Жарнама
Жаңалықтар

АЛҒАШҚЫ ӨЛЕҢІ «АТЫРАУДА» ЖАРИЯЛАНҒАН

Өзінің табиғи талантының, дарындылығының арқасында жазушы – қазақ әдебиетінің дамуына ерекше үлес қосып, кейінгі ұрпақтарға  бай мұра қалдырған қасиетті өнер иесі.  Берқайыр Аманшиннің тұңғыш өлеңі  қазіргі облыстық «Атырау» газетінде (бұрынғы облыстық «Коммунистік еңбек» газеті) 1942 жылы жарық көрген. Ал, «Өлеңдер» атты тұңғыш жыр жинағы 1954 жылы баспадан шыққан.  Бұдан кейінгі жылдары Берқайыр Аманшиннің «Бұтақтағы бұлбұлдар», «Жетісу-Жайық», «Менің өмірбаяным», «Менің Маңғыстауым» атты прозалық жинақтары, «Махаббат мұңы», «Көкжар» повестері, «Махамбеттің тағдыры» романы басылып шықты. Балаларға арналған «Жылқы фермасында», «Ботақан» аталатын өлеңдер жинақтары оқырмандар тарапынан жоғары бағаға ие болды.

Кеште жазушының өмірі мен шығармашылық жолдары туралы аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі Гүлжан Айсағалиева тартымды әңгімелеп берді. Бұдан кейін сөзді қадірлі ағамыз Төлеп Тілегенов алып, жазушы туралы толғаныстарын жеткізді. Дарынды ақын, көрнекті жазушы, драматург, аудармашы Берқайыр Аманшиннің біз біле бермейтін кейбір өмір деректерінен қызықты әңгімелер шертті. 1997 жылы Қазақстан Республикасы қаулысының шешімімен Қызылқоға ауданының орталығы – Миялы селосындағы  бұрынғы №20 мектепке жазушы Берқайыр Аманшиннің есімі берілді.  Сонымен қатар, Қызылқоға ауылдық округінің орталығы – Қарабау селосындағы кітапхана да жазушы есімімен аталады. 

Жазушының «Таныстық керек», «Жылама, Дәмеш» секілді драмалық туындылары Батыс аймақтардағы  театр сахналарында жергілікті өнерпаздардың орындауында жиі қойылып жүр. Алматыдағы «Достық» даңғылындағы №3 үйдің үшінші қабатындағы  жазушы пәтерінің бір бөлмесінде  мұражай жұмыс істейді. Онда еш жерде жоқ жәдігерлерді көріп, таңғаласыз. Махамбеттің, Исатайдың, Бөкей хандығының, Әбілқайырдың, қазақтың ішінен шыққан тұңғыш генерал  Шәкір Жексембаевтың  дүние-мүліктері, күнделікті тұтынған құрал-жабдықтары сол мұражайда сақтаулы тұр.  Бұдан кейін Төлеп Тілегенов оқырмандардың сауалдарына жауап берді.

 Мағрупа БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ,

Қызылқоға ауданы.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button