«АҚМЕШІТКЕ АЗАППЕН ЖЕТЕМІЗ…»
Алайда, осы мекенге жетер жол қазіргі таңда күрделі жөндеуді қажет етуде. Тозығы жеткен тас жолдың азабы жайлы аз айтылып жүрген жоқ. Ал, күні кеше бұл мәселе үлкен мінберден айтылып, Үкімет басшысына жол тартты.
Мәжілісте Палата Спикері Қабиболла Жақыповтың төрағалығымен өткен жалпы отырыста депутат Еркін Шпанов Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовке депутаттық сауал жолдады.
«Ақмешіт – өткен ғасырдың әсем өрнегіндей бүгінгі мешіттердің көріктісінің бірі. Осы киелі жерге сыйынып, бабаның басына түнеп, оның рухы желеп-жебей жүрсін деген сеніммен, еліміздің түкпір-түкпірінен, одан қалса көршілес Ресей жері мен өзге де шетелдерден жылына сан мыңдаған халық тәу етуге барады. Қаншама азаматтар бабаның басына жету үшін жол азабын тартып отыр. Өйткені, бабаның басына барар жолды тіпті жоқ деуге болады. Ұлт болып ұйығанымыздың белгісі ретінде, арғы-бергі тарихымыздың ірі тұлғаларына баға берудің нақты тарихи мүмкіндіктері ашылған тұста біз барымызды бағалай білуді үйрену үшін, осындай озып туған ардақтыларымызды, рухани көсемдерімізді есімізден тыс қалдырмауымыз керек» деген ол Құлсары-Ақкиізтоғай аралығындағы 34 шақырым тас жолын жөндеуден өткізуге, Ақкиізтоғай-Ақмешіт аралығындағы 31 шақырымдық ескі жол орнына тас жол салып, бабалардың басына барушылардың кедергісіз жету мүмкіндігіне көмек беруді сұрады.