Жарнама
ЖаңалықтарҚоғам

Қаладағы қызмет сапасы

Тұрғындарды қанағаттандырып отыр ма?

Өңірлік коммуникациялар қызметінде бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері үшін өткізілген кезекті брифингтің қонағы Атырау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің басшысы Серікбай Қазиев болды. Спикер журналистерді алдымен мекеменің 2016 жылы атқарған жұмыстарымен таныстырды.

қоғам

Көше  көңілден шыға  ма?

Шаһар көшелерін түнгі жарықтандыруға  жергілікті бюджеттен 161,3 млн. теңге қаражат жұмсалды. Алаңдар мен көшелердің жарықтандыру желілеріне техникалық қызмет көрсетуге 72,7 млн. теңге бөлінген.

Қала көшелері мен елді мекендердегі  тазалық  жұмыстарына 722 млн. теңге бағытталып, 648 мың текше метр қоқыс шығарылған. Сондай-ақ, 65,1 млн. теңгеге арнайы қоқыс алаңшалары (барлығы 290) орнатылған, 69,3 млн. теңгеге 632 дана контейнер, 470,4 млн. теңгеге арнаулы көлік-техникалар (самосвал, фронталды жүк тиегіш, қоқыс тасығыш, вакуум, манипулятор, күрек, сыпырғышы бар трактор, автогрейдер) сатып алынған.  Мұның сыртында, 137 көшеге (ұзындығы 86,6 шақырым) асфальт төселіп, 24 мың шаршы метрді құрайтын автокөлік жолына жай жөндеу жүргізілген.

 

Жолаушы тасымалында жаңалық бар

Хабарламашының айтуынша, бүгінгі таңда қала мен оның аумағындағы елді мекендерге қатынайтын маршруттар саны 30-ды құраса, жолаушыларға 8 мекеме мен 340 бірлік үлкен және шағын сыйымдылықтағы автобустар қызмет көрсетеді. Жолаушылар тасымалын жақсартып, көрсетілетін қызмет сапасын көтеру мақсатында 250 автобусқа арнаулы автоматты қондырғы мен негізгі аялдамаларға 20 дана электронды ақпараттық табло орнатылған.

 

Қоныс тойы көбейе түсті

2020 жылға дейінгі мерзімге белгіленген  «Өңірлерді дамыту»  бағдарламасы бойынша, «Халықтың барлық санаттары үшін»  бағытымен Нұрсая мөлтекауданынан 11 тұрғын үй немесе 600 пәтер Қазақстанның  «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі»  АҚ арқылы пайдалануға берілген. Жалпы жыл ішінде 18 көп қабатты үй (1215 пәтер) жаңа қоныстанушыларын тапқан.

Ол атқарылған жұмыстардың ауқымдылығына қарамастан кейбір кемшін қалған, алға қарай қалыпқа келтіретін олқы тұстардың да барын жасырмай ашық айтты. Соңынан журналистердің қойған сауалдарына жауап қайтарды.

 

Төтенше  жағдай 

не үшін жарияланды?

— Шаһардың оң жағалауындағы кәріздік тазарту қондырғыларында орын алған апатты ахуалға байланысты қала әкімінің техногенді сипаттағы, жергілікті маңыздылықтағы төтенше жағдай жариялағаны белгілі. Осыған қатысты не дейсіз?

—  Атырау облысының мемлекеттік экологиялық инспекциясы тарапынан «АтырауСуАрнасы» КМК-на жүргізілген кешенді тексерудің нәтижесі ахуалдың шынымен алаңдатарлық екендігін көрсетті. Қарамағына қала сыртындағы булану алаңы кіретін аталмыш кәсіпорынның қамтуындағы кәріздік тазарту жүйесінің қазіргі жағдайы сын көтермейді. Ағынды сулардың құрамында қоршаған ортаға залалын тигізіп, ауаға таралатын зиянды қалдықтардың шамадан тыс көбейіп кеткендігі анықталып отыр. Ашығын айтқанда, жүйе толықтай дерлік істен шыққан.  Төтенше жағдай жөніндегі комиссия бүгінде қалыптасқан жайдың себеп-салдарын анықтауда. Қорытындысында, бұған жол берген тиісті лауазым иелері жауапкершілікке тартылып, тиісті шаралар алынады. Ал, апатты жағдайдағы нысанды күрделі жөндеуден өткізіп, жаңғыртуға қажетті жобалау-сметалық құжаттары дайындалып, қажетті  қаржы көздері іздестірілуде.

— Осыған дейін жүзеге асырылып келген көп қабатты үйлерді терможаңғыртудан өткізу жұмыстарының жайы не болмақ?

— Осыдан бес жыл бұрын басталған бұл жұмыс биыл да жалғасады.  Егер 2016 жылы қалада 5 көп қабатты үй терможаңғыртумен қамтылып, бұл шаруаға 246 млн. теңге қаражат жұмсалса, 2017 жылы тағы да 11 үйге осындай жұмыстар (қаржысы 500 млн. теңгені құрайды)  жүргізіледі.

— Басты проблеманың бірі – қаладағы қоғамдық көлік қатынасы мен жолаушы тасымалы. Бұл, әсіресе, жыл санап тұрғындарының саны көбейіп келе жатқан нұрсаялықтар үшін шұғыл шешімін күткен мәселе екендігін білесіз. Осыған орай айтар уәжіңіз қандай?

– Автобустардың саны жеткілікті болғанымен олардың қызмет көрсету сапасы мен мәдениеті төмен, қажеттілікті қанағаттандыру мүмкіндігі шектеулі. Орталықтағы маршруттарды негізінен  «АйсТрансХолдинг» ЖШС қамтыса, қалғандарын жеке компаниялар өз міндетіне ал-ған. Оның үстіне, автопарктегі автобустардың біразы ескірген, қосалқы бөлшектер құны мен жанар-жағармай бағасының қымбаттауы, т.б. жағдайлар тасымалдаушыларды тығырыққа тіреп, қыруар шығынға ұшыратуда.  Осыны ескере отырып, келешекте бұл жүйені уақыт талабына сай қайта құрып, қалаішілік маршруттарға мүмкіндігінше үлкен де жайлы автобустарды шығаруды ойластырудамыз.

Бұлардан өзге, брифингке қатысушы БАҚ өкілдері апатты жағдайдағы және ескірген, адамдар тұруға қауіпті тұрғын үйлердің жайына, каналдарды тазарту, ауылдық елді мекендердің көшелеріне жол салу сияқты мәселелерге де назар аударып, осы төңіректе жолдаған сұрақтарына  жауаптар алды.

2016 жылы көгалдандыру жұмыстарына 211,1 млн. теңге бөлінді.

72,7 млн. теңгеге 178 көше мен алаңға түнгі жарықтандыру желісі жүргізілді.

Жасыл желектерді қорғауға 12,6 млн. теңге қаралып, 20 жерге балаларға арналған ойын алаңдары салынды.

Ауылдық аумақтардағы жасанды жайылымдарды суландыруға жергілікті бюджеттен 8 млн. теңге жұмсалды.

Нұрсая мөлтекауданындағы 10 жылыту қазандығына жаңа сорғы құрылғысы сатып алынады.

Қала мен оның аумағындағы зираттарды қоршау жұмыстары басталады.

2017 жылы 801 млн. теңгеге санитарлық тазалық жұмыстары жүргізіледі.

17 млн. теңгеге «Исатай-Махамбет»  алаңы қайта жаңғыртудан өткізіледі.

Әуежай бағытындағы автокөлік жолының екі жағына түнгі жарық шамдары орнатылады.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button