АЛҒА БАСТАР ӘРІПТЕСТІК

Кеше Ақордада Қазақстан, Ресей және Беларусь елдерінің Президенттері кездесіп, үшжақты кездесу өткізді. Онда ғаламдық экономикалық дағдарыстың Еуразиялық экономикалық одақ құрамындағы елдерге әсерін еңсеру мәселесі талқыланды.

Мемлекет басшыларының кездесуі барысында ағымдағы мәселелер, оның ішінде Ұлы Жеңістің 70 жылдығын атап өтуге дайындық шаралары, әлемдегі және өңірдегі ахуал жайы да қаралды.

«Үстіміздегі жылы Еуразиялық экономикалық одақты үлкен сын күтіп тұр. Қазіргі дағдарыс ол, әсіресе, өңірлік және де әлемдік болып табылады. Оның туындауына біздің энергия тасымалдаушылар мен тауарларға бағаның күрт төмендеуі әсер етті. Осыған байланысты Еуразиялық одақта да тауар айналымы төмендеді. Біз мұндай тәуекелдер болуы мүмкін екенін білдік. Осы орайда біздің мақсатымыз тиісті келісімдер жасап, біздің үкіметтер іскерлік түрде барлық іс-қимылдарды талқылауға негізделуі керек. Менің ойымша, 2015 жылы Еуразиялық экономикалық одақ үшін үлкен тәуекелдер мен сын-қатерлер бар» деді Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев.

«2007-2009 жылдардағы дағдарыс жаһандық сипатта болған еді, ал қазіргісі өңірлік бағыт алып отыр және энергия ресурстары мен біз өндіріп жатқан тауарлар бағасының төмендеуінен туындады. Біз мұндай қатердің боларын болжадық, ендігі міндетіміз – бірлескен шаралар әзірлеп, осы кезеңнен сәтімен өтіп шығу» деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшылары, сонымен бірге, сауда-экономикалық, инвестициялық, транзиттік-көліктік ынтымақтастықтың басымдығы бар салалар мәселелерін де қарастырды.

Өзара іс-қимылдың қазіргі ахуалы мен екіжақты қарым-қатынастардың одан әрі даму жайын талқылау үшін де бұл кездесудің маңызды екендігін атап өткен Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Алда алуан түрлі оқиғалар тұр, соның ең бастысы – Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығы. Сонымен қатар, біздің еліміз ТМД-ға төрағалық етеді, осыған байланысты Астанада Достастық мемлекеттері басшыларының кездесуі өтетін болады. Бұдан бөлек, Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ынтымақтастығы форумын өткізу жоспарланған. Жалпы, екіжақты іс-қимылдың көптеген мәселелері тиісінше шешілуде» деді.

Ресей көшбасшысы Владимир Путин үшжақты кездесу өткізу туралы бастамасы үшін Қазақ Президентіне алғыс айтты. «Біз үшін жақын серіктес және одақтастың бірі болып саналатын Қазақстанға әрдайым зор ықыласпен келемін. Әлемдік экономикадағы ахуал оңай болып тұрған жоқ. Қазақстанда және бүкіл посткеңестік кеңістікте, соның ішінде Сіздің тікелей қатысуыңызбен құрылып жатқан экономика мен әлеуметтік сала жұмысының негіздері қиындықтарды еңсеруге септігін тигізеді деп сенемін. Әрине, біз мұны бұдан бұрынғы жылдардағыдай  бірлесіп атқарсақ, бүгінгі қалыптасқан қиын жағдайдан оңай шыға аламыз»  деді Ресей Президенті.

Беларусь елінің Президенті Александр Лукашенко «Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерейтойы жылында Еуразиялық экономикалық одақ елдері экономикалық тұрғыда өздерінің бірлігін көрсетуі тиіс» деп мәлімдеді.  «Әр жылда біз қандай да бір сын-қатерлерге іс-қимыл жасауға мәжбүрміз. Алайда, біз құрған Еуразиялық экономикалық одақ қысқа мерзімде біздің бастамамыз бекер еместігін байқатып отыр. Біз ауқымды көлемдегі құжаттарды қабылдадық. Одақ аясында осы сын-қатерлерге тиісті іс-қимылдар жасауымыз қажет»  деді ол.

Елімізге кезекті іссапармен келген Беларуссия Президенті Александр Лукашенкомен арада сауда-экономика, инвестиция, өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы салаларындағы ынтымақтастықты қамтитын Қазақстан-Беларусь қарым-қатынасының негізгі мәселелері талқыланды. Қазақстан Президенті екіжақты ынтымақтастық аясында елдеріміз қол жеткізген барлық уағдаластықтар табысты орындалып жатқанын атап өтті. Осыған байланысты Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев екі елдің көптеген бірлескен кәсіпорындары жұмыс жүргізіп жатқанына назар аудара келіп, бұл істің алдағы уақытта да жалғасатынын айтты.

***

Қазақстан Республикасы, Беларусь Республикасы және Ресей Федерациясы Президенттері кездесуінің қорытындысына арналған бірлескен брифинг    өткізілді.  Қазақстан Президенті  үш  ел экономикасының биылғы дамуы бұдан арғы  ықпалдастықтың мәселелерін егжей-тегжейлі қарастыруды және туындайтын мәселелерді шешуді қажет ететінін атап өтті.

–  Экономикадағы дағдарыс құбылыстарын еңсеру жөніндегі іс-қимылдардың бірлескен жоспарын әзірлеу маңызды. Бүгінгі кездесу нақ осы тақырыпқа арналды. Біз сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамытуға уағдаластық. Үкіметтерімізге өзара сауда өсімін қайта жаңғырту жөнінде шаралар қабылдауды тапсырдық, – деді Мемлекет басшысы.

– Біздің елдерімізді сауда және инвестициялық тығыз байланыстар біріктіреді. «Үштіктің» ІЖӨ жиынтық көлемі ТМД-ның жалпы өнімінің 85 пайызын құрайды. Біз орасан өндірістік және ғылыми әлеуеті бар ірі нарық қалыптастырудамыз. Ресей Қазақстан мен Беларусьтің сыртқы саудасында бірінші орын алады. Өткен жыл қорытындысы бойынша Ресейдің осы екі елмен тауар айналымы 60 миллиард долларды құрады. Ал, Беларусь пен Қазақстан Ресей Федерациясының сауда теңгерімінде үшінші орынды иеленіп отыр, – деді В.Путин.

Ресей Президенті үш елдің өнеркәсіптік-технологиялық кооперация, машина жасау, ғарыш және энергетика салаларындағы байланыстары нығайып келе жатқанына назар аударды.

А.Лукашенко кездесу барысында үш елдің өзара ықпалдастық бағыты, сондай-ақ орнықты әрі өзара тиімді ынтымақтастықты нығайту мақсатында сауда, ақша-несие және басқа салаларда қабылдануы қажет шаралар талқыланғанын айтты.

–  Бұдан арғы іс-қимылдардың барлық бағыттары бойынша ұстанымдардың сәйкес келуі біздің кездесуіміздің қорытындысы болды. Біз сауда-экономикалық ынтымақтастықты әлемдік конъюнктураның жаңа жағдайлары мен елдеріміздің экономикаларындағы қазіргі ахуалды ескере отырып, дамыту үшін қосымша шарттар қалыптастыру жөнінде нақты қадамдарды белгіледік, – деді Беларусь Президенті.

            «akorda.kz», «ҚазАқпарат» материалдары негізінде дайындалды.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз