ҚАЛАМГЕРЛЕР АБЫЗБЕН ҚОШТАСТЫ
Кеше атыраулықтар өлке баспасөзінің ардагері, журналистика саласының абызы, қаламгерлер қауымының тәлімгер – ұстазы Шөпенғали Дәуенұлын ақтық сапарға шығарып салды.
Осыған орай «Атырау – Ақпарат» ЖШС ғимаратында өткен қаралы жиынды ардагерлер ұйымының жетекшісі Айтқали Нұрғалиев ашып, марқұмның өмір, еңбек жолымен таныстырды. Саналы ғұмырын газет шығару ісіне арнаған жаны жайсаң, абзал ағаның жүріп өткен жолы кейінгі толқынға үлгі-өнеге, өз алдына бір мектеп іспетті. Оның есімі мен атқарған ісі, артында қалдырған ізі ешқашан ұмытылмайды.
Атырау облысы әкімінің орынбасары Әлібек Нәутиев ардагер журналистің өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, өсіп-өркендеуіне қосқан үлесі шексіз дей келе, оның отбасы мен ағайын-туыстарының қайғыларына ортақ екенін жеткізді. Шөпенғали ағаның өзі ұзақ жылдар бойы жемісті еңбек еткен облыстық «Атырау» газетінің бас редакторы Исатай Балмағамбетов ұстазы туралы тебірене сөйледі.
Бұлардан бөлек, қоштасу жиынында сөйлеген облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Серік Мұхамбетов, ардагер журналист Любовь Монастырская және басқалары көңілдеріндегі қимастық сезімдерін жасыра алмады.
Өз тілшіміз.