Әсима Жансейітқызы екеуі төрт ұл мен төрт қызды өсіріптәрбиелеп, халық қатарына қосты. Өрімдей он сегізінде от пен оқтың астында қан кешкен Сираж Рахметұлы өте сабырлы, адамгершілігі мол, бір сөзді адам еді. Қашан да көп сөйлемейтін ол ағаш шебері ретінде ауылға сыйлы болды. Ол кісінің қолынан шыққан ағаш бұйымдар сол кезде ауылдағы әрбір үйдің төрінде тұратын.

Бесік, әбдіре, жастықағаш, кебеже, сандық, үлдірік жасайтын ағаш шеберіне күніне әр үйден өтініштер түсіп жататын. Ауылдастарының аузынан шыққан сөзді құп алып, өтінішін қалт еткізбей орындайтын ағаш шеберінің ұл-қыздары да еңбекқор болып өсті. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» дегендей, Күншығар Сиражұлы бастаған ұлдары өте кішіпейіл, адамдарға көмектесуге әзір тұратын, елгезектігімен елге танылды.

sroropoorpop 2

АРМАН АДАСТЫРМАЙДЫ

Сираж Рахметұлы қолы қалт еткенде домбырасын алып, төрде күй шертетін, халық әндерін айтатын. Содан ба екен, ұл-қыздарының өнерге де ықыласы ерекше болды. Мектепте көркемөнерпаздар үйірмесінде күй тартып, домбырамен ән айтатын Рахметовтерсіз көркемөнерпаздар фестивалі өтпейтіндей көрінетін. Үйдегі төртінші бала Ғалия да өнерден құралақан қалмады. Екі жағынан өрген шашында ақ бантигі желбіреп, домбырамен күй тартып, терме орындайтын қара қызынан әкесі де үлкен үміт күткені рас. Аудандық көркемөнерпаздар байқауынан жүлдесіз қайтпайтын Ғалия орта мектепті бітірген соң ата-анасынан жырақ кеткісі келмеді. Соғыста қан кешіп, жаны жараланған әкенің жанына жалау болып, еңбекке араласуды жөн көрді.

Сөйтіп, еңбек етіп, табыс тауып, көпбалалы шаңыраққа өзінің де көмегін көрсетсем деген ойын ата-анасынан жасырмады. Қыздарының тілегін құп алған ата-ана оның сол кезде құрылғанына бір-екі жыл болған «Балауса-78» комсомолжастар бригадасына барсам деген тілегін аяқасты етпеді. Қай кезде де перзентінің ойымен санасып, арманын аласартпаған ата-ана бұл жолы да қолдау көрсетті.

ЕҢБЕКТЕГІ ТАБЫСТАР

Осылайша Ғалия «Балауса-78» комсомол-жастар бригадасының мүшесі атанды. Қызанақ, қияр, қарбыз, пияз және басқа да көкөніс өсіруді қолға алған аталған бригада көп ұзамай ауданға, облысқа танылды.Әсіресе, социалистік жарыстың жеңімпазы Ғалия Сиражқызының елеулі табыстары сол кездегі аудандық «Ленин жолы», қазіргі «Серпер», облыстық «Коммунистік еңбек», қазіргі «Атырау» газетінің бетіне көп жарияланатын. Егінші қыздың қарбыз, қызанақ, қияр алқаптарында тұрған суреті үнемі озаттар тақтасында ілулі тұратын. Көшпелі Қызыл Туды тоқсан
сайын жеңіп алып, атаанасының, бауырларының мерейін тасытатын.

Ғалияның жастық жалынмен еткен еңбегін ұжымшар, аудан басшылары да жоғары бағалады. Сөйтіп, 1985 жылы Қазақ КСРО Жоғарғы Кеңесінің 11 шақырылымына депутаттыққа кандидат етіп сайлады. Ауылдағы еңселі клубта үлкен жиналыс өтіп, сонда аудан басшысы Құмар Темірташев алдағы өтетін сайлауда депутаттыққа кандидат етіп «Өз орталарыңыздан шыққан жалынды да жігерлі жас, «Балауса-78» комсомолжастар бригадасының мүшесі Ғалия Рахметованы ұсынамыз» дегенде клуб теңселіп кеткендей болды.

Бірауыздан кандидат болып ұсынылып, депутаттыққа өткен Ғалия Сиражқызының депутат ретіндегі аманаты – Көптоғай ауылына заманға сай мектеп ғимаратын салу еді. Аудан басшыларымен кеңесе жүріп, ауылдастардың алдында берген уәдесін орындауда табандылық пен қайсарлық таныта білді. Сөйтіп, нәп-нәзік депутат қыз еңселі, қазіргі заманға сай жабдықталған зәулім ғимараттың-мектеп үйінің салынуына мұрындық болды. Депутат ретінде үлкен мінберлерден сөз сөйлеп, мемлекет басшыларымен, зиялы қауым өкілдерімен, тәжірибелі саясаткерлермен, азулы басшылар мен ақылы дариядай ардагерлермен иық тіресе отырып халық тағдырын, елдің ертеңін шешетін заңдарды қабылдауға, қаулылар мен қарарлар, шешімдер қабылдауға ұйытқы болды.

ӨТКЕН КҮНДЕ БЕЛГІ КӨП…

Ғалия Сиражқызы бүгінде өзі туып-өскен Көптоғай ауылына көрші Балықшылар елді мекенінде тұрады. Сол бір қайтып оралмайтын шақтарды сағынышпен еске алып, естеліктерімен бөліскен ол бүгінде өзінің жұмыссыздығын да жасырмады. Өмірлік жары Рафих Мәдениетұлымен тағдыр қосқан ол Әнуар, Дастан, Руслан есімді ұлдарды өсіріп-тәрбиеледі. Бүгінде келін түсірген, немере көрген ақ жаулықты ана. «Өткен күнде белгі жоқ» деп жатады ғой. Бірақ, мен «өткен күнде белгі көп» дер едім. Еңбегіммен елге еленіп, Жоғарғы Кеңес депутаты болған жап-жас, жігерге толы жастық шағым соның көрінісі емес пе? Қашан да еңбектен қашқан жерім жоқ.

Балаларымды да еңбекке тәрбиеледім. Жұмыссыз болсам да ұрпағымды өсіріптәрбиелеп, оқытып, білім беріп, үйлендіріп, қатарға қостық. Өмірлік серігім Рафихқа, енеме өзімнің алғысымды айтамын. Мені әрдайым қолдағандары үшін қарыздармын. Ел аман, жұрт тыныш болғай! Адал еңбек аздырмайтынын ұмытпайық» дейді ол.

P.S.

Иә, алақандай ауылдан Жоғарғы Кеңестің үш бірдей депутаты шыққан еді бір кезде. Үшеуі де – жолы жіңішке, нәзік жандар. Олар тепсе темір үзетін азаматтармен бірге сыналды, өз еңбектерімен көзге түсіп, төрден орын алды. Ендеше, ұрпақ оларды білуі, мақтан етуі, үлгі алуы тиіс. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының да мәні – еңбек адамдарын үлгі ету, жас ұрпақты еңбексүйгіштікке, патриоттыққа тәрбиелеу. Өткенге құрметпен қарап, қадірлесек қана ертеңге жүзіміз жарқын болып барарымыз хақ.

Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз