Алғаш рет Жайықтан балық аулау сайысы өтті

lovis ryibka bolshaya i malenkaya Жаңалықтар

Атырауда тұңғыш рет әуесқой балық аулаушылар арасында қалалық жарыс өтті. Соған орай Жайық өзені жағасына тоқсанға жуық әуесқой балықшы жиналды.

lovis ryibka bolshaya i malenkaya

– Атырау – балығымен бағалы. Халықтың басым бөлігі бос уақытында балық аулаумен айналысады. Біздің мақсатымыз – әуесқой балықшыларды  біріктіріп, тамаша демалыс сыйлау, – дейді облыстық аңшылар мен балық аулаушылар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Асылтек Испусинов. – Жуырда балық аулау науқаны ашылды.

Жеңімпаздар бірнеше аталым бойынша анықталды. Атап айтсақ, ең бірінші ауланған балық, қармаққа ілінген ең үлкен олжа, балықшылардың жасы  сарапқа алынды.

«Ең жас қатысушы» атанған тоғыз жасар Шыңғыс Әділхан аулаған жайынның салмағы – 2,700 грамм. Ол екі номинация бойынша марапатталып, жалпы есепте І орынды қанжығасына байлады. Ал, ІІ орын Мырзағали Досқалиевке берілді. Оның қармағына ілінген балықтың салмағы 860 грамды құрады. ІІІ орынды Сапарбек Бейсенбеков иеленді (650 грамм).

«Ең сүйкімді қатысушы» номинациясының жүлдесін Ақбота Ерсайын еншілесе, «Жасы үлкен қатысушы» аталымын Өтеуіл Аманиязов жеңіп алды.

Ұйымдастырушылар бұл турнирді жылына екі рет өткізуге ниет білдіріп отыр.

Сіз не дейсіз?

Ақбота ЕРСАЙЫН,

«Ең сүйкімді қатысушы» аталымының иегері:

Балық аулауды ұнатамын

– Жасым 16-да. Қармақты алғаш рет қолыма бес жасымда алдым. Бұл кәсіппен әкем айналысады. Бала кезімде қасынан қалмай, балық аулауға бірге еріп баратынмын.

Менің сүйікті ісіме таңғалатындар да бар. Бірақ, балық аулағанда өзімді сергек сезініп қана қоймай, табиғатпен, өзенмен «тілдесемін».

***

Мырзағали ДОСҚАЛИЕВ,

ІІ орын иегері:

Турнир дәстүрге айналса…

– Мұндай турнир ұйымдастырылғанына қуаныштымыз. Бұл көптен күткен шара еді. Балық аулау – бұқаралық спорт түрі. Сондықтан, мұны дамытуға Атырауда мол мүмкіндік бар.

Суреттерді түсірген: Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз